АХҚО биржасы жаңа жылдан бастап сауда жүргізеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3327

Ертең, 5 желтоқсан күні АХҚО тәуелсіз сотының судьялары ант береді.

АХҚО биржасы жаңа жылдан бастап сауда жүргізеді

Қайрат Келімбетовтің қателесуге құқығы болмайды. Бұл туралы үкімет отырысында премьер Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің хабарлауынша, қаржы орталығының ресми тұсаукесері мен ашылу салтанаты алдағы жылдың шілдесіне жоспарланып отыр. Бірақ орталық биржасы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауда жүргізуге әзір көрінеді.

"Осыдан тура екі жыл бұрын 2015 жылғы 7 желтоқсанда "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" конституциялық заң қабылданды. Бұл заң бойынша орталық алдына мынадай міндеттер қойылды: біріншіден, біз тартымды орта жасау арқылы Қазақстанның экономикасы мен қаржы саласына инвестиция тартуға жәрдемдесуіміз керек. Екіншіден, еліміздің бағалы қағаздар нарығын дамытуды, оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Үшіншіден, Қазақстандағы сақтандыру, банктік қызмет көрсету нарығын және исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ықпал етеміз. Төртіншіден, озық халықаралық тәжірибе негізінде қаржылық және кәсіби қызмет көрсетуді дамытуымыз қажет. Ал бесіншіден, қаржы орталығы ретінде халықаралық деңгейде танылу міндеті тұр", – деді Қайрат Нематұлы.

Айта кетсек, Қайрат Келімбетов 2015 жылдың желтоқсанында осы лауазымға тағайындалған болатын. Содан бері бюджеттен жалақы алып келеді. Өзі мойындағандай, АХҚО-дағы ірі лауазым иелерінің жалақысы миллион теңге айналасын құрайды екен. Ол биыл өзіне және орталық қызметкерлеріне бонус қарастырылмағанын айтады. Сонда орталықтағылар екі жыл бойы не бітірді?

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, қаржы орталығы 1 қаңтардан бастап, өз жұмысын тиімді жүргізуге кірісуі үшін орталықтың әкімшілігі үкімет және Ұлттық банкпен бірлесіп, қажетті инфрақұрылымды дайындауда ауқымды жұмыс атқарыпты.

"Мысалы, бізде қажетті жағдай мен бизнес-климаттың, нормативтік құқықтық инфрақұрылымның жасалуы инвестицияларды тартумен қатар қаржылық қызмет көрсетудің жергілікті нарығын дамытуға да көмектеседі. Сондай-ақ алдағы жылдарға арналған дамудың негізгі бағыттары белгіленді. Мемлекет басшысының тиісті жарлығына сәйкес елбасы өзі төрағалық ететін және мемлекеттік органдардың негізгі мүшелері қатысатын қаржы орталығын басқару кеңесі қалыптастырылды. Үкімет және Ұлттық банкпен іс-қимыл жасаудың егжей-тегжейлі жоспары жасалды. Бірқатар жобалардың толық жол карталары дайындалды. Ведомствоаралық комиссия құрылды. Осы бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылдың бірінші қаңтарына дейінгі орталық инфрақұрылымының толықтай дайындығы қамтамасыз етіледі", – деп термеледі ол.

Сонымен, 2018 жылы АХҚО алғашқы транзакцияларға толық дайын болады екен. Орталық басқарушысы АХҚО іске қосылған соң қандай шаралар мен қадамдар жасалатынына тоқталды.

"Қазірдің өзінде қаржы орталығы жергілікті сараптаманың орталығына айнала алады. Ал ұлттық компаниялардың акцияларын жария орналастыру, яғни IPO-сын өткізу капиталдың жергілікті нарығын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл Астананың алаңын өңірлік нарықтарға ілгерілету мүмкіндігін кеңейтеді. "Жасыл" қаржыландыру, исламдық қаржы, қаржы технологиялары секілді жаңа бағыттарда икемді реттеу мен сараптамалар жасау орталыққа жаһандық нарықта өз орнын иеленуге мүмкіндік берді. Егер 2018 жылы біз акциялар мен қарыз құралдарының шығарылуын қамтамасыз етсек, онда жақын болашақта орталық биржасында Еуразия экономикалық одағы компанияларының акцияларына арналған депозитарлық қолхаттарды, тауарлық және туынды құралдарды қоса алғанда Қазақстан нарығы үшін жаңа құралдар іске қосылуы мүмкін", – деді ол.

Айтқандай, Қазақстанның қор нарығын дамыту мақсатында, ең бірінші кезекте "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры компанияларының листингі мен IPO-сы, яғни оларды жекешелендіру енді тек "Астана" орталығы алаңында ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Қайрат Келімбетов қаржы орталығы елге инвестицияларды тартудың негізгі драйвері болатынына уәде етті.

"Сондай-ақ ол еліміздің барлық компаниялары мен өңірлері үшін "қаржы агенті" атанады. Сонымен бірге орталық жаңа экономикалық Жібек жолын дамыту аясында өңірге инвестиция тартудың кеңсесіне айналады", – деді ол.

Үкімет отырысында мәлімделгендей, ағылшын тілінде жүретін және британ құқығына негізделетін орталықтың тәуелсіз соты мен халықаралық төрелік орталығы құрылыпты.

"Бұл ретте жаһандық қаржы орталықтарының, соның ішінде Гонконг, Сингапур, Дубай және басқалардың сәтті тәжірибелері зерделенді. Халықаралық серіктестеріміз – Дубай халықаралық қаржы орталығының төрелік орталығы және Англия мен Уэльстің бұрынғы жоғарғы судьясын қоса алғанда Ұлыбританияның үздік сарапшыларының қолдауымен орталықтың нормативтік құқықтық базасы әзірленді, олар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ертең орталық соты судьяларының ант беру рәсімі өтеді", – деп жария етті АХҚО басқарушысы.

Ол "Астана" қаржы орталығында жұмыс істейтін компаниялардың отандық компаниялардан ерекшеленетін жеке "БИН"-і (бизнес сәйкестендіру нөмірі) болатынын мәлімдеді.

"Қаржылық тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін ел үкіметімен бірлесіп, орталықтың қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті құрылды. Қаржы қызметтері саласындағы британдық заңгерлердің көмегімен орталықтың төл қаржылық заңнамасының негізгі ережелері әзірленді. Комитеттің директорлар кеңесі бірнеше айдан бері жұмыс істеуде. Кеңестің құрамына әлемдік, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Австралия мен Дубай қаржы орталығында жұмыс істейтін сарапшылар кірді. Әділет министрлігімен бірлесіп, орталықтың заңды тұлғалары-қатысушыларын құру мен тіркеудің тәртібі бекітілді және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімімен интеграция жүзеге асырылды. Резиденттер арнайы бөлінген бизнес сәйкестендіру нөмірлерін алуда. АХҚО қатысушыларының деректерін сақтау мен өңдеудің ақпараттық жүйелері енгізілуде", – деді Қайрат Келімбетов.

Ол "Астана" қаржы орталығының төрттен бірінен астамын қытайлар иеленетінін жеткізді. 

"Шанхай қор биржасы мен ең жиі қолданылатын сауда платформасын енгізген Nasdaq біздің орталық әкімшілігінің серіктестері атанды. Шанхай қор биржасымен арамызда акционерлік келісім жасалды, соған сәйкес Шанхай биржасы 25,1%-дық үлесімен орталықтың жаңа биржасының акционері атанады, бұл біз үшін Қытайдың инвестициялық қаржыларына жол ашады. Бұдан басқа, Nasdaq, Inc және бірқатар ірі халықаралық қаржы институттары орталық биржасының капиталына кіруді қарастыруда", – деді АХҚО басқарушысы.

Енді қазақстандық бай адамдар өз қаржылары мен активтерін сенімді басқаруды жүргізу үшін мұхит асып, жатжұрттардағы офшорларға бармай-ақ қоюларына болады екен. Дегенмен, бұл ретте қаржы орталығының басшылығы өздеріне қосымша мандат-құзыр беруді сұрап отыр.

"Жеке тұлғалардың активтері мен дәулетін басқару жөніндегі шетелдік және жергілікті компаниялармен жұмыс жүргізілуде. Аталған нарықты дамыту орталық алаңында инвесторлардың зор сеніміне ие үздік басқарушы компаниялардың болуымен байланысты. Осы мақсатта инвестициялық банкингтің көшбасшыларымен жүйелі негізде ақпараттық алмасу жолға қойылды. Сингапур, Малайзия, Гонконг өз қаржы орталықтарын қалыптастырудың бастапқы кезеңінде активтерді басқару нарығын дамыту және үздік халықаралық басқарушы компанияларды тарту мақсатында зейнетақы және егеменді қорлардың қаражатын басқаруға берген болатын. Біз келіссөздер жүргізген көптеген басқарушы компаниялар егеменді қорлардың активтерін басқаруға мандаттар берілген жағдайда орталық алаңында оқшаулануға әзір екендерін білдірді", – деген Қайрат Нематұлы Бақытжан Сағынтаевқа осы мәселені жеке жиналып, талқылау үшін премьердің төрағалығымен оңаша кеңес өткізуді ұсынды.

Жалпы алғанда, "Астана" қаржы орталығы ЭКСПО-ның бұрынғы көрме-кешенін тұтас баспай, тек С3 және С4 павильондарын ғана пайдалануды жоспарлап отырған көрінеді. Бұларда қазір жөндеу және жабдықтау жұмыстары жүргізілуде және олар тек келесі жылы ғана қолданысқа беріледі.

"Аталған мәселелерді шешуге үкіметтің жәрдемі қажет, бұл мәселелер бірлескен іс-қимылдар жоспарын іске асырудың жол картасында көрсетілген. Сіздер мақұлдаған жағдайда үкімет пен Ұлттық банкке баяндалған мәселелерді қаржы орталығымен бірлесіп, белгіленген мерзім ішінде шешуді тапсыру мүмкін болар еді деп санаймыз", – деп қорытты сөзін Қайрат Келімбетов.

Мұны естіген үкімет жетекшісі өзінің орынбасары Ерболат Досаевқа жария етілген мәселелерді ай соңына дейін пысықтап шығуды және олардың орындалуын жеке бақылауға алуды жүктеді.

"Тұтастай алғанда, орталықтан көп үміт күтіліп отыр. Біз бұл істі табысты әрі дұрыс бастап кетуіміз қажет. Әйтпесе бұған дейін бүкіл әлемді араладық, барлығына орталық туралы әңгімеледік, келуге, белсенді қатысуға шақырдық. Әлемдік ірі қор биржаларымен тиісті келісім бекіттік. Ертең олармен жұмыс істеуді, ынтымақтасуды және кездесуді бастаймыз", – деген премьер Бақытжан Сағынтаев қаржы орталығы басшылығының қателесуге құқығы жоқтығын нықтады.

Үкімет жетекшісі АХҚО басқарушысы айтқан кілтипандарды желтоқсан айында шешіп тастауды тапсырды.

"Сонда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ұлы дала елінде қаржы орталығы ашылғанын бүкіл әлемге жариялаймыз!" – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу