"Әйелдер ипотекасының" өзге ипотекадан артықшылығы неде?

21629

90 жылдары отбасын асырау үшін ала дорбамен жүк тасыған әйелдер қауымы экономикаға серпін берген болатын.

"Әйелдер ипотекасының" өзге ипотекадан артықшылығы неде?

Қазір ұлттық экономика қанша тырысса да, Елбасы белгілеген 5 пайыздан артық өсімге қол жеткізе алмай жатыр. Ал онсыз еліміздің ғасыр ортасына қарай дамыған отыз елді қуып жетпеуі ықтимал. Сондықтан Үкімет ел дамуының "гендерлік драйверін" қайтадан іске қоспақ. Бұл істе серіктес ретінде Азия даму банкі (АДБ) таңдалды.

Жаңа құрал "әйелдер ипотекасы" деп аталады. Ол ел тарихында тұңғыш рет гендерлік бюджеттеу тетігін іске қосады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, жоба қазірден ендірілуде. Оның аясында қазақстандықтардың тек нәзік бөлігіне жеңілдікті кредиттер беріледі. "Бұл ерлерді кемсіту емес пе?" деген сұраққа бас экономист бас шайқады.  

"Гендерлік бюджеттеу дегенге оң көзқараспен қарауымыз керек. Азия даму банкі осы бағытта біздің "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен" бұрын-соңды болмаған жобаға қол қойды. Қызықты жоба "Әйелдер ипотекасы" деп аталады. Ставкасы 12%-дан аспайды деп күтіліп отырған жеңілдікті несие тек қана әйелдерге ұсынылады. Мұндай жобалар қазір бүкіл әлемде ілгерлетілуде. Бұл біз үшін де өзекті. Сол себепті оны ары қарай дамытамыз", – деді Руслан Дәленов.    

Айта кету керек, осыған қажетті қаражатты қарыз түрінде алу мақсатында заем туралы келісім Р.Дәленов пен АДБ президенті Такехико Накаоның кездесуі кезінде бекітілді. Оған сәйкес, "Тұрғын үй қаржыландыруындағы гендерлік теңдікке жәрдемдесу" жобасы аясында осы халықаралық қаржы институты ТҚЖБ-ға 38 миллиард теңге немесе 100 миллион доллар көлемінде кредит береді.

Қазақстандық нәзік болмыс иелеріне 4 мыңдай несие таратылады.

Мұның экономикаға серпін беруге қандай қатысы бар? Несиелер тек нақты табысы бар әйелдерге ұсынылады, бұл оларды қол қусырып отырмай, жұмысқа орналасуға, төл бизнесін ашуға итермелейді.

"Азиялық елдерде, соның ішінде Қазақстанда әйел-ана ошақ иесі екені мәлім. Демек, ол ең алдымен балалары үшін отбасыда жайлы жағдай қалыптастыруға күш салады. Әйелдердің әлеуеті зор. Тек оны жарқырата ашу үшін ынталандырулар керек", – дейді Такехико Накао.

Айтқандай, алушының табыс деңгейі одан қанша көлемде бастапқы жарна сұралатынына тікелей ықпал етпек. Мысалға, 200 мың теңгеден аз табыс табатын әйелдерге жеңілдік жасалып, тек 15% жарна енгізуге мүмкіндік беріледі. Егер жалақысы одан жоғары болса, бастапқы жарна көлемі 20%-ға дейін өседі.

Бұл ипотекамен бастапқы нарықтағы құрылыс компаниялары салған жаңа баспананы да, сондай-ақ қосарлама нарықтан бұрыннан қолданыстағы тұрғын үйді қолдан сатып алуға да рұқсат етіледі. Тек пәтер құны 30 миллион теңгеден аспауы керек. 

Дегенмен, экономистер 12 пайыздық ставканы қымбат санап отыр. Өз кезегінде ТҚЖБ бұл мөлшерлеме банктің өзіндегі ең жоғарғы 8,5%-дан да жоғары екенін алға тартады. "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің" орталық бөлімшесінің директоры Жансұлтан Матаев ақырғы қарыз алушы үшін пайыздық ставка комбанктердегі ипотекадан арзанырақ болатынына назар аудартады. Егер табысы жетпесе, әйел азамат гарантты не қосымша несиегерді тартуына болады екен.

Бірақ, шынында, "Әйелдер ипотекасы" мембанктің ипотекасынан да тиімді болуы мүмкін. Нақтылай кетсек, ТҚЖБ ұзақ жыл жинағысы келмейтін, пәтерді дәл қазір сатып алуға ниетті клиенттеріне 8,5% мөлшерлемемен несие ұсынады. Бірақ оны алу үшін біріншіден, пәтер құнының тең жартысын, 50%-ын бірден осы банкке енгізуіңіз қажет. Алайда оныңыз бастапқы жарна емес, қарызыңызды қайтаратыныңызды кепілдендіретін сома ғана! Тиісінше, депозит болып табылады және оған ТҚЖБ мардымсыз сыйақы төлейді. Нәтижесінде, мысалы, 30 миллион теңгеге ипотека алсаңыз, ТҚЖБ-ның 8,5% пайыздық ставкасы сол бүкіл сомаға есептеледі. Яғни, одан осы мөлшерлемемен 30 млн теңге кредит алған болып шығасыз.

"Әйелдер ипотекасы" әйелдерден депозитті талап етпейді, 15-20 пайыз бастапқы жарнасын енгізсе болды. Қалған сомаға 12 пайыздай сыйақы есептеледі.

Өзге комбанктерде ипотека 17–33 пайыз аралығында құбылады. 

ТҚЖБ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Қазақстанда 9,1 миллион әйел тұрып жатқанын айтады. Олардың 4,4 миллионы жұмыс істейді. Тең жартысы отбасыларын өз бетінше асырап жүр. 

"Әйелдер сол бұрынғыдай, орташа алғанда ерлер табысының үштен екісі көлемінде ғана жалақы алады. Табысының неғұрлым төмен болуына байланысты оларға қолжетімді несиеге баспана сатып алу да соғұрлым қиын. Осыған орай біз Азия даму банкімен бірлесіп, қазақстандық әйелдерді қолдауға, олар үшін тұрғын үй несиесіне қолжетімділікті кеңейтуге шештік. Мұндай гендерлік жоба Азияда алғаш рет қолға алынып отыр", – дейді Ләззат Ибрагимова. 

Қазіргі кезде ТҚЖБ салымшыларының 60 мыңнан астамы – әйелдер. Олардың 64%-дайы еліміздің екі ірі қаласы Нұр-Сұлтан мен Алматыдан тысқары тұрып жатыр. Салдарынан, олардың тіпті ТҚЖБ-ның өзінен де несие ала қоюы неғайбыл. Гарант таппаса, табысы жөнінен талапқа сәйкес келмеуі мүмкін.

Жаңа ипотеканы іске асырудан мемлекеттік осы банкке не пайда? Азия даму банкі ТҚЖБ-ға 620 мың доллар немесе 235,6 миллион теңге қаржы береді. Оны "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" операциялық мүмкіндіктерін күшейтуге, төмен және орташа табысы бар әйелдерді кең қамту үшін деп тапқан өз шараларына шығындай алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу