Air Astana басшыларының адам сенбес көлемде сыйақы алатыны анықталды

11224

Олардың әрқайсысына орта есеппен 50,6 миллион теңгеден сыйақы аударылған.

Air Astana басшыларының адам сенбес көлемде сыйақы алатыны анықталды Фото: nazarmedia.kz

Ақпараттың бір бөлігін әуе компаниясының өзі KASE биржасына хабарлады.

Құнды қағаздары биржада листингтелетіндіктен, тиісінше, акционерлер алдында ашықтық саясатын ұстануға міндетті болғандықтан, Эйр Астана өз топ-менеджерлерінің қандай сыйақы алғанын KASЕ-ге жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Сонымен, еліміздің ұлттық әуе тасымалдаушысы саналатын Air Astana бір ғана 2023 жылы төл атқарушы органының мүшелеріне 404,7 миллион теңге сыйақы төлеген. Қазіргі уақытта авиакомпанияның атқарушы органына 8 адам кіретінін ескерсек, олардың әрқайсысына орта есеппен 50,6 миллион теңгеден сыйақы аударылған.

KASE бұл сыйақыны кімдер алғанын атын атап, түрін түстеді. Яғни, бұл адамдар Air Astana атқарушылық органының құрамына кіреді:

  • Питер Фостер – "Эйр Астана" тобының президенті, бас атқарушы директоры;
  • Ибрахим Жанлыел – қаржы жөніндегі атқарушы директоры;
  • Филиппос Сиаккас – өндіріс жөніндегі атқарушы директоры;
  • Герхард Коетци – қауіпсіздік стандарттарын қамтамасыз ету жөніндегі атқарушы директоры;
  • Евгения Ни – персоналды басқару жөніндегі атқарушы директоры;
  • Ердәулет Шәмшиев – Үкіметпен байланыс жөніндегі атқарушы директоры;
  • Адриан Хэмильтон-Маннс – FlyArystan президенті және бас атқарушы директоры;
  • Белла Тормышева – корпоративтік коммуникациялар жөніндегі вице-президент.

Дәл осы кезде биылғы ай-пи-ода "Эйр Астанаға" сеніп, оның акцияларын сатып алған қазақстандықтар қалпымен шығын шегуде. Жыл басынан бері авиакомпанияның құнды қағаздары - 24,20%-ға құлдырап кеткен. Салдарынан, азаматтардың шағымдануынша, мысалы, ІРО-да "Эйр Астананың" акцияларын 1 миллион теңгеге сатып алғандар содан бері бір тиын табыс таппақ түгіл, 250 мың теңгеге дейін қаржысын жоғалтқан.

2024 жылғы 15 ақпанда IPO-да әуе компаниясының 1 акциясы 1 073,83 теңгеден сатылды. 31 тамыздағы жағдай бойынша 1 акциясы небары 814 теңге тұрады.

Айта кету керек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да биылғы 15 ақпанда "Эйр Астананың" акцияларын 24,9 миллиард теңгеге сатып алған. Демек, болашақ зейнеткерлер де жаппай шығын шегуде.

IPO қорытындысында БЖЗҚ 6,51% үлесімен осы авиакомпанияның акционеріне айналды. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының иелігінде "Эйр Астанада" бақылаушы емес 41% ғана үлесі қалды. Британдық BAE Systems – 16,95% үлеске ие.

Осы аталған акционерлері компанияның қызметінен дивиденд түрінде пайда таппайды. Air Astana акциялары бойынша "сыйақы" төлеуден бас тартты. Содан брокерлер өз клиенттеріне оның акцияларын сатуға кеңес беретіні белгілі болды.  

"Эйр Астананың" акцияларына қатысты нашар ахуалды тіпті авиакомпания қызметінің оң нәтижелері де жақсарта алмады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында біржолғы баптарды есепке алмағанда, Air Astana жалпы түсімі 2023 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 12,9%-ға өсті. Оның жалпы сомасы 586,2 миллион долларды құраған екен.

Дегенмен, одан барлық алым-салықтарын, амортизация және басқа шығыстарын алып тастағанда, таза табысы тым.

"2023 жылдың бірінші жартысында таза табыс түзетулерді қоспағанда, 23,5 миллион, оларды есептегенде, 15 миллион доллар болды. 2024 жылдың бірінші жартысында түзетулерді есептемегенде, таза табыс 4,6 миллион, қосқанда – 16,7 миллион доллар болды. Сәйкесінше, таза табыс былтырдан бері 1,7 миллион долларға өсті", – деп хабарлады қаржы жөніндегі атқарушы директоры Ибрагим Жанлыел.

Бұл ретте "Эйр Астана" Ресейде жүргізілген ішінара мобилизация нәтижесінде туындаған "нарықтағы төтенше оқиғадан" 2022 жыл сияқты, 2023 жылы да 8,9 миллион доллар қосымша табыс тапқан екен. Өйткені шетелге қашқан миллионнан астам ресейліктер ұшақпен Қазақстанға және өзге елдерге ауды. Биыл Мәскеу тағы мобилизация жарияласа, "Эйр Астанаға" дем беруі ғажап емес.

Қоғам қайраткері, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл ұлттық әуе тасымалдаушысының қызметін тәртіпке келтірген жөн деп санайды. Ол таяуда Air Astana мен FlyArystan-ға қатысты мәселе көтерген екен. Оған азаматтар хабарласып, әуе тасымалдаушыларының домбыраны ұшақ ішіне алып кіруге тыйым салып, қысастық жасап жатқанына шағымданды.

"Ізінше "Эйр Астананың" жерде қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Александр Небоганың жанжалды видеосы әлеужеліде жарияланды. Онда Небога: "Домбыраны бортқа алып кірсеңіз, қосымша билет сатып алуыңыз керек!" деп қатаң ескертті. Бұл не басынғаны деп, өз дереккөздерім арқылы ақпарат жинатқыздым. Небога дегені авиация маманы болмай шықты, мамандығы бойынша – дипломат. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін бітіріп, 2005 жылы "Эйр Астанаға" жұмысқа тұрып алған. Бұрын істеген, авиацияға жақын басшы маман хабарласты, оның айтуынша, вице-президенттері 36 миллион теңге айлық алады деседі. Содан кеудесіне нан пісіп, қарапайым бұқараны менсінбейтін жағдайға жеткенге ұқсайды", – деді Бақытбек Смағұл.

Сарапшының айтуынша, домбыра ұшақтағы креслолардың үстіндегі багаж полкаларына оңай сыйып кетеді. Сондықтан халықаралық тәжірибе бойынша қол жүгінің габариті үлкен болса, ол үшін қосымша ақы төлеттіруі заңды. Ал, авиакомпанияның домбыра үшін аса қымбат жеке авиабилет сатып ал деген талабы негізсіз.

"Бұл пост резонанс тудырғаннан кейін "Эйр Астана" басшылығы хабарласты. Олардың түсіндіруінше, музыкалық аспапты қол жүгі ретінде ұшақ салонына алып кіруге болмайды, себебі, әуе тасымалдаушысының ережесі бойынша қол жүгінің габариті – 55х40х20 сантиметрден аспауға тиіс дейді. Домбыраның ұзындығы 1 метрдей болады. Бірақ бұл ұшақ полкасына домбыра сыймайды деген сөз емес. ТикТокта тіпті ол полкаға бортсерік қыз кіріп, жатып алғаны бейнеленген видео болды. Бұрын талай менің көзімше қазақстандықтар қабына салынған домбыраны жоғары көтеріп, багаж полкасының түкпіріне салып жүрді. Сондықтан ұлттық әуе тасымалдаушысы әлеуметтік шиеленіс туғызбағаны жөн. Олар бұған жол бермеуге келісті", – деді қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу