Ахмедов Даньоны жеңіп, үш белбеуге ие болды

3006

Бұл Садриддин Ахмедовтың Мексикада өткізген алғашқы жекпе-жегі.

Ахмедов Даньоны жеңіп, үш белбеуге ие болды

Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов кәсіпқой рингтегі он екінші кездесуінде Нидерланды өкілі Стивен Даньоны жеңіп, өзінің титулдарының санын беске дейін көбейтті. Рингте ерекше сәлемдесуімен Сарбаз Q немесе Soldier of Qazaq лақап атымен танылған Ахмедов бірінші орта салмақ бойынша осыған дейін өткізген он бір жекпе-жектің онын Канадада, біреуін Қазақстанда өткізген болатын. Ол 2019-жылдың қаңтар айында Монреалда мексикалық Абрахам Хуареспен өткен жекпе-жекте мансабындағы алғашқы он раундтық жекпе-жектің төртінші раундында қарсыласын нокаутқа жіберіп, жастар арасындағы WBC титулын иеленді.

Ал екі ай өткен соң, 2019 жылдың наурыз айының соңында Ахмедов Алматыда аймақтық WBC Asian Boxing Council Super Welterweight Title атағына ие болып, қолы сынғанына қарамастан бірауыздан төрешілердің шешіммен индонезиялық Йоханнес Рубаны тізе бүктірді. Сарбаз Q он кездесуде нокаутпен жеңіске жеткен. Бірақ, Даньомен болған тартысты шайқаста нокаутты күткендер аз болды.

Ахмедов пен Даньо арасындағы жекпе-жек Мексиканың Куэрнаваке қаласында өтті. Екі боксшы бірінші орта салмақтағы WBA Continental, NABF және WBC Francophone титулдары үшін сынға түсті. Жекпе-жек он раундқа жоспарланып, боксшылар соңына дейін шайқасты. Жұдырықтасу барысында Ахмедовтың айқын фаворит екені бірден байқалды. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шығарған шешіммен (100-90, 99-91, 98-92) Садриддин жеңіске жетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу