Бірінші болып сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстан билігі мен БАҚ-қа "лайкқа тәуелділіктен" құтылу керектігін айтты.
"Біздің баспасөзде саяси рең пайда болуы керек. Менің армандап жүргенім кәдімгідей оңшыл газеттер, солшыл газеттер, орта таптың мәселесімен айналысатын газеттер, сайттар керек. Менің түсінігімде қазақ қоғамы көбінесе солшыл қоғам. Шындап келетін болсақ, бәлкім бізге 3-4 жылдан кейін тоқсаныншы жылдарда көрмеген нарықтық реформалар қажет болады. Соны айтып жүрген адам некен-саяқ. Не элиталық ортада айтамыз немесе орыс тілінде талқылаймыз. Ал қазақ қоғамының өзін талқылауға қаншалықты біздің дәрменіміз бар, қаншалықты осының жауапкершілігін түсінеміз", – деген сарапшы отандық БАҚ-тың да, биліктің де халықтың қабағына қарап қана жұмыс істеп жатқанын атады.
"Бүгіннің өзінде әлеуметтік бюджеттің 54%-ы республикалық бюджеттен, облыс бюджеттерінің 60%-ы әлеуметтік мәселелерге кетіп жатыр. Рас, екі девальвациядан кейін, қазақтың еңсесін көтеру керек. Бірақ бізге қазір солға емес, оңға бұрылыс қажет сияқты. Демонополизация дейміз, басқа дейміз, осының бәрін насихаттау – біздің міндетіміз. Өз басым, шынымен де, биліктің күшейгенін қалаймын. Өйткені әлсіз билік, "лайкқа", "Фейсбукке" тәуелді билік реформа жасай алмайды. Ал бізге керегі сол реформа", – деді Айдос Сарым.
Есімжан Нақтыбай