Айбек Нұғымаров екінші рет "Қазақстан Барысы" атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3606

Қазақ күресінен тоғызыншы рет ұйымдастырылған "Қазақстан Барысы – 2019" республикалық турнирінде Айбек Нұғымаров топ жарды.   

Айбек Нұғымаров екінші рет "Қазақстан Барысы" атанды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін тоғызыншы рет ұйымдастырылған жалпыұлттық жобаның финалында 33 балуан бақ сынады. Олар еліміздің 17 аймағында (14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында) өткен іріктеу турнирлерінде бірінші-екінші орындарға ие болған түйе балуандар еді. Сондай-ақ бұларға "Әскер Барысы" турнирінің жеңімпазы қосылған-тын.

Алайда, финалға олардың бәрі де қатыса алмады. Турнир ережесі бойынша өткен жылғы жеңімпаз финалға ешқандай іріктеусіз қатысуы керек болатын. Бірақ 2018 жылғы "Қазақстан Барысы", Қарағанды облысының "Көк Бөрі Кернейі", яғни Ержан Шынкеев жарақат алып қалыпты. Сөйтіп ол биылғы боз кілем додасын қыздыра алмады. Сонымен қатар, Сұлтан Жәнібек (Ақмола обл) және Самир Мамедов (Павлодар обл) финалдан тыс қалды. 

Әйтсе де, "Қазақстан Барысы" турнирі биыл да қызықты өтті. Шектен тыс шиеленісті өткен белдесулер аз болған жоқ. Мәселен, балуандарды қос қолдарымен белдестіріп, қосымша уақытқа жүгінуге тура келген сәттер де болды. Сонымен қатар, кейбір білекті балуандарымыздың жолдары електік кезеңде түйісіп қалып, елімізге танымал саңлақтарымыздың бірнешеуі боз кілемнен ерте шығып қалды.

Осылай, жартылай финал мен финалға дәл қазіргі сәтте спорттық бабына келген нағыз үздіктер шықты. Негізі, "қазақ күресінде – ең бастысы ауыр салмақ емес, күш, білек, жүрек, әдіс, айла секілді ұғымдар" деуші едік. Бірақ осы жолы бәрі де керісінше болып шыққандай. Бас бәйгені биылғы финалдық кезеңнің ең ауыр балуандары, Шығыс Қазақстан облысынан қос қыраны Айбек Нұғымаров пен Ерасыл Қажыбаев сарапқа салды.

Финалдық белдесулердің қарсаңында, ресми түрде өткен салмақ өлшеу рәсімінде Айбектің салмағы 144 келі болса, Ерасыл 151 келі тартқан еді. Шешуші сында дәл осы екеуі белдесті. Екеуі алма-кезек ұпай алып, таразы басы 5 минутқа жуық уақыт бойы теңселіп тұрғанымен, белдесудің соңында Нұғымаровтың бағы жанды. Тәжірибесі басым болды. Қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Қажыбаевқа екінші орын бұйырды.

Жалпы, биыл Айбек Нұғымаровтың бағы да, бабы да қатар шапты. Ешбір белдесуде жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Өйткені оған кілең білекті де, жүректі жігіттер тап болды. Бұл ретте, Айбектің бүгін Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Дәурен Нұралинов, Дәулетхан Жақыпов сынды тәжірибелі балуандармен күресіп, жеңіске жеткендігін айта кетуге болады. Табан тіресе белдесіп, көп тер төкті. Жеңіске деген жігері басым болды.

Сонымен, Айбек Нұғымаров 2019 жылғы "Қазақстан Барысы" атанды. Оған Алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы "Тайтұяқ" табыс етілді. Былтыр 3-орынға ие болған Ерасыл Қажыбаев биыл Күміс белбеуге қол жеткізді. Осы бетінен таймаса, келесі жылы басты мақсатына жетуі де ықтимал. Қола белбеу үшін өткен белдесуде Руслан Әбдіразақовтың жұлдызы жанды. Ол Айбат Сейтеннен ұтылып жатып, айласын асырып кетті.

"Қазақстан Барысы – 2019" жүлдегерлері:

1. Айбек Нұғымаров – 25 миллион теңге (бапкеріне – 3,5 миллион теңге)

2. Ерасыл Қажыбаев – 5,5 миллион теңге (бапкеріне – 1,8 миллион теңге)

3. Руслан Әбдіразақов – 1,8 миллион теңге (бапкеріне – 0,9 миллион теңге)

Жалпы, Айбек Нұғымаров екінші рет "Қазақстан Барысы" атанып, 2013 жылғы ерен жетістігін қайталады. Осы орайда, төл күресімізден жалпыұлттық жобаның барлық жеңімпаздарын тізіп шыққанды жөн көріп отырмыз:

2011 жыл – Ұлан Рысқұл,

2012 жыл – Бейбіт Ыстыбаев,

2013 жыл – Айбек Нұғымаров,

2014 жыл – Мұхит Тұрсынов,

2015 жыл – Бейбіт Ыстыбаев,

2016 жыл – Бейбіт Ыстыбаев,

2017 жыл – Еламан Ерғалиев,

2018 жыл – Ержан Шынкеев,

2019 жыл – Айбек Нұғымаров.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу