Аида Балаева "Қазақфильм" болашағына қатысты мәлімдеме жасады

869

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильм" киностудиясы төңірегінде айтылып жатқан ел аузындағы әңгімелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аида Балаева "Қазақфильм" болашағына қатысты мәлімдеме жасады Фото: Үкімет

"Кейінгі уақытта "Қазақфильм" киностудиясы қоғамда қызу талқыға түсіп, түрлі қауесеттер мен жорамалдар айтылып жатыр. Жұртшылықтың "Қазақфильмнің" тағдырына осынша алаңдаушылық білдіріп отырғаны қуантады. Сондықтан қоғамдағы осы алаңдаушылыққа себеп болып отырған мәселелерге қатысты түсініктеме беруді жөн деп санаймын",  деп жазды министр.

Аида Балаева "Қазақфильм" жерінің сатылуы жөніндегі қауесет біржола тоқтатылуы тиіс екенін атап өтті.

"Ең алдымен айтарым, кино саласына қатысы бар тұлғалардың киностудия төңірегіндегі процестерге қатысты өз пікірін білдіруге құқығы бар. Алайда ақпарат таратқанда тек фактілерге сүйенуге кеңес беремін. "Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға ортақ, ал оны елемеу тиісті заң аясында жауапкершілікке әкеліп соғады. Бірінші. "Қазақфильм" жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты. Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. "Қазақфильмге" тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылып отыр",  деді ол.

Министр киностудияны Астанаға көшіру бұл да алып-қашпа әңгіме екенін атап өтті.

"Екінші. Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы. Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде. Үшінші. Киностудияны Астанаға көшіру туралы. Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – "Қазақанимация" өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді",  деді Аида Балаева.

Ол 5 жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілмегенін айтты.

"Өкінішке қарай, кейінгі 5 жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда",  деді Аида Балаева.

Ол "Қазақфильм" – жай ғана киностудия емес, бұл – қазақ мәдениетінің символы екенін атап өтті.

"Құрметті достар, Бүгінде қазақстандық киноиндустрияда маңызды әрі оң өзгерістер орын алуда. "Қазақфильм" – қазақ мәдениетінің символы. Сондықтан оны дамыту – басым бағыттың бірі. Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес елімізде фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей "Қазақфильмге" бағытталатын болады. Бұл киностудия жұмысының тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттырады",  деді ол.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері бекітілді. Биыл жаңа ережелер бойынша конкурс екінші рет өткізіліп отыр.

"Киностудияны халықаралық ынтымақтастықсыз дамыту мүмкін емес. "Қазақфильм" шетелдік әріптестерімен бірлесіп бірқатар маңызды фильмдер түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – қазақстандық киноны әлемдік нарықта таныту және отандық кинематографистердің позициясын нығайту үшін маңызды қадам. Сонымен қатар, демеушілерді тартудың арқасында киностудияда соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – инфрақұрылымды жаңғыртудың алғашқы кезеңі. Осы орайда киностудия мен қазақстандық киноөндірістің дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғыс білдіремін! Әрине, әңгіме әзірге күрделі жөндеу туралы емес, бірақ бұл – "Қазақфильмде" жұмыс істеу үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдар",  деді ол.

Министр "Қазақфильмнің" тұрақты әрі тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

"Атап айтқым келетіні, "Қазақфильм" тек кинотуындылар ғана емес, ең алдымен  шаруашылық жүргізуші компания және бәсекеге қабілетті нарық қатысушысы. Ол жоғары кәсіби киноөнердің дамуына лайықты жағдай жасайды. Сондықтан Министрлік бұл кәсіпорынды режиссер немесе актер емес, киностудия қызметін табысты әрі тиімді жүргізуге қабілетті кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы берік ұстанады. "Қазақфильмнің" тұрақты әрі тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін Министрлік жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді",  деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу