Әкімдердің футболды басым қаржыландыруымен күрес басталды

2241

Кәсіби спорт клубтарының біраз қаражаты тартып алынып, бұқаралық және ұлттық спорт түрлеріне қайта бөлініп жатыр, бұл үрдіс енді үдей түседі деп күтілуде, деп жазады inbusiness.kz.

Әкімдердің футболды басым қаржыландыруымен күрес басталды

Олимпиадада ұлт абыройының төгілуіне әкімдер айыпты ма?

Биылғы Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының "тізім түбіне" құлдырап, командалық есепте 83-ші орынға тұрақтағанын көрген қазақстандықтардың көбі түңілді. Біраз сарапшы, спорт мамандары мұны саладағы былықтардың салдары деп бағалады. Олимпиадада дәстүрлі түрде қоржынға медаль салатын спорт түрлерінің жете қаржыландырылмайтыны ашық айтылды. Ауыр атлет Альберт Линдердің суициді біраз сорақылықтың бетін ашып кеткендей.

Мәдениет және спорт министрлігі Олимпиада қорытындыларын ескере отырып, 2025 жылға дейінгі Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Сала реформаланады. Мысалы, құжатта "кәсіби спорт клубтарының қаражатын бұқаралық спортқа қайта бөлу көзделген".

Әйтпесе, сарапшылар Олимпиаданың іріктеу сындарынан да өте алмайтын, жаһандық деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай, тарихта қалардай салмақты жетістіктері жоқ хоккей, футбол, баскетбол, волейбол секілді қымбат спорт түрлерінің негізсіз мол қаржыландырылатынын қатты сынап жүр. 

Ведомство 2017 жылы қазақстандықтар шұғылданатын спорттың барлық түрін ашық және теңгерімді қаржыландыру үшін заңнамалық деңгейде "спорт түрлерін саралау" ұғымы енгізілгеніне назар аударды. Спорт түрлерін саралау ережелеріне (правила ранжирования видов спорта) сәйкес, Қазақстанда спорт түрлері "А", "В", "С" деңгейлеріне бөлінді. "А" тобындағыларға басымдық берілуге тиіс. Дегенмен әрбір әкімдік "басым спорт түрлерінің өңірлік тізбесін" өзі бекітеді. Тиісінше, жергілікті бюджеттен қандай спорт түріне көбірек қаражат бөлетінін әр әкім өзі шешеді екен. Бұл жағдай заңның аяқасты болуына соқтырған.

"Мәселен, министрдің бұйрығымен бекітілген басым спорт түрлерінің республикалық тізбесіне сәйкес, сондай-ақ халықаралық спорттық жарыстардағы жетістіктеріне қарай футбол ең төменгі "С" тобына жатады және оны мембюджеттен қаржыландыру басымдықты "А" тобындағы спорт түрлерін дамыту шығындарынан аспауға тиіс. Алайда жүргізілген талдау көрсеткендей, қазіргі уақытта футбол клубтары демеушілік қаражаттан ғана емес, жергілікті бюджет есебінен де көп қаржыландырылады. Бұл ретте әкімдіктер футбол клубтарына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін өздері дербес белгілейді, спорт түрлерін саралау қорытындыларын сақтамайды", – деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрлігі.

Әкімдіктердің заңды белден басып, төл футбол клубтарына айрықша жағдай жасап қойғаны әшкереленген. Ведомствоның ресми дерегінше, басым спорт түрлерінің өңірлік тізбелерінде футбол "В" тобына дейін көтерілген және ол "А" тобындағы спорт түрлеріне қарағанда көбірек қаржыландырылады.

98 кәсіби клуб қаржысы бұқаралық спортқа берілді

Бұл жағдай ел басшылығына да ұнамады. Қ. Тоқаев былтырғы жолдауында: "мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ" деп кесіп айтты, әрі клубтарға құйылған "мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың миллиардтаған теңгесі тиімсіз жұмсалатынын" баса айтты.

"Алайда қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктер спорт түрлерін саралаудың нәтижелеріне қайшы келе отырып, спорттық ойын түрлерін қаржыландыруды жалғастыруда. Кәсіби клубтарды қаржыландыру лимиттерін заңнамалық деңгейде бекіту мәселесі реттелмеген күйде қалды. Әкімдіктердің мәліметінше, 98 кәсіби клубқа қарастырылған қаражаттан 13 миллиард теңге алынып, бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталды. Қаржының 23,1%-ы – инфрақұрылымдық жобаларға, 27,5%-ы – мемлекеттік спорттық тапсырысты орындауға, 48,1%-ы – спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге жұмсалады", – деп түсініктеме берді министрлік.

Бұған қоса, "Астана" спорт клубы құрамына кіретін кәсіби клубтарға қарастырылған қаражат 4,4 миллиард теңгеге қысқартылып, ол сома да бұқаралық спортты дамытуға бағытталады.

Қазіргі уақытта министрлік саладағы саясатты түзететін жаңа заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеуде. Заң қабылданса, МСМ-нің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жаңа функцияларға ие болады, жергілікті әкімдіктердің үстінен бақылау орнатады: әкімқаралардың спортты қаржыландыру жұмысын қадағалауға кіріседі.

Атап айтқанда, ведомство әрбір әкімнің біріншіден, әр спорт түріне рангіне қарай әділетті қаржы бөлуін, екіншіден, 1-ФК ведомстволық есебін дұрыс беруін, үшіншіден, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыруын және олардың жұмыс істеуін тексереді.

Спорт министрлігі жаңа құзырға қол жеткізсе, бұдан былай әкімдер спорт ұйымдарын "оңтайландыруға жататын объектілер тізімінен", сондай-ақ заңнамалық деңгейде жекешелендіру тізімінен өз бетінше алып тастау құқығынан айрылуы мүмкін. Әйтпесе, жекешелендіру тізіміне әу баста барлық дерлік футбол клубтары енгізілді. Әйтсе де, кейін әкімдер беделін салып жүріп, олардың сол тізімнен шығарылуына қол жеткізді.

Футбол клубтары бюджетін оңтайландыруда

Тіпті ерекше жетістіктерімен көзге түспейтін футбол клубтарының өзі жүздеген миллион ел қаржысын шығындайды. Мысалы, премьер-лиганың дебютанты, Түркістан облысында құрылған "Арыс" футбол клубына облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініпті. Салыстыру үшін айтсақ, Түркістан облысының биылғы бюджетінде барлық спорт түрлеріне ("Әртүрлі спорт түрлері бойынша облыстың құрама командаларының мүшелерін дайындау және республикалық және халықаралық спорт жарыстарына қатысуы" 003 бюджеттік бағдарламасына) небары 3 млрд 56,9 млн теңге бағытталған.

Отандық жоғарғы дивизионның тағы бір жаңа ойыншысы – оралдық "Ақжайық" та қаржыдан кенде емес көрінеді.

"Құрметті әкім, БҚО мәслихатының шешімімен бекітілген 2021 жылғы облыстық бюджетте футболды дамытуға 627 662 000 теңге қарастырылыпты. Оның қаншасы "Ақжайыққа" беріледі?" – деп сауал жолдаған болатын жергілікті белсенді Владимир Мельников.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өз блогы арқылы жауап қайырды. 2021 жылғы облыстық бюджетте "Спорт түрлері бойынша облыстың құрама командаларының мүшелерін дайындау және республикалық және халықаралық спорт жарыстарына қатысуы" бағдарламасына жалпы сомасы 2 млрд 297,4 млн теңге бөлініпті.

"Соның ішінде футболды дамытуға 627 млн 662 мың теңге көзделген. Бұл қаражат толығымен "Ақжайық" футбол клубын қаржыландыруға бағытталды", – деді әкім.

Ашық көздерден алынған деректерге жүгінсек, нұрсұлтандық "Астана" футбол клубының бюджеті – 15 миллиард, шымкенттік "Ордабасыда" – 7 млрд, қостанайлық "Тобылда" – 4,5 млрд, қарағандылық "Шахтер" мен қызылордалық "Қайсарда" – 4 млрд, талдықорғандық "Жетісуда" – 3,3 млрд, тараздық "Таразда" – 1,9 млрд болған. Дегенмен Президент сынынан кейін, Спорт министрлігінің нұсқауымен бұлардың бюджеті биыл 1-3 миллиард теңгеге дейін азайтылуда. Жалақыларының күрт азайтылғанына келіспей, көптеген легионер Қазақстаннан тайып тұрды.

Қалай болғанда, биліктің "элиталы" бірер клубқа басымдық беріп, бұқаралық спортқа бей-жай қарауы салдарынан дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын қазақстандықтар үлесінің өсуі мардымсыз: 2018 жылы 29,8% болса, 2020 жылы 31,6% болған.

Елде 1 жыл ішінде спорт ғимараттарының саны 1 415 бірлікке көбейіпті.

"Алайда министрлік жүргізген талдау көрсеткендей, спорт объектілерінің саны артқанымен, бұл жайт олардың спортпен шұғылданғысы келетін барлық азамат үшін қолжетімділігін қамтамасыз ете алмады", – деген көңілсіз байламға келді меморган.

Спорт саласындағы жаңа саясат пен жаңа тұжырымдама қалыптасқан жағдайды түзеуі шарт. Әйтпесе, келесі олимпиадалардан Қазақстан мүлдем жүлдесіз, жігері құм болып қайтатын болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу