AIBA президенті Қазақстанға келді

2020

AIBA президенті Қазақстанда өсіп келе жатқан жас буын боксшылардың қабілетіне таңданысын жасырмады.

AIBA президенті Қазақстанға келді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Халықаралық Бокс федереациясының президенті (AIBA) Умар Кремлёв пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевты қабылдады. Бұл туралы ҚБФ баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғары дәрежеде өткен кездесуде тараптар қазақстандық бокстың жан-жақты дамуына тоқталды. Кездесудің маңызды мәселелерінің  бірі ретінде мектептер мен жоғары оқу орындарында бокс спорт түрін дамыту талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Белградта өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде иеленген болатын. Жалпы командалық есепте ел құрамасы екінші орынға табан тіреп, ел мерейін үстем етті.

Сонымен қатар халықаралық бокс федерациясының президенті Умар Кремлёв өзінің Қазақстанға сапары аясында жас боксшылармен жаттығу өткізді. Елордадағы "Бокс орталығында" өткен шара Умар Назаровичтың алғы сөзімен басталып, артынша жаттығуға ұласты. Нұр-Сұлтан қаласының аға жаттықтырушысы Асқар Еркебаев өткізген жаттығуға жүзден аса спортшы қатысты. AIBA президенті Қазақстанда өсіп келе жатқан жас буын боксшылардың қабілетіне таңданысын жасырмады. Бұл дегеніміз елімізде бокстың қарқынды дамуына мол мүмкіндік бар дегенді білдіреді.

Халықаралық федерация президентінің жас спортшылармен кездесуі Қазақстан бокс федерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Айта кеткен жөн, "Астана Арена" спорт кешені ғимартында орналасқан "Бокс орталығының" жалпы аумағы 1 000 шаршы метрді құрайды. Қосымша 200 шаршы метр жаттығу залынан тұратын орталық толықтай ҚБФ президенті Кеңес Ракишевтың жеке қаражаты есебінен жабдықталған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу