Ахмедов қарсылас таппай жүр

2442

Қазақстандық нокаутер Садриддин Ахмедовке қарсы рингке шығатын қарсылас табылмай жатыр.

Ахмедов қарсылас таппай жүр

Кәсіби рингте 11 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Садриддин Ахмедовтың мүддесін қорғайтын Eye Of The Tiger Management промоутерлік компаниясы карантин аяқталған соң қазақстандық боксерге қарсы жекпе-жекке шығатын қарсылас табылмай жатыр, деп Instagram әлеуметтік желісінде шағымданды.

"Брэндон Кук, Коди Кроули, Микаэль Зевски, Патрис Вольны мен Франсис Лафреньерлер Ахмедовке қарсы рингке шығудан бас тартты. Қазір біз канадалық боксшымен шілде айына жоспарланып отырған жекпе-жек туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер ол да келіспесе, онда Садриддинмен жұдырықтасуға кімді шақырамыз?" - деп жазды EOTTM.

Ахмедов 63,5 келіге дейінгі салмақта WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы Әлем чемпионы. Сонымен қатар WBC Asian Boxing Council Super Welterweight Title белбеуінің иегері. Соңғы кездесуін 2019-жылдың желтоқсан айында өткізген және сол жекпе-жекте 7-раундта қарсыласы аргентиналық Хосе Вильялобосты нокаутқа жіберді.

Садриддинге 10 раунд бойы төтеп берген жалғыз боксшы бар. Ол индонезиялық Йоханес Руба. Екі боксшы арасында өткен кездесуге жерлесіміз жарақатпен шыққандықтан, төрешілер бірауыздан жеңісті Ахмедовке берді. Қазақстандық боксшының промоутерлері онымен кездесуге дайын боксшы таба алмай әлек.

Садриддиннің соңғы қарсыласы орта салмақта WBO және NABO титулдарының иегері канадалық Патрис Вольны болатын. Алайда ол қазақстандық боксшыға қарсы рингке шығудан бас тартты. Бұған дейін тағы бір Канада өкілі IBF және WBA NABO нұсқалары бойынша Солтүстік Америка чемпионы Микаэль Зевски 20 мың АҚШ доллар гонорарды аздық етіп, жекпе-жекке шығудан бас тартты.

Орта салмақта өнер көрсетіп жүрген тағы бір қазақстандық Батыр Жүкембаев АҚШ-та кездесу өткізуге дайындалып жатыр. "Құрама Штаттарда кездесу өткізуге Батырға ұсыныс  түскен", - деді боксшының промоутері TVA Sports арнасына берген сұхбатында Камил Эстефан. Жүкембаев 18 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Оның он төрті мерзімінен бұрын  аяқталды. Сондай-ақ ол барлық кездесулерін Канадада өткізген. Батыр өзінің соңғы жекпе-жегін 25 қаңтар күні Монреалда мексикалық боксшы Рикардо Ларуға қарсы өткізіп, қарсыласын 2-раундта нокаутқа жіберген. Енді оған да қарсылас табу қиындық туғызуы мүмкін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу