Әкімдік аула ішіндегі дүкендерді қиратуға кірісті

4222

Бірнеше жыл бос тұрған нысандар толығымен сүріледі.

Әкімдік аула ішіндегі дүкендерді қиратуға кірісті Фото: pavon.kz

Павлодар қаласының әкімдігі 2014 жылы "Green Store" ЖШС-не үш жер учаскесін екі жылға жалға берген болатын. Бұл серіктестік облыс орталығындағы Ак.Шөкин, 87, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 10/2 және Аймауытов көшесі мекенжайларында орналасқан көпқабатты үйлердің ауласында дүкен ашуды жоспарлады. Бір жыл аралығында үш бірдей павильон пайда болды. Бірақ кәсіпкер бұл павильондарды дүкенге айналдыруға аса асықпады. Сөйтіп жүргенде жалға алған мерзімі аяқталып қалды. Павлодар қалалық қала құрылысы және сәулет бөлімі жер теліміне қатысты ескерту жасаған тұста серіктестік басшылығы дүкен ашуға уәде беріп, тиісті жұмыстарды қайта-қайта кейінге шегере берді. Бұл уақыт аралығында үш павильон кезбелердің тұрақты мекеніне айналды.

"Біздің аулада дүкеннің салынуына қарсы екенімізді айтып келе жатқанымызға бес жыл болды. Павильондардың іші құрт-құмырсқа өріп жүр. Көктем келсе тышқандар көбейеді. Үй-күйі жоқ адамдар мен есірткіге тәуелділер бұл павильоннан шықпайтын болды. Қоқысқа толы павильоннан қолаңса иіс шығып тұратыны тағы бар. Балаларымыз үшін қатты қорқамыз. Еш керегі жоқ нысанды алып тастап, орнына ойын немесе спорт алаңын салып берсе екен дейміз", - деген тілегін білдірді Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 10/2 үйінің тұрғыны Лариса Титовец.

2018 жылы ауданаралық экономикалық соттың шешімі шығып, "Green Store" ЖШС үш павильонды да бес айдың ішінде сүруге міндеттелді. Арада бес ай былай тұрсын үш жылдан астам уақыт өтті. Кәсіпкер соттың ескертуін де назарға алар емес. Сондықтан жергілікті әкімдікке дүкен болуы тиіс нысандарды қиратуға тура келді. Алдымен коммуналдық қызмет техникалары Ак.Шөкин көшесіндегі павильонды бұзуға кірісті. Қалған екі нысанға қатысты соңғы шешімді қабылдау үшін жалға алушы кәсіпкерге тағы бір ай берілді. Бұл уақыт аралығында "Green Store" не дүкен ашуы, не олардың орнын тегістеуі тиіс. Әйтпеген жағдайда, екі павильонның орнын да әкімдік босатып береді. Ал кәсіпкер коммуналдық қызмет техникаларының шығындарын өз қалтасынан төлейді.

Бұл – Павлодар қаласында аула ішіндегі дүкендерге қатысты туындап отырған алғашқы даулы мәселе емес. Естеріңізде болса, бұған дейін "Бізге дүкен емес, ойын алаңы керек" деп жергілікті жұртшылықтың базынасын білдірген болатынбыз. Қайырбаев көшесі, 98 мекенжайындағы үйдің тұрғындары "Үй жанындағы дүкен" жобасының аясында сауда орнының салынуына қарсы шықты.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байхановтың айтуынша, тұрғындар облыс әкімдігіне хат жазып, сол маңда тұратын тек үш тұрғын дүкеннің пайда болуына келісетінін білдірген. Ал 54 адам "маған бәрібір" деген сыңай танытса, тағы 249 адам түбегейлі қарсы екенін айғақтап, хаттамаға қол қойған.

"Кәсіпкерге өткен жылдың жазында құрылысты тоқтату туралы бірнеше рет ескерту жолданды. Дүкенді орналастыруға болатын басқа жерлер ұсынылды. Бизнесмен олардың барлығынан бас тартып, дүкенді салды. Ал оны бұзу – жергілікті атқарушы биліктің емес, соттың шешімі", - дейді Асайын Байханов.

Бірақ кәсіпкер Тимур Нұрғалиев мұндай шешіммен келіспейді. Бұл – бизнеске жасалып отырған қысымдық, деп пайымдайды ол.

"Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жерді жалға беру туралы келісімшартты жасап, кейін біржақты негізде оны бұзды. Бұған тұрғындардың наразылықтары себеп болды-мыс. Яғни, әкімдік кәсіпкерге жер береді, оған инвестиция салып, уақыт жұмсап, құрылыс жүргізіп, кәсіпті кеңейтуге ұмтыласың. Екінші жағынан әп сәтте сол жерді қайта тартып алады. Жергілікті билік шағын бизнестің дамуына қолдау жасаудың орнына осылай қыспаққа алады", - дейді Тимур Нұрғалиев.

Кәсіпкердің айтуынша, ол дүкеннің құрылысына 16 млн теңге жұмсады. Бұл соманы "Павлодар" ӘКК қайтарып беруге әзір. Бірақ кәсіпкер мұндай байламның да дұрыс емес екенін алға тартып отыр. Сондықтан жарты жылдан астам уақыт жұмсап салған дүкенді бұзуға асықпайды. Асықпаған жағдайда жоғарыда аталған кәсіпкерлердің кебін киіп, ғимаратты әкімдік өз күшімен қиратады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу