Әкімдерден ақша сұрау трендке айналып бара ма ?

Бұған не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. 

Әкімдерден ақша сұрау трендке айналып бара ма ? Фото: ашық дереккөзден

Соңғы уақытта әкім-қараларға халықпен жақын болу жүктеліп, олар әлеуметтік желілердегі парақшаларын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Тұрғындардан жалпыға ортақ қар тазалау, әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеу сынды мәселелермен қатар жеке басқа қатысты сауалдар да жолданады. Бірақ олардың кейбірі шеңберге сыймайтын сыңайлы, деп жазады inbusiness.kz тілшісі .

Айталық, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыс орталығына жетекшілік етіп тұрған тұста әлеуметтік желідегі жеке хабарламасына тұрғындардың бірі 10 мың теңге қарыз сұрап жазды.

"Сіз әкімсіз ғой, қалтаңызда ылғи ақша бар. Сіз миллионер әкім деп тұрған жоқпын, әрине. Бірақ сіздің жағдайыңыз менікінен әлдеқайда жақсы екенін түсінемін. Сондықтан маған күнделікті жүріп-тұруға 10 мың теңге жіберсеңіз. Әйтпесе, стипендия айдың аяғында ғана түседі", - деп хабар жазған жас өзінің нөмірін де көрсеткен еді.

Асайын Байханов айтқандай-ақ қаржылай көмектесті. Бірақ, бір шарт қойды.

"Бірінші рет болған соң қолдап, көмектесейін. Бірақ сізге жас азамат ретінде көмек сұраудың орнына жұмыс істеу керек. Ешкім ештеңені жйдан жай бермейді. Білек сыбана, ерінбей жұмыс істеу керек", - деп ақылын да айтты.

Енді тұрғындар Асайын Байхановтың орнын басқан Павлодар қаласының қазіргі әкімі Ержан Иманзайыповтан да ақша сұрауға көшті. Бір күнде әлеуметтік желі арқылы түскен екі бірдей хабарламаны әкімнің өзі парақшасында бөлісті.

Дани деген қолданушы "Бүгінгі туған күніме орай 5 мың теңге жіберуге шамаңыз келе ме?" деп сұрақты төтесінен бір-ақ қойды. Әкім оған қаржы аудару қиын емес екенін білдірді. Бірақ туған күн иесіне ақшалай сыйлықтың орнына қаржыны дұрыс пайдалану туралы кітап тарту етуді ұсынды.

Ал Аян есімді азамат қандай да бір мерекені сылтауратқан да жоқ. Жай ғана "Маған 5 мың теңге жіберіңізші" деп қысқа қайырды.

"Біріншіден, амандасқан дұрыс болар еді. Тәрбие – әр адамның құндылығы. Екіншіден, осындай назар аударуға тұрмайтын хабарламалардың кесірінен кейде қала тұрғындарының шынымен маңызды сұрақтарын көрмей қалуым мүмкін. Бұл екі жігіт екеуінің қайсысы ақша түседі деп бәстескен сияқты. Себебі хабарламалар бір уақытта түсті", - деп жазды әкім.

Бірақ шаһар басшысы оларға ақша жіберген-жібермегенін ашып айтпады. "Бұл да бір тарих болсын" деп қана жауап берді.

Мұндай хабарламалар қоғамның қызу талқысына түсті. Желі қолданушылары пікірлерін қарша боратып жатты. Олардың қатарында жастарды жақтағандар да, даттағандар да бар. Жалпы, осындай үрдіс қаншалықты дұрыс? Әкімнен жеке қара басы үшін ақша сұрау қисынға келе ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу