Air Astana акцияларының тең жартысы IPO-ға ұшатын болды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
18589

"Air Astana" АҚ акционерлері IPO аясында қолдағы акцияларының 50%-ын сатады.

Air Astana акцияларының тең жартысы IPO-ға ұшатын болды

Алда болатын IPO шеңберінде "Air Astana" АҚ-ның екі акционері акция жиынтығының 50%-ын сататын болады. Сонда әрқайсысы 25%-дан шығарады. Ұлттық әуе тасымалдаушысы акцияларының 51%-ы "Самұрық-Қазына" АҚ-ның, ал 49%-ы британдық BAE Systems компаниясының меншігінде.

Яғни, IPO-да сатылғаннан кейін "Самұрық-Қазына" АҚ-да акцияның 26%-ы, BAE Systems компаниясында 24%-ы қалады. Акцияларды IPO-да орналастыру 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында болуы мүмкін. Сонымен бірге әуе компаниясының Қазақстандағы иесі акциясын тек елдің инвесторларына сататын болады.

"Біз бірнеше рет кездестік (BAE Systems өкілдерімен. - автор еск.). Қолдағы акцияның құрылымы 49%-ға 51%-дан келеді. Бүгінгі күні "Самұрық-Қазынада" акцияның 51%-ы тұр. Сатуға шамамен 50%-ы шығарылады. Оның ішінде біздің 25% бен олардың 25%-ы бар. Сонымен бірге бұл жерде өзара нақты келісім бар.

Егер Air Astana, мысалы, еуропалық мемлекетке ұшатын болса, ұлттық оператор дәрежесін ұстап тұру үшін қазақтың 51% үлесін сақтап қалу туралы талап қойылған. Яғни, өзіміздің 25% акциямызды сататын болсақ, оны тек еліміздің инвесторларына ғана сатамыз. Мысалы, ол БЖЗҚ болуы мүмкін",– деді "Самұрық-Қазына" АҚ активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Берік Бейсенғалиев abctv.kz-ке.

Мемлекеттік қордың әуе компаниясы акцияларының 25%-ын отандық инвесторға сатуы Air Astana-ның 51% үлесін елде қалдыру үшін жасалып отыр. Ал британдық тарапқа акцияны сатуда ешқандай міндетті талап қойылған жоқ. Олар өз акцияларын кімге сататынын өздері шешеді. Яғни, қазақ инвесторға да, сол сияқты шетелдік инвесторға да сата алады.
Алайда, мемлекеттік холдинг әуе компаниясындағы үлесін сақтап қалып, кейін жоғары бағаға сатқысы да келеді.

"Жобада акционер ретінде қалуға дайынбыз және BAE Systems компаниясы да жобада акционер ретінде қалғысы келеді. Біз сияқты британдық компания да келешекте қосымша саудаға шығатын болса, онда қалған үлесін бұдан да қымбатқа сататынымыз сөзсіз. Біздің барлығын сататын ойымыз жоқ. Біз осы жобада қалғымыз келеді",– деді Берік Бейсенғалиев.

Сонымен бірге Берік Бейсенғалиев AirAstana акцияларын сатып алу үшін IPO-ға ел азаматтары мен ұлттық компанияларына қатысуына "ресми тыйым салынбағанын" да айтып кетті.

Алайда, ұлттық әуе компаниясының британдық басқарушысы жоғарыда айтылғанға қалай қарайтынына түсініктеме бермеді. Бұған дейін ел азаматтарына еркіндік берілген кезде AirAstana компаниясының акцияларын "халықтық IPO" бағдарламасы шеңберінде орналастыру жоспарланған болатын.

Алайда, ол кезде бұл жоспарды іске асыру қиын болған еді. Өйткені, мемлекеттік холдинг өзінің 51% үлесін сақтап қалғысы келді де, ал британдық компания Қазақстанда өткізілетін IPO үшін өз үлесінің жартысынан айрылғысы келмеді.

Әуе компаниясының IPO-сын өткізетін алаң ретінде Лондон және "Астана" халықаралық қаржы орталығы қарастырылып отыр. "Біздің заңнамамызға сәйкес, егер орналастыру Лондонда өтетін болса, онда 25% тура сондай шартпен отандық биржаға да орналасуы керек.

Яғни, орналастыру қайда өтпесін, Сингапурда не Лондонда болсын, оның кем дегенде 25% үлесі дәл сондай талап-шартпен елдің нарығына да ұсынылуы керек. Бұл "Құнды қағаздар нарығы туралы" заңның талаптары",– деді "Самұрық-Қазына" АҚ қаржы және операция жөніндегі басқарушы директоры Елена Бахмутова abctv.kz-ке.

 Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу