Ахметов ақиқатын айтты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4751

Шығыс Қазақстандағы төтенше жағдай тұтас елдегі өзекті мәселенің бетін ашты.

Ахметов ақиқатын айтты Фото: yk-news.kz

Үкіметтің бүгінгі отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі ахуал туралы баяндай келіп, еліміздің төтенше жағдайлар саласына қатысты өзекті мәселенің бетін ашты. Әкімнің айтуынша, облыстық төтенше жағдайлар департаментінде тиісті құрал-жабдықтар жетіспейді.

"Мәселен, облыста 249 көшпелі мотопомпа болуы керек. Ал бізде 55 қана бар. Бұл су тасқаны кезінде қажетті құрал. Қайықтың саны 69 болуға тиіс. Бізде бары 14 қана. Жол талғамайтын көлік саны 55 болуы керек еді. Бізде біреуі де жоқ боп шықты. Жай ғана көлік нормаға сәйкес, 55 болуы керек екен. Бізде небары 9 көлік қана бар. Қазір жігіттер судың ортасында жүр ғой. Ол үшін гидрокомбинезон керек. Нормаға сәйкес, оның саны 1 мың болуы қажет. Тұтас облыста бұл құралдың 86-сы ғана бар. Біз бұл мәселеге атүсті қарамайық. Осы жылдың басында аталған мақсатқа 300 млн теңге бөлдік. Міне, тағы да 200 млн теңге қарастырып отырмыз. Аталған мәселені бірлесіп шешудің жолын қарастыру керек секілді", – деді Даниал Ахметов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі орынды мәселе көтергенін айта келе, бұл тек бір ғана облысқа тән жағдай емес, тұтас елдегі ахуал осылай болуы мүмкін екенін айтты. Осы орайда, Бақытжан Сағынтаев өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге аталған мәселені назарға алуды тапсырды. Әсіресе, су басу қаупі бар аймақтарда осыған барынша көңіл бөлу керектігін қадап айтты.

Үкімет басшысы құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі мәселесі қалай шешіліп жатқанын ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменовтен сұрады. Алайда, ол премьер-министрдің сұрағына жауап бере алмады. Бар айтқаны: "Ол туралы менің баяндамамда жоқ еді".

"Сіздер қалай басқарасыздар?! Баяндамаға жазып бергенді оқып бересіздер. Ал жағдайдың не болып жатқанын білмейсіздер. Соңында осындай жағдайға душар боламыз", – деді Жанат Сүлейменовтің жауабына қанағаттанбаған Бақытжан Сағынтаев.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі төтенше жағдайға егжей-тегжейлі тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл жауған қардың мөлшері аз болғанымен, жерге түскен тоң өткен жылмен салыстырғанда екі есе тереңдікке дейін жетті. Бұдан бөлек, өзенде қатқан мұздың қалыңдығы кей жерлерде 1 метрден асады. Ал наурыздың 1 мен 25 аралығында жауған жаңбыр қалыпты нормадан үш есе артық болған. 

"Бүгінде облыста үйлерді су басудың 481 фактісі тіркелді. Қазіргі кезде 171 үйде әлі су тұр. 628 үй мен 110 саяжайдың ауласына су кірді. Осыған орай Өскемен және Семей қалаларында, Жарма, Зырян, Күршім, Қатонқарағай, Ұлан аудандарында жоғары деңгейлі дайындық режимі енгізілді. Облыстың үш ауданында – Аягөз, Глубокое, Шемонайха аудандарында табиғи апаттағы төтенше жағдай жарияланды", – деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімі бұдан кейін су басқан аудандарға жеке-жеке тоқталып шықты. Биыл су тасқынынан айтарлықтай зардап шеккен ауданның бірі – Аягөз. Аталған ауданда 14 үй қирап, 19 үйдің жағдайы апатты деп танылған.

"Қазір жалпы жағдай тұрақты. 286 адам үйлеріне оралды. Тек 12 адам интернатта уақытша тұрып жатыр. Өткен екі аптаның ішінде 32 тұрғын үй сатып алдық. 14 үйге адамдар қоныстанды. Екі-үш күннің ішінде қалған 18 үйге де кісілер кіретін болады. 140 үйді қалпына келтіру керек. Жөндеу жұмыстарын бір айдың ішінде аяқтаймыз. Аягөз ауданына 259 млн теңге бөлдік. Жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайын", – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Тасқыннан зардап шеккен тағы бір аудан – Глубокое. Әкімнің сөзіне сенсек, бұл аудандағы жағдайда да тұрақты бақылауға алынған. Жалпы аудан бойынша 175 үйге су кірген. 567 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың 53-і мектептерге орналасты. Оларға үш мерзімді тамақтану ұйымдастырылған. Қалған тұрғындар туыстарының үйін уақытша паналапты.

"Қазір арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен үй-жайлармен танысып жатыр. Біз комиссияның шешімін басшылыққа алып, шығынды өтейтін боламыз. Мәселені жеделетіп шешу үшін біз ауданның қайырымдылық қорына 50 млн теңге аудардық", – деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімі табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланнан үш ауданның бірі Шемонайхаға өткен жексенбі күні барғанын айта келіп мынаны хабарлады: "Жауын суы таудағы қар суымен араласып, Оба өзенінің деңгейі бір жарым метрге көтерілді. Салдарынан өзен мұзы бұзылып, сең жүрді. Айта кету керек, өзен мұзын дер кезінде жармағанда, апат салдары бұдан біршама қиын болар еді. 42 үйге су кірген. Қазір барлық адамдар өз үйлерінде тұрып жатыр. Бұл ауданға тағы да 50 млн теңге бөлеміз", – деді облыс әкімі.

Даниал Ахметовтың айтуынша, облыстағы жағдай тәулік бойы бақыланып, жедел шаралар қабылдануда. Тиісті қызметтер толығымен тартылған.

Сөз алған ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Шығыс Қазақстан облысындағы 326 үйдің, Қарағанды облысындағы 12 үйдің суы толықтай сорылғанын баяндады. Өткен демалыс күндері Шығыс Қазақстан облысына Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарынан қосымша күштер жіберілгенін атап етті.

"Күштер мен құралдар тобын күшейту үшін Шығыс Қазақстан облысына ішкі істер министрлігінің жедел тобы жіберілді. Сондай-ақ, жеке құрамнан 92 адам аттанды. 14 техника жөнелтілді. 58 мотопомпа жіберілді. 8 жүзу құралы жеткізілді", – деп баяндады ішкі істер министрлігінің өкілі.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев "Қазгидромед" кәсіпорынының мәліметтерін назарға ұсынды. Министрдің баяндауынша, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарына дабылды ескертулер жолданған.

"Қарағанды облысындағы өзендерде көктемгі су тасу процесі басталды. Нұра өзеніндегі су деңгейі Самарқанд су қоймасына дейінгі аралықта 1,7-3,5 метрге дейін жетті. Сондай-ақ, Талды өзенінің су деңгейі қауіпті белгілерге жетті. Осыған орай Самарқанд су қоймасына Нұра өзені арқылы келетін су көлемі 23-30 наурыз аралығында 91 153 млн текше метрге дейін ұлғаюы мүмкін. Шерубай-Нұра өзені арқылы Шерубай-Нұра су қоймасына 12,5-33 млн текше метр су келуі ықтимал", – деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында Ресейдің Кемерово қаласындағы сауда орындарының бірінде болған қайғылы апатты еске сала келіп, бұл оқиғадан сабақ алу керектігін ескертті. Сонымен қатар, Қазақстандағы сауда орталықтарының қауіпсіздік деңгейін тексеру керектігін еске салды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу