Әкім Ерлан Айтаханов төтенше жағдай жариялауды жоспарлауда

4190

Шымкентте бір тұрғын үй аймағында төтенше жағдай жарияланатын болды. 

Әкім Ерлан Айтаханов төтенше жағдай жариялауды жоспарлауда

Бұл тосын мәлімет Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың "Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау" туралы шешімінің жобасынан белгілі болды.

Құжат "Азаматтық қорғау туралы" заңына және Шымкент қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның хаттамасы негізінде әзірленіп отыр.

"Шымкент қаласының әкімі Шымкент қаласының Абай ауданындағы Водопьянов көшесі, 1А мекенжайындағы көп пәтерлі жатақханада апатты жағдайдың орын алуына байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын деген шешім қабылдады", – деп жазылған құжатта.

Осы шешімнің орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары  Бұхарбай Пармановқа жүктелмек.

Шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кету керек, "Азаматтық қорғау туралы" заңына сәйкес, жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай кезінде "табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды" – Үкімет басшысы, ал жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде – әкім жариялайды.

Мамандардың түсіндіруінше, егер апат салдары біріншіден, 10-нан артық, бірақ 50-ден аспайтын адамның қазасына соқтыруы ықтимал болса, екіншіден, 100-ден көп, бірақ 500-ден аспайтын тұрғындардың тіршілігін бұзар болса, үшіншіден, тұрғындарға, қоршаған ортаға және шаруашылық нысандарына келтірілген материалдық шығын көлемі 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгіні құраса, онда жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше  жағдай енгізіледі.

Сонымен, аталған тұрғын үйде ТЖ жариялайтындай не болды?

Барак үлгісіндегі, жалпы көлемі 702 шаршы метрді алып жатқан бір қабатты тұрғын үйдің шатырының астында 45 пәтер орналасқан екен. Нысан сонау 1936 жылы тұрғызылған. Кеңес кезінде бұрынғы қорғасын зауытының жатақханасы болыпты. Кейін оны жергілікті билік пәтер ретінде таратқан. Кейіндері 45 пәтердің тек 32-сінде ғана адам қалған.

Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Водопьянов көшесі, №1А мекенжайында орналасқан тұрғын үйде маусым айының басында өрт болған. Өрт сенбі күні таңертең ерте тұрғындар шырт ұйқыда жатқанда басталған.

"2019 жылғы 8 маусымда, сағат 05.39-да Шымкент қаласы, Абай ауданы, Водопьянов көшесі, №1А мекенжайында бір қабатты, 45 пәтерлі ескі үйдің шатыры жанды. Өрт 240 шаршы метрді қамтыды. Өрттің беті 06.14-те қайтарылып, сағат 06.58-де толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Өрт сөндіру қызметі келгенше 33 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Өрт сөндірушілер 2 адамды құтқарды. Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖД-нің 53 адамы мен 10 техникасы және Полиция департаментінің 30 қызметкері мен 7 бірлік техникасы жұмылдырылды", – деп хабарлады жергілікті төтенше жағдайлар департаменті.

"Крыша" порталында Шымкенттің Абай ауданындағы дәл осы Водопьянова 1а мекенжайындағы пәтерді 1,5 млн теңгеге сату туралы ескі хабарлама ілініп тұр.

Алайда төтенше жағдай жарияланған соң, бұдан былай ол жатақханада тұруға адам жіберілмеуі ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу