Ақ Олимпиадада жүлдеге ілігуді көздеген ақсары қыз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2951

Фристайл спортының қас шебері Юлия Галышева отандық жанкүйерлерді халықаралық аренадағы жеңістерімен биыл да қуанта бастады.

Ақ Олимпиадада жүлдеге ілігуді көздеген ақсары қыз

Юлия Галышева кеше Тайвуде (Қытайда) өткен әлем кубогының кезеңдік сайысында 77,79 ұпаймен екінші орынға ие болды. Бірінші орынды Америка аруы Джейлин Кауф иеленді (77,90 ұпай). Үздік үштікті Канада қызы Анди Науде түйіндеді (77,64 ұпай). Осы сайыста сынға түскен екінші қызымыз, яғни Аяулым Әміренова 54,26 ұпаймен 34-орынды қанағат тұтты.

Ақпан айында өтетін Ақ Олимпиада қарсаңында Юлияның көзге түсіп, жүлдеге ілігіп жүргені қуантады. Галышеваның соңғы жылдардағы басты мақсаты да осы болатын. Таратып айтар болсақ, ол Сочи Олимпиадасынан кейін халықаралық аренада жеңіс тұғырына жиі көтеріліп, төрешілер көзіне көп түсуді көкседі.

Себебі, Сочи Олимпиадасында финалға шыға алмай қалған. Негізі, әлемнің ең үздік могулшы қыздарынан асып түскендей де еді. Бірақ, бірақ... төрешілер алқасы Шығыс Қазақстанның қаршадай қызына бір жүлдені көпсінгендей, оның өнеріне тиісті бағасын қоймай, "қақпайлағандай" болған. Ақыры Юлия финалда жүлделі орындарды сарапқа салатын үздік алтылыққа іліге алмай, 7-орынды қанағат тұтқан еді.

Бастапқыда Юлия оған өкінгенімен, кейін соның бәрін көңіліне түйіп, қайтсе де төрешілерді мойындатуға көшті. Бірінші кезекте, жыл сайынғы әлем кубогының кезеңдік сайыстарына қатысып, өзінің нағыз шебер фристайлшы екендігін дәлелдеуге тырыса бастады. Жүлделі орындарға жиі ілігіп, мамандар көзіне түсе беруді мақсат тұтты. Қазір бұрынғыдай емес, төрешілер оның аты-жөнін жатқа біледі, қабілеті мен мүмкіндігін бағалайды.

Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Юлия – қазақ спортындағы ерекше таланттардың бірі. Фристайл спортындағы могул жаттығуының хас шебері. Жарыс жолында шаңғысымен төмен қарай құлдырап, ешбір жанның жүрегі дауаламайтын акробатикалық қимылдарды жасайды. Тіпті өте қауіпті трюктерді де орындайды. Қардан жасалған тұғырдан секіргенде, алға қарай еңкейіп, шаңғысының басынан ұстап алып, сальто жасайды. Ержүрек, батыл, қайсар қыз.

Юлияның алдына қойған мақсаты көп. Әрине, оның бірі және бастысы – Олимпиада ойындарында топ жару. Сол үшін қысы-жазы ерінбей, шүмектетіп тер төгіп жүр. Шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толыстыра түсуге тырысып келеді. Асқақ арманына жетуге жанкешті ақсары қызымыздың әлеуеті жетер еді. Бірақ спорт әлемінде баппен қоса бақ та шабуы керек. Сондықтан қайсары қызымыздың бағы жанса екен деп тілейміз.

Жалпы, Юлия өмірдің небір сын-сынақтарынан өткен, қиыншылыққа да тап болған. Мәселен, 16 жасында ауыр жарақат алып, төсектен тұра алмай қалған. Жаттығу кезінде аңдаусыз құлап, омыртқасын сындырып алған. Сонда дәрігерлер "спортқа қайта оралмақ тұрмақ, аяқ басып жүріп кетуіне" күмән келтірген. Бірақ жаны сірі қайсар қыз оған да мойымай, тек спортқа қайта оралуды ғана ойлайды. Жарты жылдан кейін аяғына шаңғысын қайта киіп, кедір-бұдыр қар үстімен төмен қарай тағы жүйткиді...  

Иә, бәрінен бұрын, бағын жансын Юлия, дейміз. Неше жылғы төккен тері жемісін беріп, арманына жетсе, нұр үстіне нұр емес пе?!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу