Әйелдер кез келген шаруаға жауапкершілікпен қарап, әрбір істің берекесін арттыруға ұйытқы болып жүр…

1325

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. 

Әйелдер кез келген шаруаға жауапкершілікпен қарап, әрбір істің берекесін арттыруға ұйытқы болып жүр… Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

“Қымбатты ханымдар! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сұлулық пен үйлесімді айшықтайтын шуақты көктем мерекесінде біз барша асыл жандарға ерекше құрмет көрсетіп, ықылас-ілтипат білдіреміз. Сіздер түрлі салада жемісті еңбек етіп, елімізді өркендетуге белсенді атсалысып келесіздер. Кез келген шаруаға жауапкершілікпен қарап, әрбір істің берекесін арттыруға ұйытқы болып жүрсіздер. Ардақты аналар бүкіл саналы ғұмырын баласының болашағына арнап, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп отыр. Осы мәртебелі миссиясын кәсіби қызметімен және қоғамға пайдалы жұмыстармен бірге атқарып жүрген арулар да аз емес”, - делінген Президент құттықтауында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы.

“Еліміздің қыз-келіншектері жасампаздық қасиетімен қоғамның құндылықтар жүйесін жаңартуға және Әділетті Қазақстанды құруға өлшеусіз үлес қоса береді деп сенемін. Көктем мерекесі көңілдеріңізге шаттық сыйласын! Баршаңызға бақ-береке және толағай табыс тілеймін!”, - деді Мемлекет басшысы.

Айтп кету керек, осыған дейін Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысып, әйелдер қауымын құттықтағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу