Ширек финалдағы екі жұптың ойындары бейсенбіге ауған түні өтті. Тұманды Альбионда "Манчестер Юнайтед" азуын айға білеген "Барселона" клубын қабылдап, өз жанкүйерлері алдында ұтылып қалды. Табан тірескен дүлей додада Каталония клубының жұлдыздары "Олд Трафорд" стадионынан үш ұпай олжалап қайту үшін аянған жоқ.
Жалқы гол бірінші таймда соғылды. Лионель Мессидің әуелете асырған пасын Луис Суарес басымен қақпаға қарай бағыттаған. Шыр айналған теңбіл доп МЮ қорғаушысы Люк Шоуға тиіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты. Италия төрешісі Джанлука Роккиге бұл голды есепке алу VAR жүйесіне жүгінуге тура келді.
Тартысты өткен ойында екі команданың ойыншылары да аянған жоқ. Бірде Крис Смоллинг допқа ұмтылған Мессидің туу сыртынан атылып, Аргентина саңлағының мұрнын бұзып, қабағын жарды. Бірақ төреші оған ескерту бермеді. Леоға дәрігерлдердің көмегі қажет болып, ойын біраз тоқтап қалды.
"Барселонаның" орталық қорғаушысы Жерар Пике бірнеше рет алаң иелерінің қауіпті шабуылдарын тойтарып, әуелеп келген доптың бәрін дерлік кері қайтарды. Ал МЮ қақпашысы Давид Де Хеа қонақтардың жұлдыздарына гол соққызбай, бар өнерін паш етті. Әсіресе, екінші таймда қонақтардың өте қауіпті бір-екі шабуылын тойтарғаны есте қалды.
Екінші жұптағы ойын Амстердамда өтіп, тең аяқталды. Чемпиондар лигасының 1/8-финалында әйгілі "Реал" клубын Мадридте ойсырата ұтып, көпшілікті таң қалдырған "Аякс" ширек финалда "Ювентусқа" тап болған. Бұл жолы да жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Қазіргі таңдағы Италияның ең үздік командасына дес бермеді.
Айтпақшы, "Ювентус" жанкүйерлері Криштиану Роналду үшін дегбірсізденіп, алаңдаған болатын. Себебі ол "Еуро-2020" додасының іріктеу кезеңіндегі Португалия мен Сербия арасындағы ойында жарақаттанып қалған болатын. Содан бері Италия чемпионатындағы үш ойында алаңға шықпаған-тын. Алайда "Йохан Кройфф Арена" стадионындағы матчта негізгі құрамда ойнады.
Бірнеше күн ойнамағандықтан ба, басында Криштиану Роналду көзге түспеді. Әйтсе де, бірінші таймның соңында басымен гол соғып, туриндіктерді алға шығарды. Міне, тәжіриебе, деңгей деген осындай болса керек! Бірақ "Ювентус" жеңісті есепті уысында ұзақ ұстап тұра алмады. Екінші тайм басталған бетте алаң иелері таразы басын теңестірді.
Жалпы, "Аякс" өзін жанкешті, тізгін тартпай, алға ентелей беретін команда ретінде көрсете білді. Бірақ қонақтарын қанша тықсырып, олардың қақпаларын тыным таппай тоуылдағандарымен, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға келгенде тәжірибелері аздық етті...
Енді түзде ұтылмаулдары керек. Кім біледі, бәлкім, Мадридтегідей көсіле сілтер. Осы ретте айта кетейік, осы екі жұптағы қарымта матчтар 16 сәуір күні өтеді. Әзірше, "Барселона" мен "Ювентус" клубтарының жағдайлары көш ілгері деуге болады. Өз алаңдарында мақсаттарына жету оңайырақ болуы тиіс...
Чемпиондар лигасы. Ширек финал. Бірінші ойындар
"Манчестер Юнайтед" – "Барселона" – 0:1
"Аякс" – "Ювентус" – 1:1
Бір күн бұрын өткен ойындар:
"Тоттенхэм" – "Манчестер Сити" – 1:0
"Ливерпуль" – "Порту" – 2:0
Маруан Түсіп