AIBA дивизион санын көбейтті

1295

Токио-2020 Олимпиада ойындары қарсаңында әлемдік әуесқой бокста жаңалықтар орын алды - AIBA дивизион санын көбейтті. Енді ерлерде 13, әйелдерде 12 дивизион болады.

AIBA дивизион санын көбейтті

Бұл ұсынысты Халықаралық бокс қауымдастығының бас хатшысы Иштван Ковач басқармаға есеп беру кезінде жариялады. Оның айтуынша, AIBA бастапқыда жаңа ережелерді талқылап, келіскенге дейін ерлер мен әйелдер боксының мүдделі тараптарымен кеңескен. Бұдан әрі, директорлар кеңесінің отырысында бұл бастама қолдау тапты. Осылайша жаңа санаттар 2021-жылдың 1-тамызынан бастап барлық жас топтарының жарыстарында күшіне енеді.

Қазақстан бокс федерациясының өкілдері, жаттықтырушылар мен Олимпиада чемпиондары бұл тақырыптан тыс қалмады. Олар осы жаңалыққа байланысты өз пікірлерімен бөлісе кетті. Солардың бірі Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.

"Қазақстан бокс федерациясы AIBA жаңашылдықтарын толығымен қолдайды. Біздің елде спорттан бокс шын мәнінде нөмірі бірінші екенін бәрі жақсы біледі. Мемлекет, меценаттар және жанкүйерлер тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Өкінішке орай, пандемия дәуірінде біз көрермендерді спорттық кешендерге жарыстарға шақыра алмаймыз. Бірақ былғары қолғап шеберлеріміздің қатысуымен болатын телехабарлар көрермендердің үлкен аудиториясын жинайды және рингтегі кез-келген жеңіс пен жеңіліс толғаныс сезімін тудырады. Біз өзгерістерге біз дайынбыз! Күзде Қазақстан чемпионаты өтеді. Ал алда өтетін олимпиада болашақ чемпиондар мен жүлдегерлердің басын қосатыны тамаша дода болмақ", - деді Маратбек Мықтыбеков.

Ал Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелері бойынша вице-президенті, бокстан Қазақстан құрамасының бапкері Бахтияр Артаев бұл жаңашылдық спортшыларымыз үшін тамаша мүмкіндік екенін ерекше атап өтті.

"Бұл көптеген боксшылар үшін керемет мүмкіндік. Өйткені салмақ дәрежелері қаншалықты көп болса, соғұрлым әлемде немесе Азия чемпионатында медаль алу мүмкіндігі артады. Сонымен қатар, бүгінде біздің спортта гендерлік теңдік іс жүзінде дәлелденіп келе жатқаны белгілі. Біздің әйелдер боксының соңғы жетістіктеріне байланысты бұл қазақстандық спортшылар үшін оң нәтиже беріп, жеңістердің жаңа толқынын тудыруы мүмкін. Иә, техникалық тұрғыдан қиынырақ болатын шығар. Өйткені салмақ санаттарының артуымен қатар жарыстардың, хабарлардың уақыты артады. Жалпы, бұл өте жақсы жаңалық", - деді Бахтияр Артаев.  

Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев та Чемпион болуға мүмкіндіктің артқанын қолдап отыр.

"Жаттықтырушылар құрамына, боксшыларға 13 салмақ дәрежесі - бұл өте тамаша. Себебі көптеген боксшыларымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Чемпион болу мүмкіндігі артты. Маған қатты ұнайтыны - салмақ санаттары бір-біріне жақын. Бұрын ауыр салмақ санаттарында айырмашылық жоғары болатын. Сондықтан боксшыларға не көп салмақ тастауға тура келді немесе керісінше физика мен күш жетіспеді.

Тарихты еске алар болсақ, онда 11 және 12 категория болған. Жалпы, тағы бір нұсқасы 14 категория да қаралған. Ірі жігіттер үшін 100 келіден аса санат ұсынылды. Аса ауыр салмақта бүгінде 100 келіден асатын жігіттер аз емес. Біздің Қамшыбек қазірдің өзінде әлемдік көшбасшылардың қатарында. 48 келіге дейінгі салмаққа келетін болсақ, Қазақстанда жеңіл салмақтағы боксшылар онша көп емес. Әдетте, бұл ересектер рингінде өз жолын енді бастаған жас спортшылар. Бірақ содан кейін олар салмақ қосып, күшейіп, ауыр салмаққа көтеріледі", - деп бас бапкер өз ойымен бөлісті.

Ерлер 48 кг-ға дейін, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг және 92 кг-ға дейінгі салмақта, ал әйелдер 48, 50, 52, 54, 57, 60, 63, 66, 70, 75, 81 және 81 келіден жоғары категорияларда сынға түседі.

Айта кетейік, Токио-2020 Олимпиадасы 2021-жылдың 23-шілдесі - 8-тамыз аралығында өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу