Ақан Сатаев: өрттің әдейі жасалғаны анық

Полиция департаменті оқиғаның себебін анықтауға кірісті. 

Ақан Сатаев: өрттің әдейі жасалғаны анық

14 тамызда Қазақфильм киностудиясы отқа оранды. Өрт отандық киномотографияның классикасына айналған туындылар дүниеге келген "қара шаңырақтың" 600 шаршы метрін шарпыған. Оқиға орнына 7 минутта жеткен мамандар тілсіз жаудың көрші әкімшілік ғимарат пен реквизиттер сақталған қоймаға өршуіне жол бермеген.

Хронология бойынша

Киностудияның отқа оранғаны туралы қалалық өрт сөндіру қызметіне нысан күзетшісі сағат 21:33-те хабарлаған. Шамамен 1,5 сағатта ауыздықталған өрт екі жерден шыққан. Бұл туралы бірден шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев желідегі парақшасында хабарлады.

"Қазақфильмде өрт шықты. Аумағы 400 шаршы метр ошақ 23:10-да, екінші аумағы 200 шаршы метр ошақ 23:26-да сөндірілді. 53 қызметкер мен 16  техника жұмылдырылды. Өрт салдары жойылуда. Зардап шеккендер жоқ", – деп жазды қала әкімі.

Киностудияны қасақана өртеуі мүмкін

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ директоры Ақан Сатаев Instagram желісіндегі жеке парақшасында осындай мәлімдеме жасады.  Оның сөзінше шығын көлемі көп емес. Сондықтан киностудия басшысы жұмысын жалғастырып, қылмыскерлердің жазалануын талап етпек.

"Мен Қазақфильм киностудиясындамын. Қазір "Қазақ хандығы" кинокартинасының жанып кеткен декорациясының ортасында тұрмын. Өртеніп кеткен екінші нысан осы жерден 200 метр қашықтықта орналасқан ағаш қойма болатын. Әлбетте, бұл әдейі қойылған өрт болды. Зардап шеккендер жоқ. Шығын көлемі аса көп емес. Сондықтан жұмысымызды жалғастырамыз. Біз осыны жасаған қылмыскерлерді табамыз деген үміттемін", –  деді киностудия басшысы.

Тергеу амалдары басталды

"Шайбан Шах сарайы" декорациясынан қалған реквизиттер мен өзге де бұйымдарды ретке келтіру жұмыстары түн жарымға дейін жалғасқан. Істі шаһар басшысы жеке бақылауына алып, ТЖД мен полицияға өрттің себебі мен шығынын анықтауды тапсырған.

Сонымен қатар оқиға орнында Мәдениет және спорт министрінің қатысуымен кездесу өтті. Оған киностудия басшылығынан бастап Ішкі істер департаментінің өкілдері сынды барлық жауапты мекемелердің басшылығы қатысты.

Бұл ретте ТЖД өкілдері аталған оқиғаға байланысты арнайы сараптама тағайындалғанын жеткізді. Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы мен өрт зертханасы да өз жұмыстарын бастады. Оның қорытындысы шамамен бір  айдан кейін белгілі болмақ.

Еске сала кетсек, Қазақфильм киностудиясы 1934 жылы құрылды. Ұлттық кинематографияның алтын қорына енген жауһар туындылар дүниеге келген шаңырақта  Сұлтанахмет Қожықов, Мәжит Бегалин, Ораз Әбішев сияқты белгілі қайраткерлер қызмет еткен. 1984 жылы киностудияға Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың аты берілді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу