Әділет министрлігінде депутаттықтан үміткер жастарға квота бөлу мәселесі тағы талқыға түсті. Бұл жолы қоғамдық кеңес мүшелері партиялық сайлау тізіміндегі 30%-дық квотаны әйелдермен бөлісетін жастардың нақты жасы қаншадан аспауы керек деген сауалдың төңірегінде бір байламға келе алмай тарқасты.
Білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов бастаған бір топ сайлауға партиялық тізім арқылы түсетін жастардың жасы 29-дан аспауы керек деген заң талабына қарсы шықты. Бір қызығы, бұл ұстанымды Zhas Otan жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсембаев та қолдап шықты.
"Заң жобасында жергілікті мәслихат пен Парламентке бірдей жас белгілеп қойған, 25 пен 29 аралығы. Бұрын 29 деген жастар санатының шегі болатын. Ал қазір оқуды 27-ге келіп аяқтайтындар бар. Отбасын құру жасы да бұрынғыдан 4 жылға кейіндеп кетті. Тәжірибе жинап үлгермеген адамды заң шығару сияқты маңызды іске араластырғалы отырмыз. Менің ойымша, жастар квотасына 35 жасқа дейінгілерді енгізген дұрыс шығар. Ал мәслихатқа 29 жас қала берсін. Бірақ 25-тен басталуы керек деген талап сақталғаны дұрыс. Алашорданың барлық басшылары 28-29-да болған екен ғой", – деді Мұрат Әбенов.
Сенаторлықтың дәмін татып үлгерген тағы бір экс-депутат, Әділет министрлігінің қоғамдық кеңес төрағасы Серік Ақылбай да "кемел жас" концепциясын жанын сала қолдады. Ол тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған заң жобасын "Парламентті балабақшаға айналдыру" деп бағалады.
"Бұрынғы сенатор, судья ретінде бұл ұсынысты қолдаймын. Мысалы, қазір судьялар 35 жастан бастап тағайындалады. Неге 29 жаспен шектеліп отырғанымыз түсініксіз. Депутат деген өмірлік тәжірибе жинақтаған, кемел жастағы адам болуы керек. 29 жастағы ұл халықпен қалай кездеседі? Мен депутат болып жүргенде жасым 60-та еді. Соның өзінде халықтың сауалына жауап беруге қиналатынмын. 29 жасында адам өмірді танып үлгермейді. Оның үстіне 29 деген шегі болып тұр. Заң шығарушы органды балабақшаға айналдырудың қажеті жоқ. Заң шығару деген жай келіп, отырып, сықылықтап кету емес. Маңызды мәселелер шешілетіндіктен, маңызды адамдар отыруы керек", – деді экс-сенатор.
Абырой болғанда министрлік жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелерінің арасында депутаттар құрамын жасарту бастамасына оң қабақпен қарайтын жандар да бар екен.
"Келісу" кәсіпқой медиаторлар одағының директоры Сара Ыдрысова "кемел жастағы" депутаттардың ұйқысы да кемел екенін бүкіл халық көргенін еске салды.
"Мен депутаттар кемел жаста болуы керек дегенмен келіспеймін. Парламентте істедіңіз, білесіз. Сол кемел жастағы депутаттардың ұйықтап отырған сәттері интернетте толып жүр. Сіз айтқан маңызды мәселелерді олар ұйықтап отырып шешеді. Сондықтан депутаттар құрамын жасарту керек деп санаймын. Сирек жағдайда болмаса, 60 пен 70-тен асқан жолдастарды Парламентке жібермеу керек. Олар – өмірден шаршаған адамдар. Тәжірибесі тасып бара жатса, басқа іске арнасын. Егер Парламенттің тиімділігін арттырғыларыңыз келсе, депутаттың айлығын азайтып, барлық жеңілдікті алып тастаңыздар. Сонда ғана ел игілігі үшін шын ниетімен жұмыс істейтіндер іріктеледі", – деді ол.
Жиын барысында депутаттықтан үміткер орта буын өкілдері аға буын кандидаттармен бәсекелескеннен гөрі жастар мен әйелдерге бөлінетін квотаға ортақтасуды оңай көретіні байқалды. Аға буын да қалған 70% мандатқа орта жастағы үміткерлерді ортақтастырғысы келмейтін сияқты.
"Zhas Otan жастар қанатына 29-ға дейінгілер қабылданады. Расымен де біздегі жастардың белсенділігі айрықша. Біз квотаға ілінетіндердің жасын 35-ке дейін көтеру арқылы олардың құқығын шектеп жатқан жоқпыз. Керісінше, қатарын толықтыратын едік. Мысалы, менің жасым 31-де дейік. Қазіргі талап бойынша мен партиялық тізімнің квотасынан тыс қаламын. Яғни, маған жасы үлкен, беделді азаматтармен бәсекеге түсуге тура келеді. Екеуміз қатар сайлауға түссек, жасы үлкен үміткердің даусы көп болатыны анық", – дейді Елнұр Бейсембаев.
Жиын барысында заң жобасының өзге де шикі тұстары ашылды. Парламенттік сайлауға түсетін партиялар үміткерлердің тізімін 30%-дық квота талабын сақтай отырып өткізуге тиіс.
"Санмен сөйлесек, Мәжіліске партиялық тізім бойынша 98 адам өтеді. Конституциялық заң бойынша бұған қосымша 30 орын тағы бар. Сонда 98 мандатқа әр партия 128 адам ұсынады деген сөз. Сонда 30% дегеніміз 35 адам деген сөз. Осынша әйел мен жастар болуы керек", – дейді Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков.
Дегенмен, ол бұл талаптың іс жүзінде орындалмай қалуы мүмкін екенін жоғға шығармады.
"Теориялық тұрғыда саяси партиялар сайлауға дейін тізімді талапқа сай өткізіп, сайлаудан кейін мандаттарды бөлісу кезінде ол талапты сақтамай қоюы мүмкін. Заң жобасында бұл мәселе реттелмеген", – деді министрлік өкілі.
Қоғамдық кеңес мүшелері әйелдер қос палатағы 30%-дық межені қазірдің өзінде толтырып отырғанын айтады. Заң жобасында олардың пайыздық ара-жігі нақты көрсетілмеген. Сондықтан, қазіргі құрам сақталған жағдайда жастарға заң шығару органынан орын бұйыруы екіталай көрінеді.
Есімжан Нақтыбайұлы