"Ақ жол" партиясы Дания Еспаеваға сенім артты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3298

Партия атынан алдағы президент сайлауына түсетін кандидат анықталды.

"Ақ жол" партиясы Дания Еспаеваға сенім артты

"Ақ жол" демократиялық партиясы алдағы президент сайлауына түсетін кандидатты анықтады. Партия өкілдері Дания Еспаеваға сенім артып отыр. Бүгін партияның кезектен тыс ХV съезіне қатысқан делегаттар ашық және құпия дауыс беру арқылы өз таңдауын жасады.

Жалпы, "Ақ жол" партиясының атынан 6 адам президент сайлауына қатысуға ниетті болған. 13 сәуірде партияның Орталық кеңесінің пленумы президент сайлауына үміткерді анықтай алмады.

Бұған дейін төрт адам – Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Қуат Рахымбердин, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Асан Қошмамбетов, партияның Атырау облыстық филиалының өкілі Серік Ерубаев және партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілі Евгений Кинцель өз кандидатурасын ұсынған еді. Кейін бұл қатарға Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева мен Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев қосылды.

Бүгін барлық үміткер өздерінің сайлауалды ұстанымдарын жариялап, делегаттардың сұрақтарына жауап берді.

Дауыс беру кезінде делегаттардың 49,5 пайызы депутат Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдады. Алайда, кандидаттың дауысы 50 пайыздан артық болуы керек. Осыдан соң президиум мүшелері кеңесіп, екінші турды өткізбеу жөнінде шешім қабылдады. Себебі Дания Еспаева айқын басымдықпен алда тұрды. Делегаттар аталған шешімді қолдады. Осылайша, Дания Еспаева партияның атынан президент сайлауына кандидат ретінде бекітілді.

Еске сала кетейік, "Ақ жол" партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев президент сайлауына түсуден бас тартқан болатын. 

"Партия мен партия төрағасы бірдей деген ұғымнан арылуымыз керек. Перуашевтан гөрі "Ақ жол" партиясы әлдеқайда ауқымдырақ. Егер партияны дамытамыз десек, онда бәсекелестікті құптап, жаңа есімдерді танытуымыз керек. Сондықтан, мен бұл сайлауға қатысудан бас тартып отырмын", – деді Азат Перуашев партияның бүгінгі съезінде.

Дания Еспаева 1961 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Ақтөбе облысының тумасы. ҚР Парламент Мәжілісінің дептутаты. Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. Ұзақ жылдар бойы банк саласында қызмет істеген. Екі баланың анасы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу