АХҚО-ға 100 компания тіркелді

10026

China development Bank, Сurtismallet-prevost, Hajj international Asset Management сынды ірі халықаралық ұйымдар Қазақстанның қаржы орталығына сенім білдірді.

АХҚО-ға 100 компания тіркелді

"Астана" халықаралық қаржы орталығы елорда да халықаралық құқықтық конференция өткізді. Жиынға халықаралық қаржы және инвестициялық компаниялардың, сондай-ақ Baker & McKenzie, White & Case, HFW Law Firm Curtis сынды әлемге танымал заң фирмаларының жетекші мамандары қатысты.

Сырқаттанып қалуына байланысты АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов конференцияға келе алмады. Оның қатысушыларға арнаған құттықтау хатын "АХҚО әкімшілігі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әйтенов оқыды.

"АХҚО ағылшын құқығына негізделген және әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына сай қызмет көрсететін қаржы институты. Орталық Қазақстанға келетін инвесторлардың санын арттыруға күш жұмсайды және халықаралық деңгейде қаржылық қызмет көрсетеді. Бүгінгі конференцияның мақсаты АХҚО-ны және оның органдарын ктаныстыру ғана емес, сонымен бірге АХҚО-ның құқықтық моделіне қатысты мәселелерді талқылау үшін тұғырнама құру. Біз серіктестеріміз үшін қауіпсіз экожүйе қалыптастыруды сонымен қатар оларға құқықтық қолдау көрсетуге кепіл болуды көздейміз", – депті құттықтау хатында  Қайрат Келімбетов.

Біле жүріңіз, АХҚО жанынан ағылшын құқығына негізделген сот құрылған. Ол қаржы орталығының қатысушыларына халықаралық заң талаптары бойынша қызмет көрсетеді. Мұндағы тәуелсіз сот пен халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. АХҚО-ның Англия мен Уэльстен келген 9 судьясын президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған. Судьяларды Англияның бұрынғы жоғарғы судьясы лорд Вульф басқарады. Ал арбитражды орталыққа 23 халықаралық арбитраж енген.

Халықаралық рейтинг агенттіктерінің сараптауынша, АХҚО әлемдегі 100 қаржы орталығының ішінде 61- орында, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі қаржы орталықтарының арасында 2-орында тұр.

2018 жылдың 1 шілдесіне дейін қаржы орталығына 50 компания тіркелді. Сол кезде АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов: "Жыл соңына дейін орталыққа 100, ал 2020 жылға дейін 500-ден астам компания тіркеледі", – дегенді айтты. Алғашқы меже мерзімінен бұрын орындалған екен. Бұл туралы "АХҚО әкімшілігі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әйтенов: "Бүгінге дейін АХҚО-ға 100 компания тіркеліп үлгерді. Алдағы 5 жылда 50 млрд доллардың келісімін жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Соңғы кезде АХҚО-ға БАӘ, Германия, Сингапур сынды мемлекеттердің кәсіпкерлері түрлі ұсыныспен шыға бастады", – деді.

Естеріңізге салайық, "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға елбасы 2015 жылы желтоқсан айында қол қойды. АХҚО құрылғанда оның қатысушыларына 50 жылға дейін салық төлемеу құқығы берілді. Сонымен қатар визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдік жасалатыны нақтыланды. 

Қор нарығын дамытатын қатысушыларға жайлы жағдай жасау үшін АХҚО биржасы құрылды. Бүгінде бұл биржаның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысып жатыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу