Әкім сөзінде тұрды

3549

Павлодарлықтар 1 Мамыр мерекесімен бірге Наурызды тойлады. 

Әкім сөзінде тұрды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ақпан айында өткен есептік кездесуі барысында  Наурыз мерекесін күн жылыған кезде сәуірде тойлауға ұсыныс жасаған еді.

"Өткен жылдың соңында зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында Наурыз мерекесін ойдағыдай өткізуге ұсыныс жасаған болатынмын. 22 наурызда біздің өңірде әлі қыс. Сондықтан сәуір айы туғанда мерекені өткізетін орынды таңдап, мерекені бірге атап өтеміз", – деп сол кезде аймақ басшысы ойын ортаға салып, бірақ бұл тек ұсыныс екенін айтқан еді.

Алайда жексенбі күні, 30 сәуірде Павлодарда Наурыз және Қазақстан халықтарының бірлігі күнін тойлау басталды. Қала тұрғындары үшін екі тоннадан артық бауырсақ пен самса дайындалып, жарты тонна қымыз бен наурыз көже ұсынылды, сондай-ақ 67 қазан палау пісірілді.   

"Қала бойынша 90 киіз үй құрылады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін әртүрлі аймақ: "Шаңырақ" – Алматы, Тараз, Шымкент қалалары суретшілерінің қолөнер шығармашылығы көрмесі, "Балдәурен" балалар алаңы, шағын сахна, цирк, спорт жарыстары, мерекелік сауда болады", – деді мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Баширова жақында өткен баспасөз- конференциясында.

Жағалауға тігілген киіз үйдің біреуі Павлодар пединституты студенттерінің дипломдық жұмысымен безендірілді.

"Болашақ мұғалімдерге атақты суретші Қабдыл-Ғалым Қаржасов жиі қонақ болып, студенттерге шеберлік-сабағын өткізетін. Бір күні ол жоғары оқу орнына өз жұмысының жинағын сыйға тартты. Атақты жерлесіміздің шығармашылығы жаңа буынның жұмыстарында көрініс табуда. Сондай жұмыстың бірі,  пединститут түлегі Құндыз Сәрсембаеваның тоқыма техникасы арқылы  жасаған суреті – "Сонар", – деді ПМПИ кәсібі оқытудың теориясы мен әдісі кафедрасының меңгерушісі Фарида Құрабаева.  Киіз үйге 30 дипломдық жұмыс қойылды.

Мереке ойдағыдай өтті деуге болады. Мерекені тойлауға келгеннің бәрі көңіл көтеріп қайтты. Бала-шаға алтыбақан теуіп, түйе мен атқа мінсе, жастар ұлттық ойындарға ат салысты. Халық  ежелгі батырлар және аңға салатын құстармен суретке түсті. Көшпенділердің қару-жарағын, зергерлік бұйымдарды тек ұстап көріп қана қоймай сатып алуға мүмкіндік туды. Қала ортасында орнатылған Әлем құсына  павлодарлықтар тілегін жазып қалдырды.

Мерекенің ортасында аймақ басшысы да болып, халықпен етене аралысты. Әкім кір көтеріп, спорттық жарысқа қатысты.

Мерекенің соңы жергілікті жұлдыздардың концерті мен от шашуға ұласты. Жиналғандарға мерекені сәуірде тойлау ұнаған сияқты.

"Киіз үйді күннің суығында емес, жылы уақытта тігу – павлодарлықтар бастамасы жалғасын табады", – деп жазды әлеуметтік қолданушылардың бірі.

 Марина Попова, Гүлназ Ермағанбетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу