Air Astana билетінің бағасы қымбат емес деп табылды

12814

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Air Astana билеттері бағасының қымбат болған фактісін дәлелдей алмай, тергеуді аяқтады.

Air Astana билетінің бағасы қымбат емес деп табылды

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті (ТМРБҚК) "Air Astana" АҚ-ның авиабилеттеріне монополиялық жоғары бағаны белгілеу фактісін дәлелдей алмады. ТМРБҚК төрағасы Серік Жұмағаринның басшылығымен өткен келісу комиссиясының хаттамасында айтылғандай, комитетке "тергеуге ұсынылған материалдар негізінде монополиялық жоғары бағаны белгілеу фактісінің дәлелденбеуіне байланысты қоғам тарапынан өткізілген тексерісті тоқтату ұсынылды".

Сонымен бірге, комитетке 2017 жылы тұрақты ішкі әуе қатынасында жолаушыларды тасымалдау қызметі нарығына мониторинг жүргізу туралы ұсыныс берілді.

Ұлттық әуе тасымалдаушыға келсек, оған "бағаның ең жоғары шегін төмендету жолымен ішкі әуе тасымалдау қызметіне бағаны оңтайландыру", сондай-ақ ұсынылатын қызметтерге баға белгілеу механизмі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Сонымен қатар Air Astana-ға әуе тасымалдау қызметіне баға белгілеудің ішкі әдістемесін ТМРБҚК-ке ұсыну қажеттілігі айтылды.

"Аталған ұсыныстар мынаны білдіреді: бұдан былай баға саясаты айқынырақ болып, компания тұтынушылары әуе билеттерінің тарифі қалай қалыптасатынын түсінетін болады, ал баға белгілеу кезінде жүктеме бірқалыпты болып, негізінен билеттер құнының төмендеуіне әкеледі", – деп жорамалдайды комитетте.

Келісу комиссиясының құрамына ТМРБҚК қызметкерлерінен бөлек, Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, Кәсіпкерлер "Атамекен" ұлттық палатасы, Бәсекелестікті және тауар нарықтарын дамыту қауымдастығы, Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығының өкілдері кірді.

Бұдан бұрын ТМРБҚК ұлттық әуе тасымалдаушыға қатысты тергеу бастағанын айтқан болатын. ТМРБҚК хабары бойынша, девальвациядан кейін Air Astana кейбір бағыттарға билет құнын 80%-ға дейін көтерген. Ал әуе компаниясының өзі abctv.kz берген сұхбатында Air Astana-ның тарифтері әлемдегі ең төмен тарифтердің қатарында деп мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу