Айыппұл азайғанымен, құқық бұзушылық түрі көбеймек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4301

Бұрын заң бұзушылық саналмаған әрекеттер енді заңға қарсы әрекет ретінде танылады

Айыппұл азайғанымен, құқық бұзушылық түрі көбеймек

Қазақстан президенті биылғы жолдауында Әкімшілік және Қылмыстық кодексті ізгілендіру керектігін айтқан болатын. Айта кетейік, бірер жыл бұрын ғана осы кодекстерде айыппұл мөлшері депутаттардың ұсынысымен көбейтілген болатын.

"Әкімшілік айыппұл құқық бұзушылықтың деңгейіне қарай әділ түрде белгіленуі керек. Кәсіпкерлік салада құқық бұзушылыққа санкцияны төмендету жұмысын жалғастыру керек. Біз меншік құқығын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен заң алдында азаматтардың теңдігі жөнінде реформа жасап жатырмыз", – деген еді президент биылғы жолдауда.

Қазір "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасы дайындалып жатыр. Ал бүгін әділет министрлігінің алқа отырысында мекеме басшысы Марат Бекетаев осы бағытта жасалып жатқан жұмысқа тоқталды.

Нақтырақ айтар болсақ, әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты белгіленетін айыппұлды азайту жөніндегі заң жобасын министрлік дайындап қойған. Дегенмен айыппұл азайтылғанымен, әкімшілік құқық бұзушылықтың саны көбеймек. Яғни бұрын заң бұзушылық саналмаған әрекеттер енді заңға қарсы әрекет ретінде танылады. Енді осы заң жобасын парламент қарауы тиіс.

"Министрлік мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және "Атамекен" палатасымен біріге отырып, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын жасады. Осы заңнамаға сәйкес, әкімшілік айыппұлды қысқарту, сондай-ақ ескерту түрінде жасалған әкімшілік жазаның бабын көбейту ұсынылады", — дейді Марат Бекетаев.

Әділет министрінің айтуынша, әкімшілік айыппұл сомасын 30 пайызға дейін азайту ұсынылып отыр.

"Заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтың 150-ден аса құрамы бойынша айыппұл санкциясының мөлшерін азайту, санкциясы ескерту түріндегі әкімшілік жазаны көздейтін бапты көбейту, жеңілдететін мән-жай анықталғанда сотқа, органға лауазымды және заңды тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұлды 30 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін нормаларды қолдануға, тоқтата тұруға негіз болатын құқық бұзушылықты жойған кезде рұқсат беру іс-әрекетін мерзімінен бұрын қайта жаңғырту тәртібін регламенттеу ұсынылған", — дейді Марат Бекетаев.

Министр әзірге нақты қандай баппен айыппұл азайтылып, жаңадан қандай баптың қосылатынын нақтыламады. Сарапшылардың пікірінше, айыппұл бірінші кезекте жол қозғалысына қатысты болуы мүмкін. Ал ішімдік ішіп көлік басқарғандар үшін бұл өзгерістің қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Бекетаевтың айтуынша, әділет министрлігі ҚР Президентінің мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын жоспарлы түрде орындап отыр.

Бұдан бөлек министр мемлекеттік қызметтің бірқатарын "Азаматтарға арналған үкіметке" беру ұсынысы бар екенін айтты.

"Біз бұл мәселені ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесіп қарап жатырмыз. Егер осы министрліктің кей құзіретін "Азаматтарға арналған үкіметке" бергеннен кейін тәжірибе өз нәтижесін беріп жатса, бастаманы өзге де мекемелерге кіргіземіз", – дейді Марат Бекетаев.

Ал Ауыл шаруашылығы минисрлігімен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстың нәтижесінде алдағы уақытта "бірыңғай кадастр" ақпараттық мәліметтер базасы жасалып, бұл база "жылжымайтын мүлікті тіркеу" мен "жер кадастрын" біріктірмек.

Қазақстанда кенже қалып қойған авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау мәселесі де шарада сөз болды. Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімованың сөзіне сүйенсек, былтыр республикада тауар белгілерінің авторлық құқығын бұзу жөніндегі 160 дерек тіркеліп, соның 157-сіне қатысты іс қозғалған. Нәтижесінде 15 млн теңгенің контрафактілік заты тәркіленіп, жойылған.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу