Әйел – оттегі...

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2217

Мұнай-газ саласындағы әйелдер оттегі сияқты: жоғары жақта мүлдем аз.

Әйел – оттегі...

Бұл – Бүкіләлемдік мұнай кеңесі (World Petroleum Council) мен Global Management Consulting компаниясы жүргізген ауқымды зерттеудің түйіні.

"Мұнай-газ секторындағы ерлер мен әйелдердің мансаптық жолын салыстырдық. Осы жылдың шілдесінде бір жыл бұрын қолға алынған ауқымды зерттеудің қорытындысы шықты. Қорытынды мынадай: әлемдегі мұнай-газ индустриясы жұмысшыларының бестен бірі – әйел", – деді бүгін Астанадағы ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумына қатысқан Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің байланыс жөніндегі директоры Ульрике фон Лонски.

Ульрике фон Лонски форум аясында ұйымдастырылған KAZENERGY Әйелдер энергетикалық клубының үшінші кеңейтілген отырысында баяндама жасады. Шетелдік мейман кіл сұлулар жиналған келелі жиында аталған зерттеудің қорытындысымен бөлісті.

Бүкіләлемдік мұнай кеңесі өкілінің сөзіне сенсек, мұнай-газ индустриясын таңдаған сұлулардың дені әкімшілік жұмысқа "жегілген". Енді біразы бизнесті қолдау бағытында жүр. Ал ең жоғары басшылықта "балқып" отырғаны бірен-сараң ғана.

"Мұнай-газ саласындағы әйелдердің 27%-ы бастапқы кезеңде, 25%-ы орта деңгейде жұмыс істейді. Өздігінен шешім қабылдай алатын басшылық деңгейдегі әйелдердің үлесі - 17%. Ал Chief Executive Officer деңгейіндегі, яғни бас атқарушы директор қызметіндегі әйелдердің үлесі небары 1%-ды ғана құрап отыр", – деді Ульрике фон Лонски.

Шетелдік мейманның сөзінен түйгеніміз, мұнай-газ саласындағы әйелдер намысты қолдан бермеуі керек. Сондықтан бұл жолды таңдаған арулардың үлесі артуға тиіс. Осылайша, мұнай-газ секторындағы кадр тапшылығын жоюға болады екен.

"Жасырын резервтер: мұнай-газ секторындағы гендерлік балансты қамтамасыз ету" деп аталатын зерттеудің қорытындысына сүйенсек, саладағы жұмыс күшінің 20%-ын әйелдер құрайды екен. Яғни, олардың техникалық қызметтегі үлесі тым аз. Бұл өзге салалармен салыстырғанда құрылыстан (11%) кейінгі ең төменгі көрсеткіш.

Зерттеу барысында мұнай-газ секторындағы топ-менеджерлермен 60 мәрте сұхбат құрылған. Аталған салада еңбек етіп жүрген 2 мыңға жуық әйел сауалнамаға қатысқан.

"Бүгінде мұнай-газ саласындағы әйелдердің 10%-ы шет елдерде жұмыс істейді. Жалпы, ерлермен салыстырғанда әйелдер шет мемлекетте жұмыс істеуге ниетті. Мәселен, орташа есеппен алғанда 55 жасқа дейінгі әйелдердің 36%-ы мансабын шет елде жалғастыруды құптаса, бұл жолды таңдауда тайсақтамайтын ерлердің үлесі - 28%. Ал 55 жастан кейін жағдай кері бағытта өрбиді. Тек Африка мен Латын Америкасындағы ер адамдар ғана 55 жасты еңсергеннен кейін де шет елдің "дәмін" татуға қарсы емес екен", – деді Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің өкілі.

Жоғарыда кадр тапшылығы дедік қой. Соңғы жылдары мұнай бағасының күрт төмендеуінен, мұнай-газ секторы шамамен 350 мың адамды жұмыстан босатқан. Ал егер "қара алтынның" бағасы өсіп, қалпына келсе, аталған жұмыс орындарын қайта құру керек болады. Міне, сол кезде мәселе туындауы мүмкін. Себебі...

"Себебі, "Hays" рекрутинг компаниясының 178 елдің мұнай-газ секторындағы жағдайға байланысты жүргізген зерттеуіне сүйенсек, қысқартуға ұшыраған мамандардың 72%-ы өзге саладан жұмыс іздеген. Демек, олардың дені мамандығын ауыстырды. Мұнай-газ секторында мұртын балта шаппайтын қызметкерлер – тәжірибелі мамандар. Ал тәжірибелі маманыңыз – 50 және одан жоғары жас аралығындағы қызметкерлер. Сондықтан бұл саладағы кадр мәселесін реттеу үшін отын-энергетика кешеніне әйелдерді көптеп тарту керек", – дейді Ульрике фон Лонски.

Сондай-ақ Ульрике фон Лонски өз баяндамасында мұнай-газ, энергетика саласындағы әйелдердің қызметтік мансабын орта жолдан аяқтайтынын мәлімдеді. Бұған бірнеше фактор әсер етеді екен. Түптеп келгенде компаниялар гендерлік балансты сақтауға тиіс.

"Мұнай-газ секторындағы әйелдердің үлесін қалайша арттыра аламыз? Біріншіден, бұл мәселеге мектеп қабырғасынан көңіл бөлінуге тиіс. Яғни, аталған саланы таңдау үшін оқушы қыздарды барынша ынталандыру керек. Екіншіден, әйелдер жұмысқа адал келеді. Жоғары лауазымдық қызметтерді атқарғанда әйелдің белсенділігі, бастамашылдығы артады. Осыны ескерген жөн. Оларға басшылық тарапынан көрсетілетін қолдау аз. Мұнай-газ секторындағы әйелдердің қызметтік мансабын орта жолдан аяқтайыны да сондықтан. Нәзік жандылар "біздің еңбегімізді әділ бағаламайды" деген оймен басқа жолды таңдауға мәжбүр болады", – дейді шетелдік мейман.

KAZENERGY Әйелдер энергетикалық клубы жайлы бірер сөз. Клуб 2013 жылы құрылған. Оған еліміздің энергетикалық секторындағы компаниялардың өкілдері мүше. Төрайымы – Айзада Аққайсиева. Ол клубты құрылған сәттен бері басқарып келеді.

Клубтың алғашқы кеңейтілген отырысы 2013 жылы Астанада өткен VIII Еуразиялық KAZENERGY форумында ұйымдастырылған еді. Одан кейінгі отырыс 2015 жылы Х форум аясында өткізілді. Биыл KAZENERGY Әйелдер энергетикалық клубының мүшелері үшінші мәрте бас қосты.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу