Әкімдер ауыс-түйісі. Үміт пен күдік.

2634

Серікбай Трұмовтың орнын Нұрлан Ноғаев ауыстырды. 

Әкімдер ауыс-түйісі. Үміт пен күдік.

Маңғыстау облысында кеше кешқұрым жаңа әкім тағайындалды. Сол-ақ екен әлеуметтік желілерде қызу талқы басталды. Жетістік пен кем-кетіктер сараланып, үміт пен күдік қатар айтылды, деп жазады inbusiness.kz.  

Шыны керек, Трұмовтың әкім болған 2 жылдан астам уақыты сын сағаттарға толы болды. Трұмов не тындырды деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Оған "Мылтықсыз майданда" коронавируспен күресіп, қуаңшылықтан  мал қырылған ауыртпалықты алып жүруіне тура келді. Еңбек даулары да жағадан алды. Газ тапшылығы тағы бар. Кейбір ақпарат көздері оны тек жергілікті деңгейдегі лидер, ал саяси аренада тәжірибесі аз десе, енді бірі оның Түпқараған ауданын айтпағанның өзінде, Жаңаөзен сияқты "жауапты"  қаланы басқарған білігін сөз етті.

Қоғам белсендісі Уайс Ерсайынұлы: "Серікбай Өтелгенұлының кезінде 200-дің үстінде жол салынды. Аудан орталықтарына, ауылдарға тас жол барды.Туристік кластиерді дамытуға біршама еңбек сіңірді. Демалыс орны, курорттық аймақтарды ашуға жұмыстанды. Халықпен тіл табысқан демократиялық бағыттағы басшы болды",– дейді.

Ал, Ноғаевтың Президент Жолдауынан кейін кенеттен қызметке келуі жергілікті халықтың көкейінде үміт те, үрей де оятты.

"Неге Президент Жолдауынан кейін экономика министрі Маңғыстауға әкім боп келді? Мүмкін Маңғыстаудан атом электр стансасын салуға келген шығар деген пікірлер бар. Мен облыстан АЭС салуға қарсымын және көптеген жерлестерім де қарсы,– деп ой білдірді Ақтау қаласының тұрғыны Бибігүл Рамазанова.

Әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрғыдан ерекше орны бар әрі халқы тым принципшіл, ұстанымын ашық айтатын Маңғыстауға басшылық ету Ноғаевқа қиынға соқпай ма? Сонда Трұмовтан қандай қателік кетті? Саясаттанушылар өз пайымын былай білдірді.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров: "Серікбай Трұмов адам ретінде өте жақсы,дегенмен ол кісіге саяси тәжірибе жетпей қалды. Ол кісінің болашағына балта шабуға ерте, мемлекеттік органдарда белгілі бір қызмет ұсынылуы ықтимал. Ноғаев Атырау облысында әкім болды. Тәжірибелі маман. Жергілікті халықпен тіл табысуға оның шамасы да шарқы да жетеді", – деді.

Енді жаңа әкім не тындырады? Өндірістік өңірде оның мұнайшы мамандығы кәдеге жаруы мүмкін. Маңғыстау өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистикасы және туризм салаларында үлкен әлеуетке ие. Осыны өрге сүйреп, өңірдегі жұмысшылар наразылығы, қуаңшылықты жеңу, ауыз су, жем-шөп сияқты өткір мәселелерді шешу міндеті тұр. Оның қарымы мен тәжірибесінің өлшемін уақыт көрсетеді.

Алмас Қылыш


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу