Әкімдердің автопаркі орнына CORONA-TAXI құрылады

1973

Жасанды тыныс алу аппараты зауытының қашан іске қосылатыны нақтыланды. 

Әкімдердің автопаркі орнына CORONA-TAXI құрылады

Денсаулық сақтау министрлігі "Пандемия жағдайында қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспарының" жобасын жария етті. Бұл – КВИ індетінің таралуы жағдайындағы мемлекеттің стратегиялық құжаты.

Ол біраз жаңалықтан тұрады. Біріншісіне тоқталсақ, құжатқа сәйкес, осы шілде айында шұғыл түрде "Корона-Такси" қызметі құрылатын болады.

ДСМ-нің түсіндіруінше, Corona-Taxi бірнеше мақсаттағы жұмысқа тартылады. Біріншіден, ол коронавирус инфекциясына шалдықты деген күдікке іліккен сырқаттардан биоматериал, сынама алатын мобильді дәрігерлер бригадаларын тасиды. Екіншіден, үйлерінде емделіп жатқан жандарға және ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізеді. Үшіншіден, COVID-19 шектелмей, пневмония жұқтырған сырқаттарды да емдеу шараларына тартылады деп күтілуде. Жоспар жобасында айтылғандай, Корона-Такси құру үшін оған жергілікті атқарушы органдардың – әкімдіктердің, жергілікті басқармалар мен департаменттердің автопаркі алып қойылады. Себебі, жергілікті шенеуніктің көбі қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бұдан бөлек, өз көлігі бар волонтерлар да тартылмақ.

Сондай-ақ кәсіпкерлердің демеушілігіне де сүйенеді. Бұл ретте барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне осы шілде айында Corona-Taxi қызметтерін сатып алу туралы келісімшарттар бекітуге жедел кірісу жүктеліп отыр.

Корона-Такси қызметін құру туралы бастаманы жаңа денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көтерді. Бірақ идея министрдікі емес, бұл шетелдік тәжірибе. Елде жедел жәрдем көліктері сырқаттардың барлығына бірдей жетпейді: "103" қызметі бүкіл өңірде онсыз да шектен тыс жүктелген. Ал өз бетімен келген ауруларды ауруханалар және провизорлық стационарлар қабылдамайды.

Өз кезегінде таксомоторлық парктер келісімге отыруға қарсы емес, өйткені бұл тұрақты табыстың бір көзіне айналуы мүмкін. Бірақ сырқаттар тасылатын болса, жүргізушілердің қауіпсіздігі мәселелерін шешуді сұрайды. Мысалы, жүргізушіге қорғаныш костюмі берілуі тиіс.

Елордалық Көлікшілер қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов әкімдіктерден нақты ұсыныс күтіп отырғандарын айтады.

"Корона-Таксиді құру мәселесінде әрине, бізбен шенеуніктер ақылдасқан жоқ. Жергілікті жерлерде жеке автопарктермен келіссөздер жүргізілгені жайында әзірге хабар жоқ. Егер келісімшартқа отыру туралы нақты ұсыныс түссе, көлігіміз де, жүргізушілеріміз де жеткілікті. Яғни, науқастарды, медицина қызметкерлерін және волонтерларды тасуға дәл бүгін-ақ кірісіп кетуге дайынбыз", – деді ол.

Дегенмен, таксишілердің айтуынша, карантин мерзімінің 2 тамызға дейін ұзартылуына байланысты жолаушылар тарапынан сұраныс еселеп артады деген болжам бар. Алдыңғы локдаун кезінде такси шақыру саны бір жарым есеге өсіп шыға келіпті. Себебі, қала ішінде де, елді мекендер арасында да автобустар, тіпті пойыздар жүрмейді. Халықтың көшедегі қозғалысына шектеу қойылған. Сондықтан такси қызметін ұсынатын компаниялар әкімдерден жай емес, қызықты ұсыныс күтетінін аңғартты.

Қазақстанда жедел жәрдем көліктерінің тапшылығы күшейіп барады. Тым көп әрі тәулік бойы тоқтаусыз қолданғасын олардың үлкен бөлігі істен шығуда. "103" шақыру саны еліміз бойынша екі еседей, ал елорда және Алматыда 3 есеге дейін өскен. Осы мақсатта Қазақстанда құрастырылған 807 көлікті сатып алып, жедел жәрдем қызметі станцияларына беру жоспарланып отыр. Мысалы, Семейдегі "СемАЗ" зауыты ресейлік "Газельдерді" құрастырады. Қостанайдағы "СарыАрқаАвтоөнеркәсіп" зауыты қытайлық "JAC Sunray" моделін жасайды. Сыртқы көріністері өзара ұқсас осы қос машинаның бағалары да деңгейлес – шамамен 9–10,7 млн теңгедей.

Алайда 807 жаңа көліктің өзі пандемияны жеңу үшін жеткіліксіз. Корона-Такси құру ісінің жеделдетілуі де осыдан.

Қазақстанда өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттары да қат. Оны бүгінде қайырымды кәсіпкерлер, филантроп-еріктілер және басқалары өз ақшаларына Қытайдан жеткізуде.

"Пандемия жағдайында қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспары" бойынша бұл құрылғы алда өзімізде шығарыла бастамақ. Құжатта өкпені жасанды желдету отандық аппараттарының өндірісі "2020 жылғы қарашада" жолға қойылатыны көрсетілген. Кәсіпорын қуаты 500 бірліктен асуға тиіс. Оны ашуға бюджеттен шығын шығарылмайтыны, инвесторлар қаржысы жұмсалатыны көрсетілген.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Қазақстанда COVID-19 дертімен ауырушылардың артуына байланысты жалпы еліміз бойынша 6 365 жуық жаңа реанимациялық төсек-орын сайлау және оларды жабдықтау үшін қосымша 4 мың 93 өкпені жасанды желдету стационарлық аппараттарын сатып алу қажет деп отыр.

"4 093 құрылғыға деген қажеттілікті былай өтеу ұсынылады: Дүниежүзілік банк берген қарыз есебінен 5,5 миллиард теңге сомасына бұл аппараттың 460-ы, өңірлер әкімдіктерінің жергілікті бюджеттерінің резерві аясында 4,9 миллиард теңге сомасына тағы 409-ы алынады. Бұл қосымша қажеттіліктің кемінде 10%-ын қамтиды. Бұған қоса, алда отандық аппарат өндірісі іске қосылады. Нәтижесінде, ол кәсіпорыннан Үкімет резерві ақшасына, 38,7 миллиард теңге сомасына 3 мыңнан астам отандық аппаратты сатып алу ұсынылады", – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жаңа кәсіпорынның іске қосылуы қарашаға қалмайды, жеделдетіледі: алдағы тамыз ішінде өкпені жасанды желдету аппараттарын өнеркәсіптік өндіру жолға қойылуға тиіс. Осылайша, 595 бірлік көлеміндегі алғашқы партиясы денсаулық сақтау ұйымдарына жөнелтіледі.  


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу