Әкімдерді жаңаша сайлау: Саясаттанушылар не дейді?

3103

Саяси монополияның салдарынан әлеуетін аша алмағандарға тамаша мүмкіндік беріліп отыр.

Әкімдерді жаңаша сайлау: Саясаттанушылар не дейді?

Конституцияға жақында қабылданған түзетулерге сәйкес, жаңадан құрылған облыстардың әкімдері жанама сайлау арқылы таңдалды. Бұрынғыдай емес. Өзгеріс бар.

Естеріңізде болса, 8 маусымда қабылданған "Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларын бекіту туралы" заңға сәйкес, әкімдердің кандидатураларына облыстық қана емес, облыс аумағындағы қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары да дауыс береді.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың жазуынша, бұл жолы шынымен де кандидаттар баламалы болды. Оның пікірінше, жеңіліп қалған кейбір кандидаттардың кейбірінен жеңімпаздарға қарағанда жақсы басшы бола алатындар да бар еді.

Абай облысында Тарбағатай ауданының әкімі Асхат Смайылов және Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаев ұсынылды. Жетісу облысында сенатор Бейбіт Исабаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев үміткер атанды. Ұлытау облысында мәжілісмен Берік Әбдіғалиұлы мен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров сынға түсті. Алматы облысы бойынша Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтың кандидатурасы ұсынылды.

Данияр Әшімбаевтың пікірінше, кейбір кандидаттарды атадан бала мирас болған "жергілікті ақсүйектердің" өкілі деуге әбден болады. Мәселен, Марат Сұлтанғазиевтің әкесі Шілік аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, осы ауданның әкімі болған. Бейбіт Исабаевтың әкесі Балқаш аудандық атқару комитетінің хатшысы болып еңбек еткен. Серік Шайдаровтың әкесі Жаңарқа аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ақтоғай және Ұлытау аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы ретінде көпшілікке танымал. Нұрлан Уранхаевтың әкесі Киров аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Семей технологиялық институтының деканы ретінде белгілі.

"Бейбіт Исабаев пен Берік Әбдіғалиұлының кандидатурасын ұсынуды Президенттің өзі қабылданғаны түсінікті. Бірақ жүргізілген талдау барлық жерде бірдей мықты нұсқалар ұсынылғанын көрсетті. Оның дауыс беру қорытындыларынан-ақ аңғаруға болады. Мысалы, Абай облысында Асхат Смайылов 25 дауысқа, Нұрлан Уранхаев 89 дауысқа ие болды. Жетісу облысы бойынша Бейбіт Исабаев 106 дауыс, Бағдат Қарасаев 35 дауыс жинады. Ұлытау облысында Берік Әбдіғалиұлы 51 дауысқа, Серік Шайдаров 13 дауысқа ие болды. Алматы облысында Батыржан Байжұмановқа 59 дауыс, Марат Сұлтанғазиевқа 129 дауыс берілді. Осылайша, конституциялық реформаның алғашқы нәтижесін көрдік. Жанама түрде келісілген әкімдер жұмысқа кірісті. Бұл өзгерістің басы ғана", – дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Ал саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, жаңа реформа саяси монополияның салдарынан әлеуетін аша алмағандарға тамаша мүмкіндік беріп отыр.

"Осы жолғы тағайындауларға тән ерекшелік көп. Кандидаттарды таңдауда бұған дейін қалып дүние саналып келген жасырын логика, өңірлік, рулық, кландық басымдық ескерілген жоқ. Тағайындалған бес адамның екеуі 40-50 жас аралығындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері. Қысқасы, осыған байланысты элиталардың ауқымды айналымы процесін іске қосылды деп санауға болады және конституциялық реформа оған қайтымсыз сипат берді. Енді 60-шы жылдың соңында және 70-ші жылдары туған әлеуеті бола тұра, ұзақ жылдарға жалғасқан саяси монополияның салдарынан жолы ашылмаған адамдарға сынға түсер сәт туған секілді", – дейді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Данияр Әшімбаевтың айтуынша, жаңа облыстарға қатысты сценарий алты қадамнан тұрады. Оның екеуін өткірдік. Олар – жаңа мәслихаттардың құрылуы және әкімдердің сайлануы. Енді қалған қадамдарды сәтті жалғастыру маңызды.

"Үшінші қадам – толыққанды жұмыс істейтін облыстық әкімдіктерді құру. Өңірлердің жаңа басшылары басқару аппаратын құруы тиіс. Яғни, орынбасарларын, өңірлік басқармаларын айқындайды. Төртінші қадам – орталыққа бағынатын аумақтық органдар құру. Бұған қаржылық, құқықтық, медициналық және басқа да құрылымдар жатады. Бесінші қадам – бюджеттердің түпкілікті бөлінуі. Жаңа және бұрынғы әкімшілік бірліктер арасындағы бюджет бөлімін заңды түрде рәсімдеп қана қоймай, сонымен қатар әртүрлі даму бағдарламаларының бюджеттерін қайта бекіту керек. Алтыншы қадам – материалдық қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді шешу", – дейді Д.Әшімбаев.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу