Акция саудасы 2,3 млрд теңгеге төмендеді

4377

"Қазақстан қор биржасы" АҚ өткен айдың қорытындысын жариялады. Акция нарығының көрсеткіші көңіл көншітпеді, деп хабарлайды inbusiness.kz

Акция саудасы 2,3 млрд теңгеге төмендеді

Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, мамыр айында акция  нарығын капиталдандыру көлемі 19,8 трлн теңгені немесе 46,4 млрд долларды құрады. Нәтиже 2 ай бұрынғы көрсеткіштен 1,6 трлн теңгеге немесе 7,6 %-ға кем болды. Кері көрсеткішке KAZ Minerals PLC жай акцияларының делистингі әсер етті.

"Қазақстан қор биржасының сауда тізімінде 122 эмитенттің 138 акциясы болды. Оның ішінде 4 эмитенттің акциясы листингтік емес бағалы қағаздар секторының айналымына жіберілді. Есептік айда биржаның ресми тізіміне AltynGold PLC және "Сентрас Секьюритиз" АҚ-ның жай акциялары енгізілді. Эмитенттің бастамасымен KAZ Minerals PLC жай акциялары биржаның ресми тізімінен шығарылды", – деп нақтыланды қордың ресми ресурсында.

Белгілі болғандай, өткен айда акциялардың сауда көлемі 31,7 %-ға немесе 2,3 млрд теңгеге төмендеді. Сауданың орташа күндік көлемі 270,6 млн теңгені құрады. Күніне орта есеппен 1 836 мәміле жасалды. Бір мәміленің құны шамамен 147,4 мың теңгеге пара-пар болды.

"Сәуір, мамыр айларында акция саудасы тек қайталама нарықта өтті. Инвесторлардың негізгі санаттары бойынша жеке тұлғалардың акциямен жасаған мәмілесі – 46,1%, брокер-дилерлердің мәмілесі – 12,4%-ды құрады. Басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне –10,2%, өзге заңды тұлғаларға – 31,3% тиесілі болды. Резидент еместердің қатысуы 9,7%  мөлшерінде бағаланады", – деп хабарлады Қазақстан қор биржасының баспасөз қызметі.

Корпоративтік облигация нарығында оң нәтиже тіркеліпті. Мұнда борыш көлемі 2,3%-ға немесе 333,6 млрд теңгеге ұлғайып, 14,9 трлн теңгеге немесе 34,9 млрд долларға өскен. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі: "Мамыр айының соңында Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде 66 эмитент шығарған 270 корпоративтік облигация болды. Есептік айда ресми тізімге "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ халықаралық облигациясының 2шығарылымы енгізілді. Ресми тізімнен айналым мерзімінің өтуіне байланысты "Фридом Финанс" АҚ облигациясының бір шығарылымы алып тасталды", – деп жазды.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу