Ақан Сатаев: Таласбек Әсемқұловтың "Томирис" туралы сценариін оқыған жоқпын

Киносүйер қауым 2,5 жыл күткен "Томирис" фильмі Қазақстан бойынша прокатқа 27 қыркүйек күні шығады.

Ақан Сатаев: Таласбек Әсемқұловтың "Томирис" туралы сценариін оқыған жоқпын

"Томирис" фильмінің сценариі қалай жазылды? Сақ ханшайымының рөлін сомдаған Әлмира Тұрсын кастингтен қалай өтті? Фильм трейлеріне ирандықтардың көңілі неге толмай жатыр? Орталық коммункациялар қызметінде өткен брифингте тарихи туындыны түсіруші топ осы сауалдарға жауап берді.

Бас режисер Ақан Сатаевтың айуынша, "Томирис" тарихи туындысының сценариі Алмас Ордабаев  сияқты отандық тарихшылардың кеңесімен жазылған. Ал фильмнің өн бойындағы сюжеттерге әйгілі тарихшы Геродоттың жазбалары негіз болған.

"Осыдан 2,5 жыл бұрын  біздің бас продюсеріміз  Әлия Нұрсұлтанқызы "Анаға апарар жол" фильмінен кейін "Томирис" дейтін тарихи туынды түсірсек деген ұсыныс айтқан болатын.  Сол кезден бастап сценарий жазуды қолға алдық. Одан кейін Елбасының алдынан өтіп, ақ батасын алдық. Енді міне 2,5 жылдық жұмыстың жемісін көріп, фильмнің тұсаукесерін бастағалы отырмыз", – деген Ақан Сатаев "Қазақфильм" қорында "Томирис" фильміне арналған 4 сценаридің нұсқасы жатқанын айтты.

Журналистердің Таласбек Әсемқұлов жазып қалдырған, көпшілікке танымал сценарийді неге таңдамағаны туралы сауалына Ақан Сатаев екіұшты жауап берді.

"Ондай сценаридің бар екені маған айтылды. Бірақ өзім тікелей оқып танысқан жоқпын. Біз бұл фильмді түсірер кезде барынша обьективті болу үшін Геродоттың әлем мойындаған нұсқасын алдық. Сондықтан да сценарийді соның негізінде бастан-аяқ өзіміз жазып шықтық", - дейді бас режисер.

Тұмар ханшаның рөлін сомдаған Әлмира Тұрсын үшін бұл туынды дебют болып отыр.

"Бұл кино менің дебютім. Сондықтан, аздап алаңдаушылық бар. Бірақ көрерменге ұнайды деп сенем. Өзім де туындының қалай шықанын толық көрген жоқпын. Бүгін елмен бірге көруге барамын. Актриса мамандығын меңгермегенмін. Негізгі мамандығым басқа. Осы рөльдің маған бұйыруы бақ деп санаймын. Өмірім жақсы жағына өзгерді деп айтуға болады. Бала кезімде "киноға түссем ғой" деген бір балаң армандар болғанын да жасырмаймын. Сол арманым ойда жоқта орындалып отыр", – дейді бас кейіпкер.

Әлмира Тұрсынның "Томирис" рөліне тағайындалуының өзі бір тарих. Түсіру тобының кастинг-директоры оның суретін интернеттен тауып, бас кейіпкерге ұқсатса керек. Ал өзі ол кастинг туралы естімеген де. Осылайша талай кәсіби актрисаның арманы болған рөлге Әлмира Тұрсын Instagram арқылы тікелей жол тапқан.

"Кастинг-директор ұсынған суреттердің ішінде Әлмираның да фотолары болды. Келбеті Томириске келетін сияқты көрінді. Ұжым боп ақылдастық та, актерлік қабілетін сынау үшін жүздесуге шақырдық. Барлық сыннан сүрінбей өтіп, басты рөльге алынды", – дейді Ақан Сатаев.

Ақан Сатаев фильмнің толық нұсқасы шықпай жатып, ирандықтардан сын естігенін де еске алды.

"Біткен іске сыншы көп. Бұл фильмге де сын айтылатын шығар. Егер сын негізді болса, біз қабылдауға әрқашан дайынбыз. Иран тарапынан біздің Геродот жазбаларына сүйеніп жазған сценариімізге сын айтылды. Иран тұрғындары Геродот жазып қалдырған тарихи нұсқаны қабылдамайды.  Біз ұсынған тарихтың іргетасында Геродот нұсқасы жатыр.  Біздің баян содан бастау алады.  Сонымен қатар, айта кетейін: фильмде тағы бір жарқын тұлға бар – ол Кир патша. Мен оны сол заманның ұлы тұлғаларының бірі деп есептеймін. Біз бұл персонажға өте зор құрметпен қарадық. Сондықтан, ирандық көрермендер біздің картинаны көрсе – аса бір уәж бола қоймайды. Себебі, бұр жерде сұрақты Геродотқа қою керек. Бұл – сол тұлғаның айтқаны. Әлемдегі халықтардың 90 пайызы бұл тарихты соның жазғанымен қабылдайды", – деді А.Сатаев.

Бас режиссер түсірілім жұмыстары тура 93 күнге созылғанын атады. Шығармашылық топтың жұмысы қарбалас болғаны сондай, бір мезетте 800-ге жуық адам түсірілім алаңында жұмыс істепті. Негізгі түсірілімдер Жаркент, Бурабай, Баянауыл, Шонжы, Қапшағай сияқты  жерлерде жүрген. Вавилонмен қатысты сәттердің бәрін Марокко жерінде түсіру жоспарланғанымен, қаржы үнемдеу үшін ол идеядан бас тартуға тура келсе керек.

Ақан Сатаев түсірілім кезінде Әлмира Тұрсынның аяғы сынғанын да айтып қалды. Актрисаның өзі бұл оқиға оқыстан боғанын түсіндірді.

"Аяғымды аттан құлап сындырған жоқпын. Тайып құлап, мертіккен болатынмын. Жаз кезі еді. Бір ай бойы гипспен жүрдім. Тағы бір ай шалт қимылдардан сақтануға тура келді. Фильмге деген ынтам шығар, тез жазылып, қатарға қосылуға асықтым. Қазір аяғым мазаламайды", –  дейді ол.

Фильмде Кир патшаның рөлін Ридли Скоттың  "Аспан әмірлігі" фильмінде Саладин патшаның рөлін сомдаған голливуд актері Гасан Мусад  сомдаған.

Айта кетсек, бүгін киносүйер қауым 2,5 жыл күткен "Томирис" фильмінің алғашқы көрсетілімі Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Ал Қазақстан бойынша прокатқа 27 қыркүйек күні шығады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу