Әкімдер мен министрлер қымбат көлік "мініп" жатыр

3023

Су жаңа кроссовер, кеңейтілген комплектация, былғары кресло, турбоқозғалтқыштар, үлкен дөңгелектер, ірі мультимедиалық экран, панорамалық төбе, төрт дөңгелекті тең айналдырар толық жетек...

Әкімдер мен министрлер қымбат көлік "мініп" жатыр Фото: ЖИ негізінде жасалған

Халықтың қолы жетпес қиялындағы мұндай текті "темір тұлпар" бүгінгі қазақстандық шенеуніктерінің күнделікті әрі тегін салтанатына айналғандай. Ел бюджетінің әр теңгесі есептеулі тұруға тиіс тапшылықты заманда билік өкілдерінің қандай қымбат автомобильдерді жаппай сатып алып жатқанын inbusiness.kz анықтады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасы сән-салтанаттан кенде қалмауды жөн санапты. Аймақ мемлекет қазынасынан 23 млн 590 мың теңгеге су жаңа Skoda Kodiaq NG Selection Plus автомобилін сатып алды. Мемлекеттік сатып алу сайтында бұл сауда-саттық әлдеқашан сәтті өтіпті. "Диапазон" басылымының жазуынша, бұл жердегі Selection Plus айқындауышы шенеуніктердің ерекше талғамына сәйкес келетін, ең жоғарғы кеңейтілген жиынтықты білдіреді.

Сатып алу талаптарында көлікте былғары креслолар, құлақ құрышын қандыратын әйгілі Canton акустикалық жүйесі, интерьердің жылтырақ хромдалған бөлшектері, тіпті жүргізушінің жайлылығын есте сақтау функциясы бар және орындық жастығының тереңдігін автоматты түрде реттейтін алдыңғы орындықтардың электр жетегіне дейін болуға тиістігі нақты көрсетілген. Көліктің 2026 жылы шыққаны және үш жылдық толық кепілдігі болуы шарт. Конкурсты "Сырдарья Авто" ЖШС жеңіп алды.

Бірақ Ақтөбе әкімдігі мұнымен шектелмепті. Іс басқармасы жалпы сомасы 58 млн теңгеге, әр данасы 14,5 млн теңге тұратын тағы 4 бірдей жеңіл автомобилді сатып алды. Бұл жағдайда да талап өте қатаң, автокөлік міндетті түрде 2026 жылы шыққан су жаңа болуға тиіс.

Техникалық талаптарда автокөліктің тек бензинмен жүретіні, толық жетекті екені, кемінде 6 сатылы беріліс қорабы және ұзақ жолда шаршатпайтын круиз-бақылауы бар болуы қажет екені анық жазылған. Оның үстіне, қауіпсіздік пен жүргізушіге көмек көрсетудің заманауи ассистенттері, дисплейі кемінде 12.3 дюйм болатын ақпараттық-ойын-сауық жүйесі, өлшемі R17 дюймнен аспайтын дискілері және алдыңғы орындықтардың жылытқышы болуы шарт. Сатып алу конкурсы аяқталды, жеңімпаз – "Максимум 2004" ЖШС.

Конкурс мәресіне жеткенімен, нақты қандай машиналар алынғаны әзірге құпия қалды. Алайда сарапшылар бұл толық сипаттамаға Hyundai Tucson немесе Kia Sportage көліктері мінсіз сәйкес келеді деп болжайды.

Мемлекеттік сатып алудағы тағы бір авто-лотты Ақтөбе облысының қаржы басқармасы 21,9 млн теңгеге қызметтік автомобиль алу үшін жариялаған. Оның 2026 жылдан ескі емес, бензинмен жүретін кроссовер болуы, жетек түрінің кемінде 4WD, орындықтары мен рөлі былғарымен қапталуы, Apple Carplay мен Android Auto жүйелерін қолдайтын кемінде 12.3 дюймдік дисплейінің, алдыңғы және артқы орындықтары жылытқышының болуы талап етілді. Оны да "Максимум 2004" ЖШС жеткізеді. Журналистер бұл параметрлерге Hyundai Santa Fe сәйкес келеді деген тұспалдады.

ТЖ-дағы футуристік сән: ТЖМ 120 млн-ға Cybertruck сатып алды

Бұл хабар отандық қана емес, әлемдік ақпарат айдынын дүр сілкіндіріп, әлеужеліні шулатты. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі жалпы бюджет тапшылығы аясында құны "удай" тұратын Tesla Cybertruck электрлі пикапын сатып алғанын растады. Қоғамның сынына жауап берген Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев бұл қадамды ақтап, футуристік Cybertruck электромобилі Алматыда төтенше жағдайларды жою кезіндегі нақты құтқару операцияларында өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеп үлгергенін мәлімдеді.

Оның мәліметінше, Алматыда әзірге тек бір машина сатып алынған, бірақ оның құнының өзі жаға ұстатады – кемінде 120 млн теңге.

"Біздің министрлік адамдарға көмек қажет болатын, әр минут есепте тұратын төтенше жағдайлармен күресумен айналысады. Cybertruck әртүрлі ТЖ-ға ден қойып, әрекет етуде жеткілікті түрде тиімді екенін көрсетті. Әңгіме адам өмірін құтқару туралы болып отыр. Алдағы сатып алулар туралы айтатын болсақ, министрлік техника паркін жаңарту саясатын жүргізіп жатыр және оның тиімділігіне баса назар аударады", – деп толықтырды министрдің орынбасары.

Қазақстандық шенеунік Илон Масктың туындысын таңдай қаға мақтап, Tesla электрлі пикапының бірқатар артықшылықтарын тізіп шықты. Оның күрделі, ойқы-шойқы жер бедерімен айдаудағы жоғары мобилділігін, байланыс құралдарымен қамту және құтқару жабдықтары үшін қажетті электр энергиясын өндіріп беру мүмкіндігін, дыбыссыз жұмысын және ұзақ мерзімді операцияларды жүргізу әлеуетін алға тартты.

ТЖМ өзінің барлық автопаркін бірден Cybertruck-қа ауыстыруды жоспарлап отырған жоқ екен. Жүйенің негізін дәстүрлі құтқару және өрт сөндіру машиналары, сондай-ақ жедел жәрдем автомобильдері құрайды. Дегенмен, министрлік Tesla электопикапын тағы сатып алу мүмкіндігін жоққа шығармады. Төтесінен қойылған сұраққа Садырбаев болашақта алынатын автомобильдердің нақты саны туралы журналистерге жазбаша түрде хабарлауға уәде беріп, жалтарды.

Бұл Қазақстан билігінің қоржынына түскен алғашқы электропикап емес. Дәл осы Cybertruck-тар 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті кезінде қызметке тартылды. Сол кезде бір пикап басқару және үйлестіру үшін Қазақстанның Ұлттық ұланына берілсе, екіншісі ҚР ТЖМ-нің жедел әрекет ету резервіне қосылған еді.

Айтпақшы, қызық дерек: 2025 жылы жаһандық нарықта Tesla электрлі пикаптарының сатылымы 48%-ға бір-ақ құлап, компания бар-жоғы 20 мыңға жуығын өткізе алған. Ал, 2026 жылғы І-ші тоқсанда Tesla бүкіл әлемде небәрі 3,5 мың Cybertruck сатты. Қытайларға оңбай ұтылып жатқан америкалық компания өз пикапы үшін жанұшыра жаңа нарық іздеп, дал болып жатқанда, сәтін салғанда, оларға қазақстандық шенеуніктер бюджеттің миллиардтарымен көмекке келген сияқты.

Сонау 2020 жылы Президент мемлекеттік органдардың мұндай "премиум" класындағы қымбат жеңіл автомобильдерді сатып алуына қатаң мораторий енгізген болатын. Алайда, шенеуніктердің бағына орай, бұл мораторийдің қолданылу мерзімі 2024 жылы аяқталды.

Енді міне, шенеуніктердің "арғымақ желігінің" шідері алынған соң, мемлекеттік сатып алу порталы түрлі өңір әкімдіктерінің тендерлік хабарландыруына толды. Орташа алғанда, олар жаңа кроссоверді, жол талғамайтын көлікті қалайды.

ZTB NEWS мәліметінше, Қарағанды облысы Балқаш қаласының ішкі саясат бөлімі құны 21,7 млн теңге болатын су жаңа кроссовер сатып алуға ресми өтінім орналастырған. Техникалық ерекшелікте автомобильдің нақты маркасы көрсетілмегенімен, параметрлері Toyota Highlander, Hyundai Santa Fe, Kia Sorento немесе Volkswagen Tiguan Allspace сияқты таңдаулы модельдерге толық сәйкес келеді.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы әкімінің аппараты да кроссовер сатып алуға 26,5 млн теңге қомақты қаражат бөлген. Сондай-ақ, Павлодар облысы Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты да қызметтік автомобиль сатып алуға бюджеттен 21,7 млн теңге жұмсауда.

Тендер порталындағы тізім осылай шетсіз-шексіз жалғасып кете береді. Бұл үрдіс елдегі бюджет тапшылығы кезеңінде шенеуніктердің өз жайлылығынан бас тартқысы келмейтінін және үнемдеу мәселесіне бас қатырғысы келмейтінін аңғартқандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу