Аида Сатыбалдинова қалай ораза ұстап жүргенін жазды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2519

Қазақтың кәсіпқой боксшы қызы Рамазан айында қалай жаттығып жүргенін жайып салды.

Аида Сатыбалдинова қалай ораза ұстап жүргенін жазды Фото: әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан

Кәсіпқой бокста пәрменді соққысымен көзге түсіп, "әйелдер арасындағы GGG" атанған Аида Сатыбалдинова (5-1-1, 2 KO) әлеуметтік желідегі, яғни Инстаграмдағы жеке парақшасына Рамазан айында Ораза тұтып, қалай жаттығып жүргенін егжей-тегжей жазды.

Аида осы жазбасында Рамазан айына қысқаша тоқталып өткен. Содан соң келесі жекпе-жегін маусым айында өткізетіндігін, сондықтан күніне екі рет жаттығу жұмыстарын өткізіп жүргендігін баяндаған. "Алғашқы 4-5 күн қиындау болған, қазір өзімді жеңіл сезініп жүрмін" деп ағынан жарылған.

Қазір Лос-Анджелесте жүрген боксшы қызымыз осыдан үш күн бұрын таңертеңгі жаттығуы түнгі 3:45-те басталатынын жазыпты. "Суды соңғы рет 4:32-де ішемін, көп ұзатпай жаттығуымды аяқтаймын. Кешкі жаттығуым 17:30-да немесе 18:30-да басталады. 19:49-да ауыз ашамын" деп баяндаған.

Кешке де суды жаттығу кезінде ішетіндігін тілге тиек еткен. Әрі кешкі асын ішуге асықпайтындығын, асқазанына бірден жүктеме түсірмей, 40-50 минуттан кейін ғана тамақ ішетіндігін тәптіштеп тізіп шыққан. Негізінен, тауық етімен және жеміс-жидекпен қоректенетіндігін де түртіп өткен.

Осылай боксшы қызымыз сәресі мен ауызашар уақытын жаттығу жұмыстарымен байланыстырып жүр екен. Бұдан әрі өзін жеңіл сезініп жүргендігін, тіпті бапкері екеуі жылдамдығының арта түскендігін байқағандарын да ерекше атап өткен.

Сонымен қатар, ораза ұстап жүргеніне 11 жыл болғандығын да сөз арасында ескерте кеткен. Биылғы Рамазан айында бұған дейінгілерімен салыстырғанда өзін ерекше сезініп жүргендігіне тағы да тоқталып өтіп, маусым айындағы жекпе-жегіне ерекше құлшыныспен дайындалып жатқандығына айрықша мән берген.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу