Әкімдерге қатаң шектеу енгізіледі

2333

Қазақстанда кейбір мемлекеттік саяси лауазымдарға қатысты жаңа талаптар түзілді.

Әкімдерге қатаң шектеу енгізіледі

Шектеулер министрлердің бірінші орынбасарларына, вице-министрлерге, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент әкімдерінің бірінші орынбасары мен орынбасарларына, облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдеріне қатысты болады.

Жаңа ережелер осы лауазымды қызметке тұрғысы келетін кандидаттарға біріншіден, білім, екіншіден, құзыреттер және үшіншіден жұмыс өтілі бойынша талаптар қойылмақ.

Мысалға, жоғары білімі жоқ адамдарға барлық саяси мемлекеттік қызметтерге тұруға, яғни бастық болуға қатаң тыйым салынады.

"Құзыреттер бойынша талаптар. Мемлекеттік саяси лауазымдарға орналасу үшін жаһандық көзқарас, тиімді коммуникация, трансформациялық көшбасшылық сияқты құзыреттер болуы тиіс. Осы құзыреттердің бар не жоқтығы мемлекеттік саяси лауазымға кандидатпен әңгімелесу кезінде анықталады. Әңгімелесуді мемлекеттік саяси лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам өткізеді", – делінген Президент Жарлығының жобасында.

Мәселен, министр өзіне орынбасар іздегенде үміткер көзқарасының жаһандық ауқымға жайылып жатқанын не жергілікті деңгейде шектелгенін өзі айқындайды.  

Үлкен шектеулер жалақысы жоғары орынтақтан үміткердің жұмыс өтіліне қатысты болып келеді.

Атап айтқанда, министрлердің бірінші орынбасары немесе вице-министр лауазымына орналасқысы келетін кандидаттың олар жетекшілік ететін салада не кәсіп бойынша кемінде 6 жыл жұмыс өтілі болуы шарт. Оның ішінде 2 жыл "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміндегі" басшылық қызметте, "А" корпусының лауазымдарында жұмыс жасауы міндет. Сондай-ақ 2 жыл Парламент депутаты не Жоғарғы сот судьясы болса, ол да жеткілікті.

Белгілі шенеуніктерді әрлі-берлі сүйрелеп, ақыры амал таусылғанда, билік балама ретінде бизнестегі басқарушыларды мемлекеттік қызметке шақырып тұрады. Бұл есік енді тарс жабылып қалмауы үшін кәсіпкерлік тәжірибесі бар азаматтарға да мүмкіндік ұсынылады: "жетекшілік ететін бағытқа сәйкес салада не кәсіп бойынша кемінде 6 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны кемінде 100 адам және орташа жылдық табысы 100 000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары болатын кәсіпкерлік нысаны басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымдарда кемінде 4 жыл жұмыс өтілі" бар адам министрдің оң қолына айнала алады.

Осылайша, Үкімет табысы 252,5 млн теңгеден асатын тиімді компаниялардан үміткерлер іздемек. Әрине, вице-министр болғысы келсе, топ-менеджерге компания табысын ашуға тура келмек.

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілетін талаптар жобасында бұл лауазымға шетелдік білікті мамандарды тарту қарастырылмақ. Бұл ретте кандидаттың жұмыс өтілі "Қазақстан Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия айқындайтын халықаралық немесе трансұлттық ұйымдарда басқарушы лауазымдарда жұмыс өтілі 1,5 жылдан кем болмауы" керектігі көрсетілген.

Әкімдерге қатысты да шектеулер бар.

Нақтылай кетсек, барлық облыстар және үш мегаполис әкімдерінің бірінші орынбасары мен орынбасарлары, облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдері атану үшін үміткер "сол орынбасар жетекшілік ететін бағытқа сәйкес салада не кәсіп бойынша кемінде 5 жыл жұмыс өтілі" болуға тиіс.

Соның 2 жылында "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімімен" айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарда, не "А" корпусының лауазымдарында жұмыс жасауы, не Парламент, өңірлік-қалалық мәслихат депутаты, сондай-ақ Жоғарғы, облыс және оған теңестірілген сот судьясы лауазымын атқаруы керек.

Бұған қоса осы лауазымнан облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалар әкімінің орынбасарынан төмен емес лауазымдарда, не орталық меморгандардың департамент басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не орталық меморгандардың және олардың ведомстволарының өңірлердегі аумақтық органдары мен бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде 2 жыл қызмет атқарғандар да үміттене алады.

Бұл жаңа талаптар Асқар Маминнің қазіргі командасына таралмайды.

"Талаптар саяси қызметке алғаш рет кіретін азаматтарға, сондай-ақ саяси қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарға қолданылады", – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Президент Жарлығына түсіндірме жазбада.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу