Осының алдында бір топ Мәжіліс депутаты елшілердің, әскерилердің және шекарашылардың әйелдеріне күйеулерінің қызмет еткен мерзімін жұмыс өтілі ретінде жазуды ұсынған болатын. Соның ішінде депутаттар дипломаттардың әйелдерінің жайына екпін түсірді.
"Өйткені елші-дипломаттарымыздың жұбайлары елден жырақта жүреді, ол жақта жұмыс таба бермейді. Мұндай жағдайда толығымен жарына тәуелді болып қалады. Жұмысы болмағасын зейнетақы жарналарын аудармайды. Кредит ала алмайды. Қаржылық бостандықтан айрылады! Оның үстіне күйеуі елші не дипломат болып, ұзақ істесе әйелі кәсіби біліктілігінен айрылады. Салдарынан, Отанға оралған соң өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай қалып жатады", – деді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Депутаттар алысқа бармай-ақ, ТМД елдерінің озық тәжірибесін үлгіге алуды ұсынды. Мысалы, Украина, Өзбекстан, Ресей, Беларусь сияқты мемлекеттерде шетелде өмір сүрген кезеңі дипломаттардың жұбайларының жұмыс өтілі ретінде жазылады.
Ал, дамыған елдерде, мысалға, Бельгияда жұбайы өз зейнетақы жинағының 50%-ын зайыбының жинағына аударуға міндеттелген.
"Әйтпесе, дипломаттардың әйелдері еңбек ету, зейнетақы төлемін алу, зейнетақы жинағын жинау, төл бюджетін иелену мүмкіндігінен айрылып, кемсітушілікке душар болады. Елдің шетінде, желдің өтінде жүрген әскерилер мен шекарашылардың әйелдері де гарнизондарда, әскери қалашықтарда жұмыс таба бермейді. Сондықтан осы санаттардағы азаматтарымыздың аяққа тапталған конституциялық құқықтарын қалпына келтіріп, лайықты зейнетақы алуына жағдай жасау қажет", – деді мәжілісмен ханым.
Үкімет мұның жауабын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жолдады.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев дипломаттар мен әскерилердің отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі Үкіметте қаралғанын жеткізді. Бірақ қолданыстағы тетіктер де жеткілікті деген шешімге келіпті.
Вице-премьер Әлеуметтік кодексте белгілі бір себептерге байланысты жұмыс істеу мүмкіндігінен айрылған азаматтардың жекелеген санаттарын зейнетақымен қамсыздандырудың ерекшеліктері қарастырылғанына назар аудартты.
"Бұл санатқа дипломатиялық жұмысшылар мен әскерилердің жұбайлары да жатады. Кодекстің 208-бабына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мұндай адамдардың кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызметі, мемлекеттік қызметте істеген жылдары есептеледі. Бұдан бөлек, бұрынғы кеңестік мекемелердің, қазіргі Қазақстанның мекемелері мен халықаралық ұйымдарының қызметкерлері зайыбының шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі өтілге есептеледі", – деді Ермек Беделбайұлы.
Сонымен қатар, кодекс бойынша әскери қызметшілер, арнаулы меморгандар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңі де оның еңбек өтіліне жатқызылады.
Осылайша, вице-премьердің мәліметінше, депутаттар ұсынған бастама елде онсыз да бар болып шықты. Кодекстің 206-бабының 2-тармағына сәйкес, аталған уақыт мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептеледі.
Ендеше аталған санаттағы қызметкерлердің жұбайлары жұмыс істемесе, осы өтілмен зейнеткерлікке шыға алады.
Сондай-ақ, осы кодекс бойынша зейнетақы тағайындау кезінде "жекелеген әлеуметтік маңызды кезеңдер" жұмыс өтіліне жатқызылады, бұл дипломаттар мен әскерилердің әйелдеріне де қатысты. Соның ішінде егер дипломаттың немесе әскеридің әйелі:
- 4 бала туып, олардың әрқайсысы 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегінен аспайтын уақыт күтім жасаса,
- немесе, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға күтім жасаса,
- басқа адамның көмегіне мұқтаж І-ші топтағы мүгедектігі бар адамға, ІІ-ші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткер қарияға, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамға күтім жасаса, осы уақыты да базалық зейнетақы төлемін беруде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне жатқызылады.
Көшербаев дипломат күйеуі әйеліне зейнетақы аннуитетін сатып әперіп, биыл 53 жаста ерте пенсияға шығара алатынын жеткізді.
"Өте маңызды жаңалық сол, өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімі – бірлескен отбасылық зейнетақы аннуитеті енгізілді. Бұл аннуитет түрі зейнетақылық аннуитет шартын бекіту кезінде ерлі-зайыптыларға зейнетақы жинақтарын біріктіруге және зейнеткерлікке ресми түрде шығуды күтпей-ақ зейнетақылық төлемдерді ала бастауға мүмкіндік береді. Егер айталық, дипломаттың әйелінің зейнетақы жинағы аз болса, онда отбасылық жұп ретінде осы өнімді пайдалана алады. Мұндай жағдайда ері – 55, ал, әйелі 2025 жылы – 53 жасқа толғанда сақтандыру компаниясынан зейнетақы төлемдерін ала бастайды", – деді Премьердің орынбасары Ермек Көшербаев.
Оның айтуынша, осы аталған нормалар дипломатиялық қызметкерлер мен әскерилердің әйелдеріне "күйеуінің қызметін өткеру орнында еңбекпен қамту мүмкіндігі жоқ болғанына қарамастан, зейнетақымен қамсыздандыру құқығын жүзеге асыруына" мүмкіндік береді.
"Бұдан бөлек, егер Қазақстанның шетелдегі мекемесінде қандай да бір әкімшілік, техникалық бос лауазым орындары болса, ол дипломатиялық қызмет персоналына ере жүрген отбасыларының мүшелеріне ұсынылады. Олар уақытша сол жұмысты істей алады. Сондықтан дипломаттар мен әскерилердің әйелдерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, Швейцария, Дания, Чехия, Эстония сияқты бірқатар еуропалық елдердің халықаралық тәжірибесіне сай келеді", – деді Ермек Көшербаев.
Дипломат қызметкердің зайыбы Лидия Нұрымова әйелдерге елшіліктерде, консулдықтарда және шетелдік ынтымақтастықты дамыту ұйымдарында түрлі қызметтер ұсынылатынын айтады.
"Кейбір әйелдер күйеуінің хатшысы, көмекшісі, тіпті кеңесшісі ретінде жұмысқа орналастырылған. Есепші, курьер, аспаз және басқа да кәсіптер бар. Дегенмен, әйелдеріне көбіне "мұғалім" болуға тура келеді. Қазіргі кезде Қазақстанда мектепті қашықтан, онлайн бітіру жүйесі енгізілді, бұл шетелде баласын жергілікті тілдегі мектепке бергісі келмейтін немесе ағылшынша, орысша мектепті таба алмаған қызметкерлер үшін тығырықтан шығарар жол болды. Содан әйелдер үйде балаларын қашықтан оқытумен айналысады", – деді Лидия.
Ол елшілердің әйелдеріне одан да қиын екенін әңгімеледі.
"Бұрын мен елшілердің әйелдері рахат өмір сүреді деп ойлайтынмын. Сәнді киініп, салтанаттар мен рауттарда тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып жүре бересің. Тек бәріне күлімдей берсең болғаны. Ары қарай өзің тұратын және көрші шет елдерді армансыз арала, қалағаныңша саяхатта! Мәдениетін таны, түрлі дәстүрлі тамағынан дәм тәт! Ләззатты өмір емес пе? Бірақ дипломаттардың әйелдерінің клубында мұның қате көзқарас екенін түсіндім. Шынында, елшінің әйелі де тынбай еңбек етеді, тығыз графикке бағынады", – деді дипломаттың зайыбы.
Өзінің отбасылық-аналық міндеттері сыртында елшінің әйелінің нағыз қызметтік міндеттері де бар және ол үшін ақы төленбейді, тегін істейді. Мысалы, ол барлық жерде күйеуіне еріп жүруі керек. Қаптаған хаттамалық іс-шараларға қатысуы, сөз сөйлеуі талап етілуі мүмкін.
"Кейбір жиын-кездесуге үйленген дипломаттың жалғыз баруы әдепсіздік, этикаға жат саналады. Сондай-ақ, әйелі де тиісті дресс-код сақтауы керек. Қалағанынша, немесе анайы киінуіне тыйым салынған. Өзге елдердің елшілерімен не әйелдерімен әңгімелесе қалса, сөзде ұстамды болуы, сыр шашпауы, мемлекеттік құпияны жария етіп қоймауы шарт. Сол себепті, араққа сылқия тоюға болмайды. Күйеуі сияқты елшінің әйелі де – Қазақстанды ұсынатын, соның атақ-абыройын қорғайтын тұлға саналады. Тиісінше, жауапкершілігі зор" – деді Нұрымова.