Әкім бол, сайлауға жақын бол

3850

Облыс әкімдері жерлестеріне үлгі көрсетіп бағуда.

Әкім бол, сайлауға жақын бол Фото: Серікжан Қобыланбаев

Бүгінгі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы әкімдерді күн жексенбі болғанына қарамастан, таң бозынан тұрғызды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов таңғы 7:30-да Қазақ ұлттық өнер университетінің №329 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Ал Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің конституциялық құқығын Оқушылар сарайында орналасқан №377 сайлау учаскесінде іске асырды. 

"Сайлау КВИ пандемиясы жағдайында өтуде. Сондықтан біз учаскелерде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қабылдадық. Қала тұрғынының сайлауға қатысуы үшін барлық жағдай жасалған", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев болса, өз таңдауын Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесінде жасады. 

"Бұл сайлау – өте ерекше сайлау. Өйткені партиялық  тізіммен сайлау өтіп жатыр,  өте ашық, бәсекелестік түрде өткізілуде.  Сондықтан Түркістан облысының тұрғындарын өздерінің Конституциялық құқықтарын пайдаланып,  келіп  белсенді түрде дауыс беруге шақырамын", – деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысында 1 160 138 сайлаушыға арналған 911 учаске жұмыс істеп тұр. Жалпы Түркістан облысына 320 депутаттық мандат берілген. Оның ішінде облыстық мәслихатқа – 45, қалалық мәслихатқа – 47, Түркістан – 16, Арыс – 13, Кентау – 18 және аудандық мәслихатқа – 228.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те сайлаушылардың алғашқы легімен шаһардағы № 231 сайлау учаскесіне келді.

Әкімдіктің баспасөз қызметіберген мәліметке сенсек,  Шымкентте 617 мыңнан астам сайлаушы бар. Жалпы қала аумағында 312 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі әлемуеттік желіге Оңдасын Оразалиннің дауыс берген сәтіндегі суретін салып, облыс басшысының "сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келгенін" жазды. 

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орал қаласындағы №17 мектепте орналасқан №28 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Бұл өңірде барлығы 231 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдап жатыр. 

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада орналасқан №15 сайлау учаскесінде Ата заңдағы азаматтық құқығын пайдаланды.

Жалпы Павлодар облысында 532 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы №35 сайлау учаскесінде дауыс беріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

"Әр адамның дауысы маңызды және елдің қай бағытта жүретіні соған байланысты. Мен барлық жамбылдықтарды сайлау құқығын пайдалануға, қоғамдық және саяси процестерден қалыс қалмауға шақырамын. Сайлау учаскелері сайлау комиссиялары мен тәуелсіз байқаушылардың жұмысына керек барлық қажеттілікпен жабдықталған. Дауыс беру құпиясы мен таңдау еркіндігі қатаң сақталады" - деді Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысының аумағында 492 сайлау учаскесі құрылған. Осы учаскелерге сағат 14:00-ге дейін дауыс берушілердің 55,1 % пайыз келіп үлгерген.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов  Атырау қаласындағы  Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында орналасқан №8  сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Өңірде барлығы 265 сайлау учаскесі тұрғындарға дауыс беру мүмкіндігін ұсынуда.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңір орталығындағы № 101 мектепте орналасқан № 263 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Жалпы бұл облыста 9 аумақтық сайлау комиссиясы, 376 сайлау учаскесі құрылған. Өңірдегі сайлаушылардың саны 492 мыңнан асады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы №42 орта мектпте орналасқан 9-шы сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Бұл сайлау учаскесінің жұмысы таңғы сегізден басталған. Онда барлығы 2 426 сайлаушы тіркеліпті. Олардың 600-ге жуығы түскі сағат 12:00-ге дейін өз таңдауын жасап үлгерген.

"Сайлауға келушілер қарасы көп екен. Бұл өте қуанышты жайт. Жерлестеріміздің маңызды саяси науқаннан шет қалмай, дауыс беріп, азаматтық ұстанымын білдіруі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды аңғартса керек. Сондай-ақ бүгін сайлау учаскесіне келушілердің арасында әйелдер көп екенін байқадым. Бұл қыз-келіншектеріміз ел болашағына бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр", – деді дауыс беріп шыққан аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Қазір ШҚО бойынша 1 039 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бұл жолғы сайлауға да жұбайымен бірге келді.

Әкім дауыс берген № 974 учаске Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан.

Ресми дерек бойынша, Алматы облысында сайлаушылардың саны – 1 400 038. Облыс аумағында 1053 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Сағат 14.00-дегі мәліметке сенсек, өңірдегі сайлаушылардың 43,0% дауыс беріп үлгерген.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі  Жеңіс Қасымбектің таңертең №102 мектеп-гимназиясында орналасқан №42 сайлау учаскесінде дауыс бергенін хабарлады. 

"Облыс бойынша 700-ден астам учаске ашылды, онда әрбір сайлаушы құқықты пайдаланып, өз таңдауын жасай алады. Атқарушы органдар тарапынан пандемия жағдайында дауыс беру үшін қауіпсіз санитарлық жағдай жасалған", - деді аймақ басшысы БАҚ өкілдеріне.

Бұл облыста 778 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оларға 920,4 мың сайлаушы тіркелген.

Бүгiн, 10 қаңтарда Мәжiлiс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтiп жатыр. Таңертең облыс әкiмi Құмар Ақсақалов өзiнiң сайлау учаскесiне келiп, дауыс бердi.

"Биылғы сайлаудың ерекшелiгi — барлық деңгейдегi депутаттар партиялық тiзiм бойынша сайланады. Бұл қазақстандық парламентаризмнiң жаңа парағы. Бiз жаңа саяси мәдениеттi қалыптастырамыз. Қоғамдық ұйымдар мен партиялар арқылы адамдар мемлекеттiк басқаруға қатысады", – дедi Құмар Ақсақалов.

Қостанай  облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласының № 1 мектеп-лицейінде өз таңдауын жасап, БАҚ өкілдеріне өңірде сайлаудың қалай өтіп жатқаны туралы қысқа мәлімет берді.  

"Халық сайлауға белсенді қатысып жатыр. Облыста барлығы 567 мың сайлаушы  бар. Бүгін ауа райы бұзылуы мүмкін екенін ескеріп, қар күрейтін техниканы дайын ұстап отырмыз", - деді өңір әкімі.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те сайлауға жұбайымен бірге келді.

Ол Құрманғазы атындағы музыкалық колледжде орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берген болатын.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу