Әйел – қорлық, бала зорлық көруде

7495

Бас прокуратурада адам сенгісіз деректер жария болды. 

Әйел – қорлық, бала  зорлық көруде

Қазақстанда  отбасылық жанжал кезінде әрбір үшінші қылмыс кісі өлтірумен аяқталады екен.  Мәселен, 2016 жылы 36 әйел мен 1 бала зорлық-зомбылықтан көз жұмса, қорлыққа шыдамаған 742  әйел мен 175 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған.  Ал  2481 әйел мен 851 бала зорланған.

Жалпы, әйелдерге қатысты қылмыс 90%-ға өскен екен. Естеріңізде болса,  отбасылық жанжал кезінде орын алған кейбір оқиғалар қоғамды дүр сілкіндірген еді. Өмірден алынған нақты деректерге  көз жүгіртейік.  

"Күйеуім 11 жыл бойы ұрып-соқты", –  деп  Шығыс Қазақстанда  бір келіншек кішкентай үш баласын асып өлтіріп, өзі де дарға асылғаны белгілі.

Түркістанда үй иесі 6 адамды: анасын, әйелін, 5 жасар қызы мен ұлын, екі бауырын өлтіруге ұмтылған. Шешесі мен ұлы тірі қалып, төрт адамның бақилық болғаны жаныңды түршіктіреді.

Астанада әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген отбасының артында кішкентай төрт жетім қалды.

Қызылорда да "Айтқаныма көнбеді, айдағаныма жүрмеді", – деп әйелін байлап, атпен сүйреп өлтірген әпербақанды біреу білсе, біреу білмес.

Биылдың өзінде қаншама дерек тіркелді. Қостанайда некені бұзу бойынша өтіп жатқан  сот процесі кезінде ер адам пышақ сілтеп, әйелін о дүниеге аттандырды.

Ал Оңтүстікте тіркелген қылмысты айтуға тіпті, ауыз бармайды.

Статистика бойынша 2015 жылы  үй-жайларда 308 адам көз жұмса, 2016 жылы 36 әйел қаза тапқан. Зорлық-зомбылықтың басқа да сорақы түрлері көп. Мәселен, Екібастұз тұрғыны 11 жастағы туған қызын екі жыл бойы зорлап келген.  Ал 175 жасөспірімнің зорлануы қоғам үшін үлкен қасірет. Ұрпаққа жағымсыз үлгі беретін  отбасылық жанжал кезінде қолын қанға малған қаншама әйел мен еркек темір тордың арғы бетінде өмір сүруде. Міне, осыған қарап қаншама ша­ңы­рақтың шайқалып, бала­ларының жетім қал­ға­нын бағамдау қиын емес. Осын­дай түйткілді мәсе­ленің алдын алу үшін бас про­­ку­ратурада өткен отырысқа Мемлекттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен аталмыш мәселелерге тікелей жауапты бес министр қатысты. Жиында адам құқын бұзатын зорлыққа қарсы зардаптың бүге-шүгесі талқыға түсті.

Жол картасы әзірленді

Мойындау керек, зорлық  әлемнің барлық елінде бар.  Десек те, отбасы құндылығын ойлайтын кез келді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда заңнаманы әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу – уақыт талабы.  

"Әлемнің 124 мемлекетінде, соның ішінде елімізде де тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағытталған заңдар бар. Елбасының өткен жылғы жарлығымен  елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Ол отбасын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға және ондағы зорлық-зомбылыққа қатысты деректерді азайтуға бағытталған" , –дейді мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова. Айтуынша, "Қазақстан отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз" әлеуметтік жобасы аясында  жол картасы әзірленген.  Ол отбасылық құндылықты дәріптеу мен үйдегі зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған. Бас прокурор мұны  жүзеге асыру үшін 53 пункттен тұратын жол картасында  нақты шаралар қарастырылғанын мәлімдеді.  Жиын барысында Жақып Асанов аталмыш жобаны Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданында іске асыруды ұсынды. Мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған топ  сол аудандардағы халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарымен айналыспақшы.  

Елімізде  "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу" туралы заң  2010 жылы қабылданған болатын. Содан бері  аталмыш қылмыстың саны 10%- ға азайған көрінеді.  Денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, соққыға жыққан үшін  2014 жылы – 6000 адам, 2016 жылы  -   718 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда, бұл мәселе  әлі де өзек­ті.  Тұр­мыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік проб­­лема күйінде қалып отыр. Көп­теген құқық бұзушылар жазасыз қалуда. Зорлық-зомбылық деректерінің  айтылмауына байланысты тір­келмей қалғаны қаншама?!

Псиxокоррекциялық орталық қажет

Бас прокурор Жақып Асанов келтірген деректерге назар аударсақ, бұл мәселені шешудің уақыты келді. Ауыр әлеуметтік салдары бар бұл проблема  жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, келешек ұрпаққа кері әсерін тигізеді. Осыған қатысты бас прокурор тығырықтан шығудын жеті жолын ұсынды.

"Біріншіден, мектептерге арнайы курс енгізіп, кәсіпке пайдалы пәндерді оқу процесіне қосу керек. Жастарды қарапайым кәсіп түрлеріне үйретіп, қабілетін ашу, масылдық психологиядан арылту – басты мақсат болуы тиіс", – дейді ол. Бас прокурор заңнаманы өзгертуге де назар аударды.

"Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға бағытталған "Неке және отбасы" туралы, қылмыстық, әкімшілік кодекстерге және басқа да заңдарға түзетулер дайындалды. Сонымен қатар зорлық-зомбылық субъектілері ретінде прокуратура, әділет, ақпарат, мәдениет және спорт, дін істері министрліктері де айналысуы тиіс. Оларды заңға қосу керек. Өйткені, бұлардың әрқайсысы өз бағыты бойынша профилактика жүргізе алады", – дейді Жақып Асанов.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жаңа индикаторлар енгізу ұсынысын айтқан бас прокурор мемлекеттік орган жұмысының тиімділігін бағалайтын нақты критерийлер жоқ екенін алға тартты. Орталықтандырылған және аймақтық деңгейдегі қаржыландыру мәселесі де дұрыс жүйелеуді қажет етеді. Бұған қоса  отбасымен жұмыс істейтін дербес құрылымдар құрған жөн деп санайды Жақып Асанов.

"Зорлық-зомбылықтан жапа шеккен жәбірленушілерден гөрі,  агрессорлармен жұмысты күшейту қажет. Жылда 5 млрд теңге қажет ететін айықтырғыштан гөрі, психологиялық орталықтар құрған дұрыс. Мәселен, Молдовада үш жылдан бері агрессорларға арналған орталық жұмыс істейді. Онда бұзақы не өз еркімен немесе сот арқылы емделеді. Бізге де осындай псиxокоррекциялық қызмет қажет. Оған қаражат жоқ дейміз, алайда түк пайдасы жоқ медициналық айықтырғыштарға жыл сайын 5 млрд теңге бөлінеді. Оның орнына псиxологиялық орталық құрған тиімді", – деген бас прокурордың ұсынысы Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтан қолдау тапты.

"Әрине, бұл ұсынысты толық қолдаймын.  Қазіргі кезде медициналық айықтырғышта адамды тек уақытша оқшаулап, токсикологиялық жағдайдан айықтыру жұмысы ғана жүргізіледі. Бұл ретте псиxологиялық көмек те қажет", – деді Қалмұхамбет Қасымов.

Қоғам парадигмасы өзгеруі тиіс

Бас прокурор атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен сәтті күрес жүр­гізудің негізгі шарты – қоғам парадигмасын өзгерту. Ол үшін отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарына сәйкес түсінік қалыптастыру қажет. Қоғамға қарсы мінез-құлықты еркімен жібермеу керек.

Осы орайда  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетік­терін жетілдіруге бағытталған заңна­малық ұсыныстар айтылды. Мысалы, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді әкімшілік құқық бұзу­шылық қатарына қайтару, отба­сылық жанжалшыларды ұстау мер­зімін арттыру ұсынылды.

"Тағы бір түзету  - әкімшілік қамауды 3 сағаттан 24 сағатқа ұзарту. Бұл уақытта бұзақы есін жинап, ашу-ызасы басылып, не істегеніне дұрыс баға бере алады. Ал үш сағаттың ішінде ол мүмкін емес. Сосын қорғау нұсқамасы деген бар. Оны бәріміз білеміз. Соны бұзса, көбінесе, ішкі істер органдары ескерту жасап жатады. Шынын айтқанда, сол ескертуді ешкім менсінбейді. Оның орнына он тәулікке әкімшілік қамау болғаны жөн",  деді Жақып Асанов.

Айта кетейік, жеті жылдан бері елімізде зомбылықтың алдын алу заңнамасына өзгеріс енгізілмеген. Осыған байланысты арнаулы заң жобасы әзірленуде. Мұның бәрі жуырда  Парламентке жіберіледі. 

Жиын соңында ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою бойынша нақты тапсырма берді.

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу