"Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) биржасы (AIX) жасыл инвестициялар қағидаттарын қолдаушылар қатарына қосылды.
АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов бұл қадамға корпоративтік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, экологиялық тәуекелдерді азайтуға арналған нақты шараларды ұсыну сондай-ақ заманауи қаржылық жасыл құралдарды пайдалануға басымдық беру үшін барғандарын айтты.
"АХҚО әу бастан жасыл қаржыландыруды өз қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындады және Қазақстанда жасыл қаржыны ілгерілету мен дамыту үшін қолайлы нормативтік база қалыптастыруға күш жұмсады. Еңбегіміз зая кеткен жоқ, біз жасыл инвестициялар қағидаттарын қолдаушылар қатарына қосылдық", – деді АХҚО басқарушысы.
Өз кезегінде АХҚО биржасының басқарма төрағасы Тим Беннет AIX "Белдеу мен жол" бастамасының мүмкіндіктерін пайдаланып, қолданысқа жаңа өнімдер мен қызмет енгізуді көздейтінін тілге тиек етті.
"Жасыл инвестициялық қағидаттарды қолдаушылар қатарына қосылу арқылы біз халықаралық деңгейде мойындалған экологиялық және әлеуметтік стандарттарымызды алға ілгерілетеміз. Қазақстанның ұлттық экономикасы мен өңірлік инфрақұрылымын дамытамыз. Бұдан қоса AIX нарығын халықаралық жасыл инвестициялық қоғамдастықпен ықпалдастырамыз", – деді Тим Беннет.
Айта кетейік, қағидаттарды қолдаушылар қатарына қосылған жаһандық қаржы мекемелерінің саны артып келе жатыр. Олардың қатарында Қытай даму банкі, экспорттық-импорттық банкі, өнеркәсіптік және коммерциялық банкі, ауыл шаруашылық банкі және жібек Жолы қоры мен Crédit Agricole корпоративтік, инвестициялық банкі, Standard Chartered банкі, француз сыртқы сауда банкі, Al Hilal банкі, Гонконг қор биржасы сонымен қатар Natixis банкі бар.
Абылай Бейбарыс