АХҚО өзінің 500-"клиентін" тіркеді

7653

Astana халықаралық қаржы орталығының қызметіне 42 елдің компаниясы жүгініп отыр.  

АХҚО өзінің 500-"клиентін" тіркеді

Astana Finance Days халықаралық қаржы конференциясы қарсаңында АХҚО қызметіне жүгінуі шетелдік компаниялар саны арта түсті. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтандағы қаржы орталығының қызметіне ресми тіркелген компаниялар тізімі конференцияның соңғы күнінде 500 деген санмен түйінделді.

Бұл 500 компания әлемнің 42 елінен тіркелген. Қазақстанның өзінен бөлек Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Ресей, Эстония, Латвия, Италия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Үндістан, БАӘ, Түркия және тағы басқа да елдердің компаниялары бар. Бүгінде мәмілелерді ашық және тиімді жасасу үшін АХҚО өз қатысушыларына қаржы құралдары мен тетіктерінің кең спектрін ұсынады.

Ал 500-компания болып ресми тіркелген ұйымның толық атауы – Swissfe Central Asia LTD. Ол Германияда, Голландияда, Австралияда, АҚШ-та, Қытайда, Үндістанда, Малайзияда, Ұлыбританияда, Сербияда, Чехияда, Оңтүстік Кореяда, Испания мен Данияда жылжымайтын мүлік пен активтерді басқарумен айналысады. Жаһандық ауқымда жұмыс істейтін инвестициялық компанияның 2020 жылғы активі 1,8 млрд швейцариялық франк деп бағаланған. Swissfe LTD өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық активтерге ерекше назар аудара отырып, жоғары сапалы инновациялық активтерге инвестиция салады.

Бұл айтулы күнді АХҚО басшылығы жаңа кезеңнің бастауына балап отыр.

"АХҚО ресми ашылғанына 2 жылдан асты. Осы уақыт ішінде біз ең жауапты кезеңді еңсердің десе де болады. Орталықтың инфрақұрылымын қалыптастыру шарасы өз мәресіне жетіп қалды. Енді біртіндеп іскерлік белсенділікті арттыруға күш саламыз. Ол белсенділік өңірге инвестиция тартумен тығыз байланысты болмақ. Бүгінгі 500-компанияың ресми тіркелуін дамудың жаңа кезеңі деп айтуға болады. Көптен күткен сатыға аяқ басқанымызды қуана хабарлаймыз", –  АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов.

Business Connect компаниясының бас директоры Джеймс Мартин де швейцариялық компанияның елордадағы қаржы орталығын таңдауын айтулы оқиға деп бағалады.

"Біздің AIFC Business Connect компаниясы  Astana халықаралық қаржы орталығының артымдылығын арттырып, нарықтағы әлеуетін алға оздыруға күш салып келеді. АХҚО базасында құрылған комапниялардың бизнесті жүргізу жеңілдігін қамтамасыз ету арқылы біз қызметімізге жүгінуші ұйымдардың коммерциялық мақсаттарын барынша қолдаймыз. Мен Swissfe Central Asia LTD компаниясының АХҚО-ның қатысушысы ретінде өз бизнесін дамыту туралы шешім қабылдағанына қуаныштымын", – ол.

Swissfe Central Asia LTD компаниясының Нұр-Сұлтанды таңдауында өзіндік саясат жатқанға ұқсайды. Компанияның басқарма төрағасы Гокан Есілгоз мұндағы мәмілелер ағылшын құқығын негізге ала отырып жасалатынын ерекше атады.

 "АХҚО халықаралық инвестициялық компаниялар үшін тамаша платформа ұсынады. Атап айтқанда, өзімізге бұрыннан таныс ағылшын құқығы мен салық жеңілдігі, шетелдік инвесторларды қолдау ұсынылып отыр. Біз Қазақстандағы инвестициялық портфеліміздің жаңа мүмкіндіктерін қазірден көріп отырмыз", – деді Гокан Есілгоз.

АХҚО-ның бапасөз қызметінің хабарлауынша, орталық өз қызметін банк ісі, сақтандыру, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, исламдық қаржыландыру, несиелік рейтингтер, заңгерлік кеңес беру, бухгалтерлік есеп, холдинг компанияларының қызметі және басқа да салаларында көрсетеді. Қазірдің өзінде АХҚО-ға тиесілі банк секторының активтері 365 млн АҚШ долларына жетткен. Сондай-ақ, капитал нарығы да өсім көрсетіпті. Ал тартылған акционерлік капитал 291 млн АҚШ долларын құраған.

Есжан Ботақара

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу