Бүгін қазақ жанкүйерлерін елеңдеткен екі жекпе-жек өтіп, Аида Сатыбалдинова мен Садриддин Ахмедов Мексика боксшыларын жерге қаратты.
Кәсіпқой бокс әлемінде "әйелдер арасындағы GGG" және "Леди Спарта" атанған қарындасымыз Аида Сатыбалдинова Мексиканың Тихуана қаласында жергілікті боксшы қызбен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда, Вероника Вальтиерраны екінші раундта екі рет сұлатып салып, техникалық нокаутпен үстем түсті.
Аида Мексика жерінде өткен жекпе-жекте басымдық танытып, қарсыласына қарағанда ширақ қимылдады. Бұл – соққысы қуатты Сатыбалдинованың кәсіпқой бокс рингіндегі жетінші жекпе-жегі және бесінші жеңісі (5-1-1, 2 KO). Ол бұл жекпе-жекке әйгілі Фредди Роучтың қарамағында жаттығып, дайындалған болатын.
Бұған дейін Садриддин Ахметов (7-0, 7 KO) Канаданың Монреаль қаласында Мексика жігіті Абрахам Хуареспен (13-2, 5 KO) жұдырықтасып, төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ол да қарсыласын екі рет қатарынан сұлатып салып, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болған.
Сөйтіп, Садриддин Ахметов WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Әрі 10 раундқа созылуға тиіс жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Төрт күннен кейін, яғни осы айдың соңғы күні 21-ге толатын боксшымыздың қуатты соққысына тәнті болғандар саны бұл жекпе-жектен кейін де арта түсті.
Маруан Түсіп