Асхат Аймағамбетов жеке мектептерді жабылуға мәжбүр еткен мәселені айтты

Ол осы күні жеке мектептерге 80 млрд теңгеге жуық қаражаттың жетіспей тұрғанын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Асхат Аймағамбетов жеке мектептерді жабылуға мәжбүр еткен мәселені айтты Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Депутат жеке мектептердің көбеюі мемлекеттік мектептерді үш ауысымдылықтан құтқарғанын жеткізді. Бұл халқы көп оңтүстік өңірлер мен ірі қалалар үшін де жақсы жаңалық болған.

"Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 800-ден асты. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің (Қазіргі Оқу-ағарту министрлігі) мемлекеттік тапсырыс пен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі. Осылайша, жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда, шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектеп үш ауысымдылықтан құтылды. Мұны жоққа шығару мүмкін емес", – деді А.Аймағамбетов.

Оның сөзінше, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жеке мектептерді қаржыландыру кешіктіріліп жатыр. Тіпті, 2023-2024 жылдарға арналған қаржыландыру әлі толық аударылмаған. Ал, тұрақты қаржыландырусыз мектеп қалыпты жұмыс істей алмайды.

"Қазір жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген мектеп, әсіресе, ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Неліктен? Өйткені, мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігумен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес, бұл – мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектеп 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады. Бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілді, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал", – деді депутат.

Аймағамбетовтің айтуынша, жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілген. Барлық әкімдік бұл өзгерістер туралы білсе де, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлмеген. Қазіргі таңда жеке мектептерге кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспей отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу