Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистерге берілетін тұрғын үйге қатысты соңғы күндері тараған пікірлер мен алыпқашпа әңгімелерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы күндері Құрылтайдың бірқатар депутаттарына қатысты, оның ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша түрлі алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер айтылып, мұның соңы буллингке ұласып бара жатқаны байқалады. Мәдениет және ақпарат министрі ретінде Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өткім келеді. Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді," – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр түсінбеушілікке жол бермеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша мүмкіндігінше қажетті түсініктеме беруге тиіс екенін атап өтті.
"Сонымен қатар кәсіби журналист жұмысының басты өлшемдерінің бірі – журналистік әдепті сақтау. Қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау, елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистке жараспайды. "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 4-тармағының тармақшасына сәйкес, кәсіби әдеп нормаларын сақтау – журналистің міндеті. Мұндай талап әлемнің барлық еліндегі журналистерге қойылады. Сыйластық сапалы журналистиканың дамуына әрдайым ықпал етеді. Сондықтан барша журналисті бұзғаны үшін тиісті шаралар көзделген аккредиттеу қағидалары мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби әдеп нормаларын да сақтауға шақырамын", – деді министр.