"Әйелдер бір жылдың бес күнін айнаның алдында өткізеді"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3139

Президенттің пікірінше, ерлер әйелдерден қалып қоймаудың қамына кірісуі керек.

"Әйелдер бір жылдың бес күнін айнаның алдында өткізеді"

Президент Нұрсұлтан Назарбаев әдеттегідей халықаралық әйелдер күніне орай "Ақордаға" бір топ қыз-келіншекті жинап, құттықтады. Елбасымен дидарласу бақытына ие болғандардың қатарында әртіс пен әкім, көпбалалы ана мен ақын, дәрігер мен мұғалім және басқа да саланың өкілдері бар.

Жиналғандарға жылы лебізін білдірген президент мынадай бір қызықты деректерді келтірді.

"Әйелдер бір жылдың 5 күнін немесе 120 сағатты айнаның алдында өткізеді екен. Сондай-ақ ғалымдар әйелдердің орташа есеппен өмірінің 17 жылын диетаға арнайтынын анықтады. Бұдан бөлек, олар өз ғұмырында 2-3 килограм ерін далабын пайдаланады екен. Әйелдер осының бәрін біз үшін, ерлер үшін жасайды", – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның білім және денсаулық сақтау салаларындағы әйелдердің үлесі 70 пайызға тең. Қаржы саласының 60 пайызын нәзік жандылар құрап отыр. Ауыл шаруашылығында еңбек ететін мамандардың 45 пайызы – әйелдер.

"Сонымен қатар, бизнесте, шығармашылықта, спортта табысқа жеткен қыз-келіншектер жетерлік. Сондықтан ерлер әйелдерден қалып қоймаудың қамына кірісуі керек. Әлеуметтанушылардың зерттеуі көрсеткендей, Германиядағы әйелдердің 35 пайызы жұбайларынан артық ақша табады екен. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 30 пайызға тең. Ал жалпы Еуропадағы көрсеткіші 59 пайызды құрайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің сөзінше, қазір ерлерге қарағанда әйелдер әлдеқайда білімді.

"Мәселен, әлемнің үздік университеттерінде жігіттерге қарағанда, қыздардың саны басым. Өйткені, олар өте табанды, ұқыпты және төзімді", – деді елбасы.

Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға, тұрмысы төмен жандарға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау шараларына да тоқталды.

"Әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, еңбекақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп, тұрғын үйлер салынады. Сондай-ақ отбасы институтын қолдауға бағытталған "Бақытты отбасы" партиялық жобасы іске асырылады. Бұдан бөлек, "Құтты мекен", "Ауыл – ел бесігі" деген жобалар да бар. Бұл жобалар ауылдарды сақтап қалуға бағытталған. Осының бәріне мемлекет 2 трлн теңгеге жуық қаржыны жұмсамақ", – деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы әйел-ананың рөлі жоғары екенін атап өтті.

"Себебі, олар – отбасының ұйытқысы, адал әрі сүйікті жар. Мұндай әйелді барлық ер адам армандайды. Өйткені, әйелдер ұрпақ өрбітіп, жаңа өмір сыйлайды. Қазір орташа есеппен әр отбасында үш баладан тәрбиеленуде. Ал бір жылда 400 мыңнан астам қазақстандық сәби өмірге келеді", – деді мемлекет басшысы.

Осы орайда, елбасы көпбала тәрбиелеп отырған аналарды жүздеген адамның өміріне жауапты ұшақ жүргізушілерімен салыстырды. Президенттің сөзінше, көпбалалы аналардың жұмысы психологиялық тұрғыдан алғанда ұшақ жүргізушілерінен де күрделі екен.

Президентпен кездесу мүмкіндігіне ие болғандардың бірі – Вероника Клочко. Ол – Қостанай облысындағы Мичурин ауылдық округінің әкімі. Үш ұл тәрбиелеп отырған Вероника Клочко 2011 жылы мемлекеттік қызметке ауысқан екен.

"Оған дейін шағын бизнес саласында жұмыс істедім. 2011 жылы мемлекеттік қызметке ауыстым. Қазір ауылдық округ әкімімін. Әкім болу – моральдық тұрғыдан зор жауапкершілік жүктейтін жұмыс. "Нұр Отан" партиясының жуырда өткен съезінде Сіз ауылда жұмыс орындары ашылып, бизнес дамуы керек дедіңіз. Ауылға жасап отырған қамқорлығыңыз үшін Сізге зор алғыс білдіреміз", – деді Вероника Клочко.

Осы орайда, президент ауылда бизнесті дамуға кеңес берді.

"Қазір ауылдықтарға шағын несиелер беріле бастады. Енді ауылға жол сала бастаймыз. Газ құбырларын, су құбырларын тартып, жөндейміз. Мұның бәріне жұмыс күші керек. Қазір Қытай өнеркәсіпті ауылда дамыта бастады. Тұрмысқа қажетті тауарлардың бәрін ауылда шығаратын болды. Болашақта, адамдардың бәрі үйде отырып жұмыс істейтін болады. Мәселен, қазір электронды сауда дамып келеді", – деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір Қазақстанда 7,5 мың ауылдық елді мекен бар. Оның 30 пайызы немесе 2,5 мыңы ірі ауылдар.

"Осындай ауылдарға басымдық беру керек", – деді президент.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу