Air Astana-ның акциялары неге құлдырап барады?

1372

Құнды қағаздарды сатып алып, биржада ойнайтындарға арналған форумдарда дүрбелең жүріп жатыр. 

Air Astana-ның акциялары неге құлдырап барады? Фото: Inbusiness.kz

2024 жылғы 15 ақпанда "Эйр Астана" тобы IPO-ны табысты аяқтағанын, авиакомпанияның жеке және институционалдық инвесторлардан шамамен 370 миллион доллар ақша тартқанын мәлімдеді.

Сол ІРО-да акция сатып алған, алайда ізінше тезірек сатып жібермеген қазақстандықтардың көңілінде алаңдаушылық пайда болды.

Елорда тұрғыны Азамат ай-пи-о кезінде Air Astana акцияларына 10 миллион теңге қаражат салыпты. Өйткені бұрынғы ІРО-лар кезінде бастапқы баға кейін салмақты өскен.

"14 ақпан күні аллокация жүзеге асып, салған барлық дерлік қаржыма Эйр Астананың акцияларына қол жеткіздім. Құнды қағаздардың биржадағы сатылымы басталысымен, маған 1 миллион 300 мыңнан астам табыс түскені белгілі болды. Тағы өсер деген үмітпен қайта сатпадым. Оның үстіне дивиденд төлеп жатса, екі жеп биге шықпаймын ба? Алайда артынша авиакомпанияның қағаздары құнсызданып сала берді. Наурыз басында табысым нөлге теңесті. Енді тек құлдырап барады. 14 ақпанда 1 акцияны 1073,83 теңгеден сатып алдым ғой. Бүгінде, 20 наурызда оның құны 949 теңгеге дейін арзандап кетті. Салдарынан табыс таппақ түгіл, келген шығын 500 мың теңгеден асып кетті", – дейді Азамат.

Әлеуметтік желілерде, форумдарда пікір білдірген қазақстандықтар да шығын шеккеніне мұңайып, дер кезінде сатып жібермегеніне өкінді. Жұрттың түңілісін әуе тасымалдаушысының дивиденд төлеу туралы тіс жармауы да күшейте түсті.

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы дүйсенбі күнгі сауда қорытындысында, яғни алдағы ұзақ мерекелік демалыстар қарсаңында бүкіл KASE индексі елеулі құлдырағанын хабарлады. Оған отандық әуе тасымалдаушысы түрткі болыпты.

Бірақ қауымдастық сарапшылары оның акцияларының ылдилау себебін нақты түсіндіре алмады.  

"KASE индексі айтарлықтай төмендеп, 4 932,35 пункт межесіне түсті. Яғни, -1,3% тағы кеміді. Бұл құлдырауға -3,7% төмендеген "Эйр Астана" акциялары негізгі драйвер болды. Бірқатар екінші деңгейлі банктердің үлестік қағаздары да арзандап кетті. Ұлттық авиатасымалдаушының акцияларының жаппай сатылымы компанияның былтырғы жылғы қорытындыларының нашарлығымен байланысты болуы мүмкін. 2023 жылы Air Astana-ның таза табысы 18%-ға азайған", – деп тұспалдады Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.

Брокерлер де оның акцияларының осынша, бірден 5%-дан көпке арзандауының себебін дөп басып айта алмады. Оның бірі бұған "Американың биыл Қазақстанмен тікелей рейс ашуды жоспарлап отырмағаны туралы жаңалық та әсер етуі мүмкін" деп жорамалдады.

Қалай болғанда, қазіргі кезде жеке инвесторларға арналған мамандандырылған порталдарда негізінен, Air Astana акцияларының (AIRA) тұсында "сату" деген рекомендация тұр. 1 акция құны 900 теңгеден төмендеп кетпей тұрғанда, сатып құртуға асыққандар жетерлік.

Бірқатар сарапшы болса, "Эйр Астананың" құнды қағаздарының алда қайта өсетінінен үміттенеді.

"Биылғы сәуірде Эйр Астана 2024 жылғы бірінші тоқсандағы есебін жариялайды. Онысы тәп-тәуір болуға тиіс. Ағымдағы жылғы қаңтарда жолаушылар тасымалы бойынша кезекті рекорд орнатылды. Сонымен бірге маусым айында ұшулар маусымы басталады, ол да табысының өсуіне серпін береді. Биыл Шымкент пен Алматы әуежайлары реконструкциядан кейін толыққанды іске қосылып жатыр. Сондықтан акциялар құны көтеріледі деп санаймын. ІРО-ға бірінші рет қатысқан адамдар графиктің төмен құлдилай жөнелгенін көріп, сасып қалса керек, дүрмекке елігіп, сатуға асығып жатыр", – деді инвестор Ғалым Жансерік.

Ол бүгінде биржада "Эйр Астана" акцияларын сатушылардың саны сатып алушылардан асып кеткеніне назар аудартты. Ұсыныс сұраныстан артса, акция құнсызданатыны заңдылық.

"Бұл дүрбелең басылып, жағдай қалыпқа келуі мүмкін. Өйткені сонша құнсызданатындай, компания банкрот болып жатқан жоқ қой. Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті келесі 2025 жылы көптеген елге жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр. Ұлттық әуе тасымалдаушысы ондаған жаңа ұшақтар сатып алғалы жатыр", – деді инвестор.

Жалпы, "Эйр Астана" тобы таяуда, 15 наурызда 2023 жылғы жұмыс қорытындыларын жариялаған болатын. Онда авиакомпанияның түсімі және басқа табыстары 1,2 миллиард долларды құрағаны көрсетілген. Салыстырсақ, 2022 жылғы бұл көрсеткіші 1 миллиард доллар болған. Тиісінше, 13,8% және 15,6% өсті.

Операциялық табысы 136 млн долларды құрады, яғни 2022 жылғыдан ($148,7 млн) аздау.

Салық төлегеннен кейінгі табысы былтыр 68,7 млн доллар ғана болды. 2022 жылы 78,4 млн доллар болған.

Жолаушылар ағыны көрсеткіші 11,3% ұлғайып, 14,6 млрд (2022 жылы – 13,2 млрд) жолаушы-шақырымды құрады.

Компания 2023 жылы жолаушылардың рекордтық санын тасымалдағанын жария етті: былтыр 8,1 миллион адамды діттеген жеріне жеткізіп тастаған. Бұл көрсеткіші 10,1% артты.

Түркия, Үндістан, Қытай, Тайланд, Өзбекстан, Грузия, Парсы шығанағы елдері сияқты басты бағыттарда рейстер санын көбейтті. Халықаралық маршруттік желісі Джидда мен Дохаға жаңа рейстермен толықты.

Өткен бір жыл ішінде "Эйр Астананың" әуе көліктері паркі 43-тен 49 ұшаққа дейін өсті. Бұл үрдіс биыл жалғасты. 2024 жылғы 20 қаңтарда Air Astana төл әуе паркінің 50 ұшаққа жеткенін мәлімдеді.

Осы күні Германияның Гамбург қаласындағы Airbus зауытынан бизнес пен эконом кластарын жоғары жайлылықпен үйлестірген, ұзақ қашықтыққа ұша алатын жаңа A321neo ұшағы Қазақстанға жеткізілді. Онда мысалы, эконом-кластағы орындар арасы кеңейтілген екен. AirSpace Cabin жаңа тұжырымдамасына сәйкес жүк сөрелері үлкейтілген.

"Флотты кеңейту Air Astana-ның 2028 жылдың соңына қарай авиапаркін 80 әуе кемесіне дейін ұлғайту бойынша стратегиясына сәйкес келеді. Бұл әуе тасымалдаушысының салада тұрақты өсу мен көшбасшылыққа ұмтылысын көрсетеді", – деп сендірді "Эйр Астана".

Ай-пи-оға қатысқан, акцияларын сақтап қалған отыз мыңдай адам компанияның жетістікке жетіп, құнды қағаздарының құнын биікке көтере алуын мазасыздана күтіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу