Академиктердің өмір бойы бюджеттен алатын стипендиясының көлемі анықталды

2507

Қазақстанда академик атанғысы келетін үміткерлерге қатысты жаңа талап, критерийлер әзірленді.

Академиктердің өмір бойы бюджеттен алатын стипендиясының көлемі анықталды

Президент жарлығымен биыл жаңа министрлік құрылғаны мәлім, ол жоғарғы білім және ғылыммен айналысады. Ал Үкіметтің 2022 жылғы 19 тамыздағы №580 қаулысымен Саясат Нұрбек басқаратын жаңа меморганға мықты құзыр берілді. Ол академиктерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстай алады. Әрине, жас әрі бір қызметте 2 жылдай уақыттан артық отырмайтын Саясат Нұрбек Ұлттық ғылым академиясының жұмысын қазіргі заман талабына сай қайта құра ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҰҒА-ға қатысты реформалар басталды.

Бұл ретте жаңа министрлікке "Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлеу және бекіту" құзыры берілді. Әйтпесе, бұл сала айқын емес, бұлыңғыр жағы көп.

Сонымен бірге Ғылым және жоғары білім министрлігі "зейнеткерлік жасқа жеткен академиктерге өмір бойғы ай сайынғы стипендия белгілеу қағидаларын әзірлеу және бекіту" өкілеттігіне ие болды.

Осы функциясы аясында министрлік "ҰҒА академиктеріне ай сайынғы өмір бойғы стипендияның мөлшерін белгілеу және ҰҒА академиктеріне ай сайын төленетін өмір бойғы стипендияны белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі.

Құжатқа сәйкес, мемлекет ел бюджетінен ҰҒА-ның әрбір академиктеріне ай сайын және өмір бойы 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде стипендия төлеп тұрады. Бұл үшін ғалымдарға ешқандай жаңа жетістікке жету, елге, экономикаға еңбек сіңіру қажет емес, тек академик атағы болса, болды.

Оның үстіне стипендия көлемі АЕК-ке телінгендіктен, ал бұл көрсеткіш жыл сайын жоғарылайтындықтан, стипендия көлемі де тоқтаусыз өсіп отырады. Мысалы, бұл стипендия мөлшері 2022 жылы 190,8 мың теңгені құрайды. Ал 2023 жылы 207 мың теңгеге дейін өседі деп күтілуде (1 АЕК көлемі келер жылы 3 450 теңгеге ұлғаяды).

Атап өтетін жайт, мұның сыртында академиктер мемлекеттен қомақты зейнетақы алады. Түрлі қайтарымсыз әрі мол гранттарға қол жеткізуге, қаптаған ғылыми бағдарламаларға қатысып, бюджеттік миллиардтарды игеруге де мүмкіндігі бар. Бұған қоса, Президент стипендияларын, сондай-ақ Үкімет тағайындайтың мемлекеттік атаулы стипендияларды қанжығалай алады.

Бұл бақыт қанша адамға бұйырмақ? Ұлттық ғылым академиясының ресми дерегінше, Қазақстанда 163 тұлға ҰҒА академигі атағына ие. Олардың толық тізімімен мына ҰҒА сайтынан танысуға болады.

Бірақ олардың бәрі алмайды. Ол үшін келесі шарттарға сәйкес келуі шарт. Жаңа стипендияны алу үшін біріншіден, академик Қазақстан азаматы болуы, яғни тіпті шетелге тұрақты тұруға көшіп кетсе де, Қазақстан азаматтығынан шықпауы шарт. Екіншіден, ол жастарға берілмейді. Зейнеткерлік жасқа толған ҰҒА академиктеріне тағайындалады.

Стипендияны төлеу мынадай жағдайларда тоқтатылады:

  • ҰҒА академигі қайтыс болғанда;
  • ҰҒА академиктерінің қатарынан шығарылғанда;
  • Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда.

Академиктер қомақты стипендияны әр айдың 10-шы күніне дейін банк шотына аударылу жолымен алып тұрады.

Жалпы "бармақ басты, көз қысты" тірліктер қажытса керек, бүгінде Үкімет академик атану бойынша ойын ережелерін қайта жазып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі таяуда Ұлттық ғылым академиясының академиктеріне қойылатын критерий-өлшемшарттарды бекітуге ниетті. Сондай-ақ академиктерді сайлау қағидаларын дайындап жатыр.

Академик болу үшін не істеу керек?

Министрліктің түсіндіруінше, ҰҒА академигі болу үшін ғалым мына шарттарға сай болуға тиіс:

  • Қазақстан азаматы;
  • ғылыми дәрежесі болуы;
  • ғылымда жұмыс тәжірибесі болуы;
  • жынды және нашақор болмауы (психоневрологиялық және наркологиялық диспансерден белгіленген нысандағы денсаулық жағдайы туралы анықтама талап етіледі);
  • соттылығы өтелген болуы;
  • сыбайлас жемқорлық жасамаған болуы (анықтама);
  • ғылым саласындағы уәкілетті орган белгілеген өлшемдерге сәйкес келуі міндетті. Бұл қандай өлшемдер? Ол туралы төменде.

Ғалымдарды академик атағына ұсыну рәсімі ҰҒА директорлар кеңесінің-төралқасының Академия академиктеріне сайлау өткізу туралы шешімі шыққан соң басталады.

Төралқаға қазір Мұрат Жұрынов (ҚР ҰҒА президенті, ҰҒА академигі), Жансейіт Түймебаев пен Зарема Шәукенова (екеуі де вице-президент, академиктер),және басқасы, жалпы саны 21 академик кіреді.

Дегенмен әлдеқалай жағдай болып, "төралқа жинала алмаған кезде, ерекше жағдайларда академия академиктеріне кезектен тыс сайлау өткізілетінін уәкілетті орган", яғни Ғылым министрлігі жариялай алады.

Ғылым министрлігі әзірлеп жатқан өлшемшарттар бойынша, әр сала үшін квота бөлінеді. Жаңа академиктердің санын, мамандықтардың атауын, оларды ҰҒА-ның бөлімшелері, секциялары және өңірлік бөлімшелері арасында бөлуді де төралқа айқындайды.

Академиктер сайлауын өткізу туралы хабарландыру республикалық БАҚ-та, академияның және министрліктің сайтында дода өткізілгенге дейін 6 ай бұрын жарияланады. Ол хабарландыруда академик атанудан үміткерге қандай талаптар қойылатыны, құжаттарды тапсыру мерзімдері, құжаттар жіберілетін мекенжайлар көрсетіледі.

Кандидаттар құжаттарын оларды қабылдау басталған күннен 30 күн ішінде табыстап үлгеруі шарт.

Бұл жерде ҰҒА академиктеріне кандидаттар ұсыну құқығы тек қана ғылыми-зерттеу ұйымдарына, ЖОО-ларға және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына беріледі. Академикке кандидат осы аталған ұйымның штаттық қызметкері болуға тиіс.

Оның құжаттарына үміткердің ғылыми еңбектердің және ғылыми жетістіктерінің тізімі, патенттері, іске асырған жобалары мен бағдарламалары туралы мәлімет қоса беріледі.

Ғылым министрлігінің дерегінше, арнайы сараптама комиссиясы кандидаттардың ғылыми жетістіктерін жан-жақты бағалайды және олардың кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді. Сараптама комиссиясы жұмысының қорытындысы шешім қабылдау үшін төралқаға ұсынылады.

Сайлау қалай өтеді?

Академиктер сайлауы жалпы жиналыс түрінде бір турмен өткізіледі. Жалпы жиналыс мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің даусын жиған кандидаттар жеңімпаз, яғни академик атанады.

Егер жиналыс жиналмаса, онда төралқа 25 академикті жинап, жеңімпаздарды солар анықтасын деп ұсынылып отыр.

Жалпы жиналыста дауыстарды есептеуді ҰҒА төралқасы қалыптастыратын Есеп комиссиясы жүргізеді. Басқа сайлаулардан айырмашылығы сол, мұнда кандидаттар немесе өзге ұйымдар жиналысқа өз бақылаушыларын жібере алмайды. Ендеше жабық есік жағдайында не болып жатқаны белгісіз қалуы мүмкін.

С.Нұрбектің командасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланатын адамдарға мынадай өлшем-критерийлерді ұсынбақ.

Біріншіден, кандидат міндетті түрде ғылым докторы болуға, не бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі, профессор ғылыми атағы болуға тиіс.

Екіншіден, ғылыми ұйымдарда кемінде 10 жыл жұмыс істеуі, соның ішінде ғылыми зерттеулерді жүргізу және ғылыми жобаларды басқару тәжірибесі болуы, ол жобаларының нәтижелері ғылыми қоғамдастық тарапынан мойындалуы қажет.

Үшіншіден, жоғарғы оқу орындарында ең кемі 10 жыл, соның ішінде шетелдік жоғары білім беру ұйымдарында немесе ғылыми-білім беру ұйымдарында кемінде 5 жыл жұмыс істеуі шарт.

Төртіншіден, ғылым саласында көрнекті жетістіктері болуы керек. Мысалы, шетелдік ғылыми басылымдарда шыққан мақалалары, басылған монографиялары, қорғау құжаттары болса жеткілікті.

Бесіншіден, шәкірттері арасынан кемінде 3 философия докторын (PhD), бейіні бойынша докторды, немесе ғылыми консультант, басшы мәртебесіндегі 1 ғылым кандидатын, ғылым докторын даярлауы және табысты қорғауына қол жеткізуі тиіс.

Алтыншыдан, төл академиялық саласы бойынша мәртебесі, танымалдылығы және тәжірибесі, сонымен қатар бірінші кезекте төл ғылымын байытқан ғылыми маңызы еңбектері болуы қажет. Жасыратыны жоқ, шетелдік, кеңестік не отандық өзге ғалымдардың еңбегінен көшіріп алып, плагиат арқасында доктор атанғандардың бары әшкереленуде. Оны Ғылым министрлігі де растады.

Демек, плагиат жолымен "ғылымды байытқандар" академик болып кетпеуі үшін министрлік кандидаттың еңбегі "әлемдік балама-аналогтарымен салыстыруға келетіндей салмақты болуға және мұнысы тәуелсіз сарапшылардың бағалауымен (peer review) расталуға тиіс" деп ұсынды.

Жалпы академик атағының мәртебесін көтеру үшін талаптарды да арттыруға болатын еді. Бірақ осы талаптардың өзі сақталса, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу