Елімізде мал ұрлығының саны 17%-ға азайып, мұндай қылмыстардың ашылуы 60%-ға дейін жақсарды. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов осындай статистикамен бөлісті, деп жазды inbusiness.kz.
"Мал ұрлығы – қылмыстың резонансты түрлерінің бірі. Айта кетейін, мал ұрлығының 70%-ы астамы жайылымда орын алады. Министрлік ветеринариялық бақылау қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүйелі түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Қабылданған әрекеттердің нәтижесінде қылмыстың осы түрі төмендеп келе жатқанын атап өткен жөн. Биылғы жылы олардың саны 17%-ға азайды, анықтау көрсеткіші 60%-ға дейін жақсарды", – деді Құдияр Нұрсейітов.
Көрсеткіш жақсарғанмен қылмыскерлердің айдауында кеткен мал саны аз емес. Мәселен, биыл бес мың бас ірі қара ұрланған. Оның үш мыңға жуығы (56%) табылып, заңды иелеріне қайтарылған.
ІІМ-нің мәліметінше, соңғы бес жылда мал ұрлығы 38,5% азайған. Мәселен, 2016 жылы жеті мыңнан астам осындай қылмыс тіркелсе, 2020 жылы олардың саны екі мыңнан аспаған. Ұрланған мал саны 55,5%-ға, 25 мыңнан 14 мың басқа дейін азайыпты. Әлбетте, мұның өзі аз емес.
Жыл басынан бері 500-ден астам мал ұрысы және 60 қылмыстық топ ұсталды. Павлодар және Түркістан облыстарындағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілген.
"Биылғы жылдың 22 сәуірінде ІІМ Криминалдық полиция департаменті ұйымдастырған арнайы операция нәтижесінде құрамында 5 адам бар өңіраралық қылмыстық топ ұсталды. Олар Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының аумағында мал ұрлығының 6 фактісін жасағаны анықталды. Күдіктілер 167 бас мал ұрлап, 77 млн теңгеден астам шығын келтірген. Түркістан облысы ТЖД қызметкерлері 2022 жылдың көктемінен бері Сарыағаш және Келес өңірінде жылқы мен ірі қара мал ұрлаумен айналысқан төрт адамнан құралған қылмыстық топтың жолын кесті. Ұсталғандардың 18 мал ұрлығы фактісін жасағаны дәлелденді, онда жалпы құны 12 млн теңгеден асатын 26 бас ірі қара мал ұрланған", – деді Құдияр Нұрсейітов.
Айта кететіні, елімізде мал ұрлығы орташа ауыр емес, ауыр қылмыс түріне жатады. Айыппұл көлемі 7 млн теңгеге дейін артты, айыптылар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер олар ұйымдасқан түрде қылмыстық топ құрса жаза 10-12 жылға дейін жаза қарастырылған.
Құралай Құдайберген