АХҚО және тарихи төрт дерек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2468

Халықаралық қаржы орталығының Астанада құрылуымен үндесіп жатқан тарихи төрт дерек бар.

АХҚО және тарихи төрт дерек

Осыдан екі апта бұрын "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ресми таныстырылымы өтті. Бірегей қаржы институтының басқа емес, Астанада құрылуының өзіндік себептері бар. Оны төмендегі тарихи төрт деректен іздеуге болады.

Астанадан 120 шақырым жерде Қорғалжын қорығы бар. Дәл осы қорықта қоқиқаз (фламинго) өмір сүреді. Жер бетіндегі саны саусақпен санарлықтай болған соң оларды "патшалық құсы" деп те атайды. Сол қоқиқаздардың Үндістан, Иран, Қытай елдерінен Қорғалжын қорығына ұшып келгендегі жолы әйгілі Ұлы Жібек жолының керуен жолына ұқсайды екен. Аңғарғандарыңыздай, АХҚО-ның Астанада құрылуына қатысты алғашқы дерек Ұлы Жібек жолымен байланысты.   

Тарихы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда басталып, біздің дәуіріміздің XVII ғасырына дейін жалғасқан Ұлы Жібек жолы жүздеген жылдар бойы Еуразия құрлығының мәдени, рухани, экономикалық, саяси байланыстарының өзегі болғанын жақсы білеміз. Әйгілі сауда жолының қазақ даласын басып өтіп, батыста Римге дейін, шығыста Жапонияға дейін созылғаны да жұртқа аян. Батыс пен шығысты байланыстырған жол қазіргі Астана орналасқан аумақты да басып өткен.

Деректерге сүйенсек, сауда жолының Шавгар мен Яссыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асып, Сауран мен Сығанақ және Янгикент тармағы – тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Ал Астана Есілдің бойында жатыр.

Сонымен қатар Ұлы Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті-Қыпшаққа, Ертіс жағалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен атты көшпелілер тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай қазіргі елордамыз орналасқан Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттықтың байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылған. Демек халықаралық қаржы орталығының құрылуымен Астана ерте замандағы сауда-экономикалық миссиясын қайта қолға алды деген сөз.

Екінші тарихи дерек түркі қағанаттарымен, Шыңғыс хан дәуірімен, Қазақ хандығымен үндесіп жатыр. Тарихқа зер салсақ, Ұлы Жібек жолының дамуы және алғашқы қағаз ақшаның қолданысқа енуі түрік қағанаттары тұсында басталған. Ал кейін Шыңғыс хан дәуірінде әйгілі сауда жолының барлық бағыты бақылауда болған. ХV ғасырда Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрды. Осы орайда, Қазақ хандығы Ұлы Жібек жолындағы негізгі мемлекет болғанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Ал Қазақстан Қазақ хандығының заңды жалғасы екенін түсіндіріп жату артық болар. Әйгілі Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары Ұлы Жібек жолы арқылы батыс пен шығыс өркениетінің алмасуына жол ашқан. Бұл ретте "Астана" халықаралық қаржы орталығының көздеп отырғаны да осы – шығыс пен батыстың инвестициясы мен игілігін қазақ даласы арқылы тарту, тарату.

Үшінші тарихи дерек – Ақмола өңірінде алғашқы акциялардың пайдаланыла бастауы. ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы алғашқы акциялар Ақмола өңірінде қолданыла бастаған. Акциялар өңірдегі тау-кен компанияларында пайдаланылған. 1903 жылы ағылшындар – Артур мен Нелсон Фелл Ақмола қаласында Спасск мыс кенішінің бас кеңсесін ашты. 1914 жылдың 17 ақпанында Спасск мыс кенішінің 1 млн 250 фунт стерлинг көлеміндегі акциясы Лондонның метал биржасында орналастырылды. Бұл Ақмоланы революцияға дейінгі Қазақстанның қаржылық орталығына айналдырған тарихи оқиға болды.

Астана орналасқан өңірдің сауда-саттық, экономикалық байланыстардың ортасы болғанын әйгілі Қоянды жәрмеңкесі де дәлелдейді. Орталық Қазақстандағы ең ірі маусымдық сауда орны тұтас қазақ даласын ұйыстырған. Осы орайда АХҚО-ның миссиясы да Қоянды жәрмеңкесін еске түсіреді. Жәрмеңкеден байырғы қазақтар тұрмысқа қажетті керек-жарағын түгендесе, бүгінгі қазақтар қаржы орталығынан жоба-жоспарларын жүзеге асыруға қажетті қаржыны өңгеріп қайтпақ. Бұл – төртінші тарихи дерек.

Байқасаңыз, Астана орналасқан өңір ерте кезден-ақ сауда-саттықтың, қаржылық, экономикалық байланыстың өзегі болған. Сондықтан ерте ме, кеш пе Астанада дәл осындай халықаралық қаржы орталығы ашылуға тиіс еді.

Жалпы "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылуы Қазақстанның әлемдік деңгейдегі қаржылық орталыққа айналатын зор әлеуетке ие екенін аңғартып отыр.

Еуразияның қақпасы болған қазақ даласы болашақта кәрі құрлықтың қаржы қақпасына айналып жатса, таң қалмаңыз.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу