Айдос Ербосынұлы қарсыласын нокаутқа жіберді

1513

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Нұр-Сұлтанда өткен бокс кешінде қарсылас шақ келтірмеді.

Айдос Ербосынұлы қарсыласын нокаутқа жіберді

Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы орта салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер атанды. Ол бұл титулды Гайанадан келген Аллен Ленноксты жеңгеннен кейін алды. Олардың жекпе-жегі Нұр-Сұлтанда өткен "Көшпенділер айқасы 2" бокс кешінің басты жекпе-жегіне айналды. Кездесу 12 раундқа жоспарланған еді. Бірақ оныншы раундта Ербосынұлы қарсыласын нокаутқа жіберді.

Сондай-ақ 23 жастағы қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, орта салмақта WBA International титулын жеңіп алды. Ол  Нұр-Сұлтанда өткен бокс кеші аясында "Акула" лақап атымен танымал 30 жастағы мексикалық Бруно Сандовалға қарсы жұдырықтасты. Жекпе-жек он раундқа есептелген болатын. Бірақ бірінші раундта-ақ аяқталды. Кездесу басталып, санаулы секундтар өткенде-ақ қазақстандық қарсыласын нокдаунға жіберіп, соңғы минутта нокаутқа түсірді.

21 жастағы қазақстандық боксшы Евгений Павлов екінші жеңіл салмақта WBA International белбеуін жеңіп алды. Кездесу Нұр-Сұлтанда "Көшпенділер айқасы 2" бокс кешінің аясында өтті. Жекпе-жек он раундқа есептелген еді. Павловтың қарсыласы ганалық 25 жастағы Исаак Секи болды. Үшінші раундта қазақстандық боксшы Исаакты нокаутқа жіберді. Ал төртінші раундтың басында төреші жекпе-жекті тоқтатты. Бұл Павловтың кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісі болды.

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін 22 жастағы Данила Семенов кәсіпқой рингтегі төртінші жеңісіне қол жеткізді. Семеновқа Намибиядан келген 36 жастағы Викапита Мероро қарсылас атанды. Боксшылар алты раунд бойы жұдырықтасып, нәтижесінде Семёнов ұпай саны бойынша жеңіске жетті.

Ерлермен қатар бүгін қазақстандық боксшы Фируза Шарипова да шаршы алаңға шықты. Фирузаның қарсыласы ресейлік Любовь Белякова кәсіпқой бокстағы дебютін жасады. Дегенмен, бокста жекпе-жек өткізбегенімен, Любовь тай боксынан Украинаның бірнеше дүркін чемпионы, Әлемдік турнирдің чемпионы және 2020 жылғы Ресей кубогының иегері. Алты раундқа есептелген жекпе-жектің екінші раундында қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға жіберіп, төреші жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдады. Осылайша Фируза кәсіпқой бокстағы 14-жеңісіне қол жеткізді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу