АХҚО Дубаймен тәжірибе алмасады

19697

"Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бірқатар келісімге қол қойды.

АХҚО Дубаймен тәжірибе алмасады

АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында Дубай халықаралық қаржы орталығының басшысы Исса Казиммен, Дубай ислам экономикасын дамыту орталығының бас атқарушы директоры Абдулла Мұхаммед әл-Ауаармен, сондай-ақ Calatrava International компаниясының бас директоры Микаэл Калатравамен кездесіп, келіссөз жүргізді.

Кездесу мен қол жеткізген уағдаластық нәтижесінде АХҚО және осы ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы екі жақты келісімге қол қойылды. Қол қойылған келісімдерді іске асыру – ислам экономикасы мен қаржысы саласында ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге "Абу-Даби Глобал Маркет" (АГДМ) өкілдері және АХҚО өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қойылған құжат қаржылық, оның ішінде банк қызметі, құнды қағаз нарығын реттеу мен дамыту, жалпы қаржы нарығы саласында тәжірибе алмасуға көмектеседі деп жоспарланып отыр.

Бұл келісім аясында екі қаржы орталығын дамытуға бағытталған АДГМ мен АХҚО-ның бірлескен жобаларын іске асыру қарастырылып отыр деп атап көрсетілді.

"Абу-Даби Глобал Маркет" төрағасы Ахмед Әл Сайех қаржы орталығына келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіріп, АГДМ мен АХҚО-ның экономиканы әртараптандыру бойынша мақсаттары бір екенін, сондықтан тәжірибе алмасу маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстанның бизнес-ортасының өкілдері Біріккен Араб Әмірліктерінің кең капитал нарығына шыға алатынын да айтады.

АХҚО басшысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, АХҚО міндеті – халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда және аймақта қаржылық қызметті дамыту.

"Біріккен Араб Әмірліктерімен қаржы қызметі секторында ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп отырғанымыз көңіл қуантады. Астанада әлемдік деңгейдегі қаржы орталығын құруға тырысамыз. Осы мақсатқа жетуде Абу-Даби тәжірибесін үлгі тұтамыз. Қол қойылған меморандум біздің және серіктес-елдердің экономикасына қызмет ететін қаржы нарығын жақсартуға негіз болатын ортақ бастамаларды қолдануға мүмкіндік береді", – деді Қайрат Келімбетов.

АХҚО-ның мақсаты – халықаралық деңгейдегі алдыңғы қатарлы қаржы қызметі орталығын қалыптастыру. Міндеті – қаржы қызметі саласында инвестиция салу үшін тартымды ортаны жасау арқылы ел экономикасына инвестиция тартуға көмектесу, Қазақстанның құнды қағаз нарығын дамыту, оны халықаралық капитал нарығымен біріктіруді қамтамасыз ету.

Абу-Даби (Abu Dhabi Global Markets – ADGM) қаржы орталығы бизнесті салықсыз ортада жүргізуге, халықаралық нормативтік-құқықтық ортада жеке тәуелсіз сот жүйесімен және тіркелген барлық компания үшін заңнамалық инфрақұрылыммен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қаржы орталығының аумағы – 114 га. Ол жерде 250-ден астам компания тіркелген, оның ішінде жергілікті кәсіпорын, қаржылық және қаржылық емес салада жұмыс істейтін халықаралық компаниялар бар.

"Дубай" (DIFC) халыралық қаржы орталығы еркін қаржы-экономикалық аймағы саналады. 2005 жылы қыркүйек айында ашылып, 2008 жылы аты NASDAQ Dubai болып өзгерген DIFX жеке биржасының болуы – орталықтың негізгі ерекшелігі. Сондай-ақ тәуелсіз құқықтық реттеуді іске асыратын DIFC соты орталықтың дербестігін қамтамасыз етеді. DIFC судьялары жалпы құқықтың алдыңғы қатарлы заң құзіретінің, оның ішінде Англия, Сингапур және Гонконгтың жоғары санатты мамандары. DIFC жұмысын Дубай (Dubai Financial Services Authority) қаржылық қызметті реттеу агенттігі бақылайды.

Дубай ислам экономикасын дамыту орталығы (DIEDC) 2013 жылы Дубайды ислам экономикасының дүниежүзілік астанасы ретінде дамыту мен ілгерілету мақсатында құрылған.

CALATRAVA International компаниясы Calatrava Grace Corporation (CGC) компаниясының еншілесі. CGC компаниясы жылжымайтын мүлікке салынатын инвестицияның барлық аспектісін қарастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу